Бәрі де халық үшін

     Өрісі  өркен жайып, күнен-күнге көркейіп, көкжиегі кеңейіп келе жатқан ауданымызда тілге тиек етер толымды істер жетерлік. Аудан халқы казіргі таңда тырбанып еңбек етуде. Ауылдық жерлердің әлеуетін арттыру мақсатында мемлекетімізден әр түрлі бағдарламалар бойынша қаржы бөлінуде. Осындай қамқорлықтың игілігін  біздің аудан да көріп отыр. Бөлінген қаражатқа  тұрғын үй, жатақ

хана салынып, жолдар жөнделіп,  түнде жанатын шамдар жаңартылуда. Екі қолға бір күрек таппай жүрген көптеген азаматтарымыз  құрылыс жұмыстарына тартылып, нәпақасын тауып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Соған байланысты еріктілер ұйымы құрылып, ауданымыздың өркендеуіне, мұқтаж жандарға қол ұшын беруде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы Аманкелді ауылдық округінің әкімі Гауһар Мұратқызы  ЖАНДИЛЬДИНА  газетімізге сұхбат берді.

Биылғы жыл ауданымыз үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Жолдар жөнделіп, бірнеше құрылыс нысандары пайда болды. Ауданда бос қалған, құлап қалған ғимараттардың орнына зәулім үйлер бой көтерді. Әрине осы қайнаған жұмысты ұйымдастырып, ауданның  көркейіп жатқаны – аудан басшысының іскерлігін көрсетеді. Ауыл-аймақтың дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы жұмсалуына да тығыз байналысты. Бұл ретте ауызбіршілік пен ынтымақтың да алар орны ерекше. Гауһар Мұратқызы, таяуда  жағдайы төмен, аз қамтылған баспанасыз жүрген жанұяларға арналып жатахана берілді. Айтыңызшы  осы жатахана құрылсына жергілікті бюджеттен қанша  ақша қаралды? Қаражаттың игерілуі қалай болды?

     Б.Майлин көшесі №68 Б мекенжайында орналасқан бұрынғы  саз мектебінің ғимаратын «Аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтің мемлекеттік тұрғын қорының сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға арнап, ғимараттың ішкі құрылымына қайта өзгерту жұмыстары жүргізіліп, 11 пәтерлі жатахана  пайдалануға берілді.

  Жатаханаға жергілікті бюджеттен -15 млн теңге қаржы жұмсалды. Ғимараттың жалпы көлемі – 478,1 м2 құрайды. Қаралған қаржыға  шатырының ағаш қаңқасы қайта ауыстырылып, метал шатырмен (профлист) жабылып, қасбеті (фасад) қапталды. Әр пәтерге санитарлық қоңдырғылар мен желдету түтіктері орнатылды. Жылу жүйесінің құбырлары қайта ауыстырылып, радиаторлардың іштері тазартылды.Электр желісі мен қондырғылары,  едендері, есік терезелері ауыстырылды. Ғимараттың ішкі бөлме қабырғалары қайта қаланып, ауласы метал қоршаумен қоршалып, брусчатка төселді. Ғимараттын кіреберіс дәлізіне де тас төсеніші төселіп, жарлары қайта қапталды.

Бөлінген қаржы толығымен игерілді. Тіпті қаражат жетпей қалды! Өйткені құрылысқа қаралған  15 млн теңге деген қалада бір бөлмелі ғана пәтердің құны ғой. Ол ақшаны біз тиімді пайдаланып, жұмыскерлерді үнемі бақылап жүріп, 11 пәтерлі жатақхананың құрылысына жеткіздік!  Жетпеген соң  аудан жастарынан  құрылған «Біз біргеміз» еріктілер  тобы қол көмектерін көрсетіп,  ішкі   жұмыстарын атқарып берді. Жатақхана құрылысының аяқталуына ат салысқан еріктілер тобына  өз алғысымды білдіремін. Бірліктің арқасында баспанаға қол жеткізе алмай жүрген ауылдастарымыз пәтер кілтін алып, мәре-сәре болуда. Ал енді осы құрылысты арнайы бағдарлама аясында ауданымыздағы тоз-тозы шыққан ескі саз мектебі әдемі бір ғимаратқа айналды. Бос тұрмай жатақханаға айналды. Аудан басшысы «ауданда сынды бұзатын ғимарат болмау керек, сондай ғимараттар болса дереу бағдарламаларға ұсынып,  құрылыс жүргізу керек» деп айтқан болатын.  Мінеки, соның нәтижесі осы – 11 пәтерлік жатақхана.

  • Ауданды абаттандыру, жарықтандыру, көркейту жұмыстары жайында не  айтасыз? Ауданды абаттандыруда тұрғындар да белсенді түрде атсалысады ғой.

–  Биыл  аудан орталығындағы жарық  жетпеген  Байдаулетов, Т.Бодамбаев, Наурыз, Мәтібай ақын, Есщанов көшелеріне жарық шамдар мен қосымша желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаражаттан  қазіргі таңда 5 көшеге асфальт төселуде. Атап айтар болсақ, Кейкі батыр, М.Дулатов, С.Мауленов, Д.Божманов көшелеріне қиыршық тас төселді, алдағы уақытта асфальт төселіп, жол белгілері қойылады. Ал ауданға кіретін бас көше – А.Құнанбаев көшесіне тратуар салынып, көше бойына заманауи жаңа шамдар орнатылуда. Бұған дейін бірлі-екілі көшелер жөндеуден өткені болмаса, мұндай жобалар біздің ауданда жүзеге асқан жоқ. Бұл да болса  аудан басшысының охалықтың өтініш талаптарына құлақ асып,  мәселелерді орнымен шеше білгендігінің арқасы деп ойлаймын.

   Өздеріңіз куә болып отырғандай, ауылымыз жыл санап көркейіп келеді. Атап айтқанда, А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай осы көшенің кіре берісіне Абай атамызға арналған стелла орнатылуда. Сондай-ақ,  «Жастар» паркі, «Наурыз» алаңы, «Ана мен бала» саябағы, Аудан әкімдігінің алдындағы гүлзарларға шырай (петуня) гүлі отырғызылып бапталуда. Сол отырғызылған барлық гүлдер жайқалып өсіп, ауданға көрік беруде және «Жастар» паркіне қосымша 113 м2 брусчатка төсеу жоспарлануда.

-Жыл сайын шешімін таппай келе жатқан бір мәселе бар. Ол – малдың бағылуы. Мұндай жағдайда маңызды мәселелердің өз шешімін табуына тұрғындар да белсенді түрде атсалысуы керек. Осы орайда қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Рас айтсыз, осы мәселе күн тәртібінен түспей келе жатыр. Көктем шығысымен  малдың бағылуы жайлы  жиындарда  жиі айтып жүрміз. Аудан тұрғындарына «көшеге малдарыңызды  бос қоя бермеңіздер» деп ескертеміз. Жекелеген  адамдарға түсіндіру жұмыстарын жасаймыз. Соған қарамастан көшеде қараусыз малдар  өріп жүреді. Босып жүрген малдар көшені ластап, алаңдардағы жасыл екпелер мен гүлдерді  жеп, бүлдіру келеңсіздіктері де белең алуда. Осыған байланысты мал иелеріне екерту жасап, малдарын үйлеріне айдап апарып та бердік. Жеті рет ауыл тұрғындарына  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 бабының 1 тармағы бойынша «Ескерту» жазасы да берілді. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарын осындай келеңсіздіктерді болдырмауға шақырамын. Әрбір отбасы малдарына ие болғаны дұрыс деп ойлаймын. Таңертең уақытылы өріске айдап апарып, бақташының алдына салып жіберіп, кешке күтіп алса ғой. Өйткені көшелер кеңейтіліп,  жолдар жаңарып, тротуарлар жасалынып жатыр. Мекемелер жанында және  парктерде гүлдер өсіп тұр. Бос жүрген малдар сол еңбегімізді бірақ күнде тапап жеп кетсе, еңбек еш болмай ма? Оның үстіне көше ластанады. Аудан тұрғындары басты міндеті –  малдарына ие болып, аулаларын таза ұстау деп ойлаймын. Әрине, ауданымызда үй-жайларын таза ұстап, маңайларын абаттандырып, жеміс-жидек , гүл өсіріп жатқан тұрғындарымыз да баршылық. Оларды көріп марқайып қаласың. Ауданымызда абаттандыру жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді. Сондықтан аудан халқы малдары үшін айтқан сын-ескертпелерімізге түсіністікпен қараса деп ойлаймын. Барлығы да халықтың игілігі үшін жасалынып жатқан шаруалар ғой.

  • Гауһар, әлі де болсын ауданда атқарылған істен, тындырылуға тиіс тірлік көп. Алдағы уақытта халық бәрін түсініп, бірлесе жұмыс атқарады деген сенімдемін.  Қызметіңізге сәттілік тілеймін!

-Рахмет, бәріміз де аман болайық. Әрине атқарылуы  тиіс істер қаншама!? Алда мақсат, жоспар көп. Соңғы кезде   ауданымызда жақсы жаңалықтар көптеп орын алуда ғой. Тіпті бассейн құрылысы салынып жатқанда көп адам таң қалды. Тіпті көршілес аудандар «қаражатты қайдан аласыздар?» деп сұрауда. Мұның бәрі аудан басшысының инвестиция тартып, ел ағаларымен ауданды көркейтуге  сөйлесіп, пікірлесуінің және бағдарламаларды жіберіп алмай, жастардың кәсіппен айналысуын  қадағалап, талап етуінің арқасында деп ойлаймын. Әрине ауданды көркейтіп, осыншама қаржы тартып, жанталасып еңбек етіп  жүрген адам біреулерге жақпауы да мүмкін. Тырнақ астынан кір іздейтіндердің болуы да анық. Ел үшін атқарып жатқан еңбегімізге көз де тіл де тимей, ауданымыз өркендей берсін деймін.  Осы қысқа өмірде бір-бірімізді қолдап, ел азаматтарының атқарып жатқан ісін бағалап, өсек-өтірік айтпай, күндемей, жұмыс істеп жүрген азаматтарды қолдай білейік!   Еліміздегі жұқпалы індет тез жойылып, Алла Тағала ел қамында жүрген барша азаматтарға күш-қуат, денсаулық беріп, халқымызды және елімізді алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосыуға нәсіп етсін! Әрине, ауыл әкімі болу оңай жұмыс емес. Кейде тәртіпті күшейтіп, қатты айтуға тура келеді. Соның бәрі ел игілігі үшін ғой. Бауырмыз-бүтін, еліміз аман болсыншы!

Сухбатты жүргізген Г.СМАЙЛОВА.

Recommended For You

About the Author: Syntas

1 Comment

  1. Жарайсын Гаухар!!!Халыкка адал кызметине!Осы ауылдан шыккан сон жанын ашитынды тусинемын!Алдеде биыктерден корине бер жаным!Шыр айкалап жанынды тусинетын ,колдау корсететын бариде осы ауданымыздын халы ушын болган сон касында мыкты адамдар болуына тилектеспын.Биз биргемиз!!!Колдаймыз!!!Кай магынада болмасын Сен халыкка жумыс жасайсын.Сол ушын Халык саган дын Риза!!!Оркенын оссин!Аман бол!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.