Ардагер атың – қашанда сенің ардақты

Кешегі-бүгінгі ұрпақ – бәріміз де анадан туып, отбасымызда, мектепте ұстаз алдынан тәлім-тәрбие алып, өмірге қанат қақтық. Кім болса да, белгілі бір жасқа келгенде: «Осы мен өмірде не тындырдым? Өмір сүрген қоғамым мен ауыл-ел, халқыма қандай еңбек сіңірдім?… Осы дәрежеге жету үшін кезінде үлгі-өнегесін алған алдымда саналуан тұлғалар болып еді?  Мен осы, солардың қайсысынан қандай ұлағат-өрнек ілдім?» – деп, өзіңе-өзің, тағы басқа  толып жатқан ойтолғау-сұрақ қойсаң,  онда оған берер жауабыңа кез келген адамның елең етіп, құлақ тосары анық…

      Сонау кеңестік заманның 70-80-жылдарында «Қарттар күні» болып белгіленген осы бір күнді біздің үлкен кісілеріміз мен ардагерлеріміз әдемі, сағынышты-сыпайы, үміт-ынтамен күтеді. Ең бастысы, сол күнгі басқосулары,  бұл күнгі бір-бірімен жүздесіп-кездесулері: тіпті ерекше  екені – өзінен-өзі белгілі. Біз қазақи қалпымызбен, салт-дәстүрімізге сай, бірінші кезекке: адаммен амандық-сәлемімізді, жүздесуді алдыңғы орынға қоямыз ғой. Оны жақсылап атап өтіп, ардагерлеріміздің кешегі лайықты, тер төккен, қажырлы еңбек-қызметтері мен жүріп өткен жолдарын қайта жаңғыртып, естеріне салу, қолдан келгенше сый-сыяпат жасап, жариялылықпен кейінгі ұрпаққа үлгі етудің шексіз пайдасы бар екеніне  едәуір жылдан бері көзіміз әбден жетті. Сондықтан да «Ардагерлер – асыл қазынамыз» деген қанатты сөз құлаққа жағымды, жүрекке жылы естіледі. Менің көптеген қатарлас замандастарым өзіміздің, киім-киіс, жүріс-тұрыс, бой-басымыз бен әлі де ширақ қимылымызға қарап, ыңғайда жастау адамдар қатарына қойып, алдымыздағы үлкендерді аға тұтып жүргенде, өзіміздің де ардагерлер сапына енгенімізді енді ғана байқағандаймыз. Оны «өзіңнен кейінгілерді көріп – қартаясың»   деген халықтық қағидадан білуге болады. Әртүрлі жағдайлармен туған ел жаққа барғанымызда: оның нақты, жанды мысалдарын көріп жүрміз. Әрине, бұл – қуанарлық жай. Ауылдағы алқалы жиындар мен мақсатты кеңес-отырыстарда кейінгілерге өрнекті үлгі-пікірлерімен, істің  ыдығын тап басып, жолын көрсететін нақты амал-тәсіл, тұрмыс-тірлікте жөн сілтеп, өмір шыңдаған тәжірибелі ұсыныстарымен көшбасшы болып жүрген: Мұқтар қажы мен Балтабай ақсақал, Айтбай Мұздаханұлы, Төлеутай Құтжанқызы, Нұрсұлу Сағиқызы, Бимағамбет Кенжебекұлы, Жеңіс Әбдікұлы, Есім Жетпісбайұлы, Сағидолла Жанділдаұлы, Беркімбай Құдықұлы, Мәмбет Тұрсынкүл Әбдірова, Токқұлұлы, Ағыбай Әбдікәрімұлы, Есет Бейсенұлы, Тоқтар Мақтағанұлы, Қыстаубай Серікбайұлы, Бимырза Нұрсейітұлы, Балға Нұрғожаұлы, Серікбай Шоңғалұлы мен Рәшид Серікбайұлы, ұстаз-тәлімгерлер: Зәуре мен Үмітжан, Ғалия мен Ғалиябану, Мәнсия мен Нұржамал, Мейрамкүл мен Күләштар,… тағы, тағы,  «Шүкір, тәубе!» үлгі тұтар, үміт артар ардагерлер қатары үзілген жоқ екен! Кәсіби мерекелері құтты болсын, қарттарымыз бен ардагер-үлкендеріміздің! Жаратқан Аллаһ бәріңізге де бейнетсіз ғұмыр берсін?!  Ел іргесі бүтін болсын!

     …Атамыз қазақ; « Өліні жебемей – тірі байымайды» демей ме? «Өткенсіз – болашақ жоқ». Еріксіз еске түседі: өткен асыл ағалар…!  

      60-ж.ж. – мектеп оқушысымын, ал 70-жылдардың ортасынан бастап мемлекеттік қызметке бірыңғай араласқан мен үшін: шәкірті болғандықтан, ата-анамнан кейінгі алғашқы үлгі-өнеге болған тұлға, оқытушы-тәрбиеші мамандығын таңдауыма бағыт-бағдар берген – алғашқы ұстазым Тәукенов Қоңыртай ағай мен өз ағам Әбділдин Нағашыбай еді. Қоңыртай ағамыздың мыңдаған түлектердің өміріне жол көрсеткен нұсқауын, бұл дүниеде тұрғанымызда, талайымыз әлі де, мың-мың мәрте айтып өтеріміз анық. Қазақта: «Қасқадан қасқа тумаса да – төбел туады» деген бар емес пе? Кеше ғана Ұстаз ағамыздың кенже ұлы Тәукенов Жансұлтан облыстағы іргелі аудандардың бірі – Қостанай ауданының әкімі қызметіне тағайындалды! «Әке көрген – оқ жонар…». Бұдан да әрі өрлей берсін, тас түлек, еліміздің өрені!

      …Комсомол қызметінде: Қосжанов Айтжан мен Нұрхан Ислямиев, ал қыры мен сыры, жазуы мен жазалауы, ұраны мен үгіт-насихаты көп партиялық қызметте – Кәки Шәріпұлы Ақан мен Ахметбек Қалиұлы Жұмабаевтан көп дүниені көріп-тоқыдым. Ең кереметі: барлық қызметтерімде де қарамағымдағы қызметкерлер өз қызметтерін жете меңгерген азаматтар мен қыз-келіншектер болды. Отыз жылдан аса уақытта қызметтес әріптестерімнің бірде-біреуі жұмысқа жарамай немесе тапсырылған лауазым жүгін сүйрей алмай, қызметінен кетуі дегеннің болмауы – бүгінгі күні айтуыма қандай жақсы-жарасымды! Осының бәрінің негізі – тегі, «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегенге тура келеді-ау?!  Кешегі қарттар – біз үлгі-өнегесін көрген ардагерлер – тегіс дүниеге қызықпайтын. Олар бізді кісінің еңбегін жемеуге, әділ де адал болуға баулыды. Өздері солай болғандықтан, біздің оларға ұқсамауға қақымыз болмады. Сондықтан солай істедік. Ал қызметінде әртүрлі жағдайда жұмыста, қызметте, шаруашылық міндеттерін атқаруда жіберген кемшіліктері мен қателіктері үшін партия қатарынан шығарылып, қызметтерінен шеттетілгендерді көрдім. Олардың, жазықсыз жапа шеккен, кейбіреулеріне араша да түстім. Онымды қазірде көзі тірілер ұмытқан жоқ. Қысқа өміріңді ісіңе адал, әділ болсаң – есейген шағыңда тынысың – кең, тұрмысың – тыныш, алдың – ашық, сәлемің өтімді болады екен. Жеңіс ағай – ұстаз-тәлімгерім кездескен сайын, құшағына қысып: «Осы елдің тауығының аяғының сынбауын тілейтін, тілегі түзу түлегім, амансың ба?» – деп бауырана басқанда,  «Жарықжұлдыз» ардагер ағалар мен туған жерімнің «Темірқазықтай» қарттары өзгеріссіз,  сол  болмыстарымен есіме түседі.

Әбдіқадыр Әбдірайымұлы – зейнеткер, саяси-тәрбие жұмыстарының ардагері

Recommended For You

About the Author: Syntas

1 Comment

  1. Аудан әкімі Әмірхан Біркенұлына ризамыз! Ауданның қарт кісілерін ұлықтап құрметтеп жатқанына көп рахмет!!! Праймеризге катысамын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.