ТАБЫСТЫҢ КӨЗІ – НӘТИЖЕЛІ ЕҢБЕК

18 ПӘТЕЛІ ҮЙДІҢ ҚҰРЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Ауданымыздағы М.Мәметова көшесінде орналасқан бұрынғы қирап қалған 18 пәтерлі үй «Жұмыспен қамту жол қартасы» аясында 1969,4 млн теңге қаралып  қайтадан қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын бұрын да жазып, хабарлаған едік. Құрылыстың қалай жүріп жатқандығын  бақылау мақсатында  18 пәтерлі үйге арнай ат басын бұрдық. Бұрын терезелері үңірейіп, төрт қабырғасы қалқайып, іші-күл-қоқысқа толып тұрған бұл ғимаратттың  түнемелік қасынан жүруге шыны керек  қорқатынбыз. Енді міне, қарасаң көз тоймайтын екі қабатты зәулім 18 пәтерлі үй сән-салтанатымен ауданымыздың басты көшесіне ерекше сән беріп тұр. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Шатыры мен терезелері салынып, көше жақ беті қапталып болған екен. Екінші жақ бетінде құрылыс қызу жатыр.

-Амансындар ма, жігіттер? Іске сәт! – деп  жоғарыда жүрген құрылысшыларға дауыстадым.

Бәрі қауырт жұмыс үстінде.  Әйтеуір біреуі:

-Сізге кім керек еді?- деді.

-Маған осы обьектіде жұмыс істеп жатқан ауданның құрылысшылары керек ,- дедім.

-Біз арқалықтық құрылысшылармыз, аудандыкілер ішті істеп жатыр, қазір төменге түсіріп жіберейін, – деді.

  Сүт пісірім уақыттан соң, сайдың тасындай жарқылдаған бес жігіт төменге түсті. Үстерінде жұмыс киімдері, өздері өте  көңілді екен. Быраз қалжыңдасып алғаннан соң, оларды сөзге тарттық. Аты-жөнін сұрастық. Олар –  Нұрлан Әбдіков, Талғат Жұмағалиев, Бауыржан Сайдалин, Азамат Бужаев, Қанат Қалиев деген жігітер екен.

–  Ал, жігіттер қандай жұмыс істеп жатсыңдар. Құрылысқа қалай келдіңдер?

Араларында  сөйлеп тұрған Азамат:

  –  Біз осы құрылысқа аудандық  жұмыспен қамту бөлімі арқылы орналастық. Әрине біз бұрында да ауданның барлық құрылысына ат салысып жүрген тәжірибелі құрылысшылармыз. Терезе орнатамыз, шатыр саламыз, бөлмелерді бөліп қалау сияқты жұмыстармен айналысамыз. Алдыңғы жылдары пайдалануға берілген 16 пәтерлі үй құрылысында да жұмыс істегенбіз.

– Міне, керемет! Бесаспап жігіттер екенсіздер ғой. Осы жұмыстарыңызға қанша төлейді? Жалақыларыңызға ризасыздар ма?

– Біздің әрқайсымызға 80-85 мың теңге айлық төлейді. Бос отырғаннан жақсы, әрине. Көп ақша тапқымыз келеді. Отбасымыз, бала-шаға бар дегендей. Казіргі таңда мына қымбатшылық бүйірден қысып, тапқан ақшаң ештеңеге жетпей қалады ғой.  Тәжірибе бар, бәрі де қолымыздан келеді. Түбі бригада құрып,  осы кәсіппен айналыссақ па деген ой да жоқ емес. Осыған ризамыз, ауданымызда құрылыс қарқынды жүріп, жұмыспен қамтып, нәпақамызды тауып жатырмыз. Істеп жатқан жұмысымыз  өзімізге ұнайды, – деді ағынан жарылып.

  – Рахмет жігіттер, қауырт жұмыс арасында  уақыттарыңызды бөліп әңгімелескендеріңізге! Табысты болыңыздар. Ауданымыздың көркеюіне көп үлес қосып жатыр екенсіздер, ертең балаларыңа мына үйдің құрылысын  біз салып едік деп айтып отырасыздар.

  – Әрине, қолымыздың табы қалған еңбегімізді айтып мақтанамыз ғой. Сізге де рахмет, істеген ісімізге назар аударып жатқан,- деп олар жұмыстарына кірісіп кетті. Көңілдер көтеріңкі, өз істеріне риза, бар ынта-жігерлерімен жұмыс атқарып жатқан жігіттерге мен де  риза болдым.

   Бұл жігіттердің сөзінің жаны бар. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған көптеген азаматтарымыз, ауданымызда жүріп жатқан  түрлі құрылыс нысандарында жұмыс істеп нәпақасын тауып жүр. Жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Мұратбек Сейілбекұлының мәліметінше ауданымызда М.Мәметова көшесіндегі 18 пәтерлі үйдің құрылысына 15 адам, Амантоғай ауылдық округі Жалдама орта мектебінің ағымдағы құрылыс жұмысына 6 адам, ауданымыздағы спорт мектебінің футбол алаңы құрылысына  7 адам, Қарасу ауылдық округіндегі  «Машдвор» бөгетін күрделі жөндеуден өткізуге  6 адам,  аудандық орталық аурухананың ағымдық жөндеу жұмысына 11 адам, Жалдама, Амантоғай  көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына 13 адам, Байғабыл ауылдық округінің  аудандық маңызы бар автомобилдер жүретін жолды жөндеуге 15 адам тартылған. Барлығы аудан бойынша 73 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл құрылыс жұмыстардың барлығы «Жұмыспен қамту жол қартасы» аясында атқарылуда.

   Жергілікті халықты жұмыспен қамту халықтың әл-әуқатынын артуына, тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне көп көмегін тиетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтанда  түрлі мердігерлер компаниялар құрылысты конкурспен ұтып алған жағдайда да, тұрғылықты құрылысшыларды жұмысқа алуды жақсы ұйымдастырып жатқан аудан әкімі Әмірхан Біркенұлының ықпалы зор. «Ауылына қарап, азаматын таны!» дегендей  ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы  бөлінген қаржыны дер кезінде алуға, ауданның білікті мамандарын ұйымдастыра білген білікті басшының іскерлігін көрсетеді. «Ұйымдастырған ұтады» деген осы емес пе? Ауданымыздың бүгінгі келбеті мен тыныс-тіршілігі көңіл қуантады. Мерейіңді өсіріп, алға үмітпен қарауға зор ықпалын тигізетінін айтпасада түсінікті.

Г.СМАЙЛОВА

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.