ТАЗА АУДАН ТАЗА АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ

Аудан келбеті тек сәнді ғимараттармен, тротуарлармен, жасыл желегімен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан ауданның ажары оның тазалығына да байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстап, ақтап, сырлап отырса ауданға келген қонақтардың да құрметі артқан болар еді.
Біздің ауданымызда үлгілі аулалар жетерлік. Өз аулаларын көгалдандырып, ағаш көшеттерін отырғызып, айналасын мұнтаздай таза ұстайтын тұрғындар баршылық.

Аманкелді ауылындағы Ә. Дүйсенбин көшесіндегі №40 үйдің ауласы алыстан көз тартады. Бұл – Дәуітбаевтар отбасының ауласы. Қарапайым ғана үйдің айналасы мұнтаздай тазалығымен, жасыл желегімен көршілеріне үлгі болып отыр. Біз арнайы соғып, көрікті ауланы өз көзімізбен көріп, риза болдық. Құлпырған гүлдер, жасыл желекке көмкерілген аулаға сүйсінесің…


Бақ қонып, қыдыр дарыған қара шаңырақтың иесі атанып отырған Бекзада Дәуітбайұлы Есір ауылындағы Н.Мейірманов мектебінің меңгерушісі, ал жолдасы Айдарова Меруерт Қалиқызы аудандағы музыка мектебінде қобыз аспабынан дәріс береді. Бекзаданың өзі де өнерден құр алақан емес. Баян тартып, ән айтады. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, оларға ұстаздық етті.
Татулығы жарасқан өнерпаз отбасының ауласы да кірсе шыққысыз. Ауласына түрлі гүлдер, пальма ағашы мен жеміс-жидек ағашын өсірген екен.

-2005 жылдан бері гүл өсіріп келемін, яғни гүл өсіріп келе жатқаныма он бес жылдың жүзі болыпты. Отбасымыз үшін жыл сайын есік алдын абаттандыру дағдыға айналды. Гүлдермен қатар, пальманың «клещевина» деп аталатын түрін өсіремін. Қазақша «майкене» деп аталады. Біз отбасымызбен «пальма» дейміз. «Клещевинаның» отаны – Африка елдері, атап айтқанда Эфиопия мемлекеті. Оны ертеректе Египетте өсірген, одан Азияға таралған екен. Сол тропикалық өсімдік біздің ауламызда да өсіп тұр. Биіктігі 1-3 м жетеді, ал көпжылдық жабайы түрлері 10 метрге дейін барады дейді. Сондай ақ біздің елде көп тараған барқытгүл, ромашка, қызғалдақ, раушан гүлдерін өсіреміз. Гүлдерді өзім отырғызамын. Балалар суарады, арамшөбін жұлады. Отағасы дөнгелектерден, әр түрлі материалдардан гүл отырғызуға клумба істеп береді,- дейді Меруерт Қалиқызы.

Ауладағы гүлдерді күтіп-баптауға отбасы мүшелерінің барлығы бір адамдай ат салысады.Тіпті немерелері де ата – әжесіне қонаққа келіп, жеміс теруге көмектеседі. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше. Бекзада мен Меруерт үлгілі аула иесі ғана емес, көп балалы ата-ана. Саналы перзенттер тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отырған ата-әже.

-Өзіміз ұстаз болған соң бала тәрбиесіне көп көңіл бөлдік. Оларды еңбексүйгіштікке, қарапайымдылыққа, білімпаздыққа тәрбиеледік. Құдайға шүкір, балаларымыз сенімімізді ақтап, жақсы оқып, жоғары оқу орындарына түсіп, алды қызмет етіп, отбасын құрып, немере сүйгізіп қуанышқа бөлеп жатыр. Тұнғышым Перизат Қарағандыдағы Медицина Академиясын бітіріп, сол Қарағандыда врач-терапевт болып жұмыс істеп жатыр. Айзат атты екінші қызым Л.Н. Гумилев атындағы ЕНУ-ді бітіріп, Ақтау қаласына тұрмысқа шықты. Қазір КДЛ «Олимп» зертханасында жұмыс істейді. Мерейлім атты қызым биыл қызыл дипломмен КарГУ-ді бітіріп келді. Алла қаласа жұмысқа тұрады. Заринамыз биыл мектеп бітіріп, Қарағандыдағы Медицина Академиясына оқуға түсті. Кенжеміз Аруна мектеп жасында. Үш немереміз бар. Солар келгенде қызықтасын деп, әрі өзіміз «таза аула – таза ауа» деген ұғыммен есігіміздің алдын осылай хош иіске бөлеп, жылда абаттандырып отырамыз. Биыл пандемия кезінде уақыт болып, пальмаларды көбейттік.
-Біз ауламыз ғана емес, ауылымыз да таза болса екен дейміз. Әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңқайлары салынып жатыр. Мұның бәрі ауданның келбеті, тұрғындардың игілігі үшін. Соны кез-келген ауыл тұрғыны түсініп, тазалықты өз ауласынан бастап, қоқыс шашпай, оны өртеп жіберіп отырса, біріншіден, көршілеріне деген құрмет, екіншіден туған жерге деген сүйіспеншілік дер едік,- дейді Дәуітбаевтар отбасы.
Ауданымызда шаңырағынан шаттық лебі ескен осындай үлгілі аула мен өнегелі отбасылардың қатары көбейе бергей.

Өз тілшіміз.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.