ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ

1-Қазан -Халықаралық қарттар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы желтоқсанның 15-індегі № 45/106 қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Қазақ – қариясын сыйлаған халық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», – деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген. Қария – даналық көзі. Сөзі мірдің оғындай, ақылы терең, жүрегі кең қариялар қашан да ел мен елдің тыныштығын, ел ішіндегі татулықты сақтай білген. Абай атамыз «Бас-басына би болған өңкей қиқым» демекші, қарты бар ауылдың берекесі, бірліші бар. Себебі елдің ниеті, сөзі, ойы бір болу үшін, елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар дәйім керек. Сондықтан үлкенді сыйлап, сөзіне еру елді алауыздықтан сақтап, тыныштық орнауына сеп болады. Ақылы дария қариялардың көкірегі толы өсиет болмақ. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмас. Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған. Халқымыздың “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” немесе “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” секілді пәлсапалық мәні зор қағидаларының жасқа да, жасамысқа да бағдаршам іспеттес болуы – соның жарқын айғағы.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.