ШУАҚТЫ ШАҚТЫ БІРГЕ ӨТКІЗГЕН ДОСЫМ ЕДІ…


Ертең, 2-ші қазанда Амангелді аудандық газетіне отыз жылдай басшылық жасаған, белгілі ақын, танымал журналист Мұсабаев Хамитбек Қуандықұлының бұл фани дүниеден өткеніне тура бір жыл толады. Артында қалған отбасы халқымыздың діни рәсіміне сай жылдық асын бергелі отыр. Хақаң, егер тірі болса, бес күннен соң осы айдың 7-ші жұлдызында 67 жасқа толған болар еді.
Төменде 2016 жылдың қараша айының жаңбырлы күндерінің бірінде Амангелді аудандық мәдениет үйінде Хамитбектің 63-ке – зейнеткерлік жасқа толуына арналған оқырмандар конференциясында сөйлеген сөзімді жариалағанды жөн санап отырмын.

Аудандық ғазет редакциясына әдеби қызметкер болып жұмысқа тұрғанда Хамитбек 19-да, мен 18-де едік. Мен газетке 1972 жылдың қырқүйек айының басында, Хамитбек – қараша айының ортасына қарай келді. Ол уақытта кәзіргідей ағылып жатқан машина жоқ. Қызметке Есірден жаяу қатынайтын.
Екеуміздің де әке-шешеміз ораза, намазын қаза қылмаған, ескі әңгімені көп білетін үлкен кісілер. Әрі Хамитбек те, мен де отбасының жалғыздары едік. Отбасылық тәрбиеміз, жасымыздың шамаластығы, әсіресе әдебиетке деген құштарлығымыз әсер еткен шығар, араға ай салмай бір үйдің баласындай болып араласып кеттік. Әңгімеміз бітпесе біріміздің үйімізге екіншіміз қона кетіп, ертеңіне жұмысқа бірге баратынбыз. Менің анам Хамитбекті, Хамитбектің анасы мені өз баласындай көретін, сенетін.
Кәсібіміз кітап оқу, тақырыбымыз – әдебиет. Олай болатын себебі: 1957-1964 жылдары қазақ ауыз әдебиетінің небір озық үлгілері көркем безендіріліп, баспадан жүздеген мың тиражбен шығарылып,ұлтымыздың рухани шөлін қандырды.
Хамитбек анасы Зейнепке арнаған өлеңінде :
Бақытты едім сенімен.
Анашым әр күн түнімен
Ескі жыр,қисса не түрлі
Беруші ең айтып әнімен!

Білгеннен бастап есімді,
Қыздырып оттай ішімді
Кім тапты сендей анашым
Арманшыл көңіл хошымды.

Бауырыңа үнсіз тығылып,
Жүрегім тулап,дүбіліп
Тыңдаушы ем соның барлығын
Елжіреп,жаным егіліп, – деп, анасына деген ыстық сезімін, балалық махаббатын, мәңгілік алғысын жыр жолдарымен жеткізеді. Бұдан біз болашақ ақынның халқымыздың ауыз әдебиетімен бесіктен бастап сусындағанын көреміз.
Біз сол кезде мектепке бардық, мектепте оқыдық. Кешке май шамның жарығымен, жиналған көрші-көлемнің қатысуымен дастан,жырларды әндете дауыстап оқитын едік. Әрі-беріден соң образға еніп кететін шақтарымызды еске алсам осы күні әрі күлкім келеді, әрі сол бір кештерді сағынамын.
Алаш арыстары туралы көпшілігіміз ол кезде ести қоймаған кезіміз. Оларды Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан кітаптарымен сауатын ашқан біздің әкелеріміз білетін.Аттарын атамағанымен өлеңдерін оқитын.Солардың бірі Хамитбектің әкесі ескіше сауаты мол, көкірегі ойау Қуандық ақсақал болатын. Әкесіне арнаған өлеңінде Хамитбек :
Ақын едің жазбаған,
Асыл едің тозбаған.
Тартсаңдағы тақсірет
Азамат едің азбаған, – дей келе
Шежіре едің жазулы,
Шешен едің азулы
Дәуіріңе кектеніп,
Үндемей өттің шектеліп.
Бірге өзіңмен, қиыны,
Ақындығың кетті өліп.
Буса да шабыт денеңді,
Сен жазбаған өлеңді,
Пір тұтып,әке,өзіңді
Көрейін жазып мен енді! – деп әке рухының алдында ант етеді.
Алаш арыстарының көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған, аманатын арқалаған қазақ әдебиетінің классиктері Сакен, Ілияс, Сабит, Ғабит, Мұқтар бастаған қазақ жазушылары ұлт әдебиетін әлемге танытты.Біз осылардың шығармаларынан сусынымызды қандырып, орыс және әлем Бұл мақтан үшін айтылып отырған әңгіме емес. Ол уақытта әдебиетке, жалпы кітапқа деген халықтың ынтасы зор болды.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Амангелді аудандық газет редакциясында жастары бір-бірімен тетелес Жұматай Сабыржанов, Әмина Мүржүсіпова, Әбжан Әбілтаев, Сейілбек Әбдіков, Төлеген Сейдахметов, Қонақбай Теміржанов, Сұлтанғали Бейсекеев, Самат Асқаров сияқты бүгіндері бірнеше кітаптардың авторлары, есімдері елге танымал болған талантты жастар көп болды.
Солардың ішінде қара мақаласының өзі очеркке бергісіз, өлеңі болсын, публицистикасы болсын жан тебірентер сыршылдығымен, сөз қолданудағы талғампаздығымен көзге түсетін Хамитбектің жазғандарын газет редакторы Әлмағамбетов Бөгетбай ағамыз ерекше атап отыратын. Қызметін әдеби қызметкерліктен бастаған Хамитбек көп ұзамай жауапты хатшы болды.
Бөгетбай Әлмағамбетұлы өзінің ұзақ та жемісті шығармашылық өмірінде 1916 жылғы Торғай көтерілісі туралы тарихи очерктер жинағын, Торғай бойында шығармашылықпен айналысқан ақын-жыраулардың өмірін зерттеп, кейінгі ізбасарларына бағыт-бағдар беріп, бірнеше кітап шығарды. Қарамағында істеген жастарды журналистік өнерге баулыды. Жоғарыда аттары аталған және басқа да көптеген бүгінде белгілі газет қызметкерлері Бөкеңді өзіне ұстаз тұтады, өздерін ағамыздың шәкірті санайды..


Бөкеңнен кейін редактор болған Әбдіхалықұлы Еренғайып көпшіл, көңілді адам еді. Бір басында артистік, әншілік, ақындық қабілеттер тоғысқан ағамыз Хамитбекті жауапты хатшылыққа тағайындап, кейін редактордың орынбасарығына жоғарылатты. Осындай ортада қалыптасқан Хамитбектің ақын боламын деген талабы жастай қалыптасты.Олай дейтінім, 1973 жылы Алматыға оқуға бірге бардық.Аймағанбетов Мұрат деген ағамыздың үйінде үш жігіт жаттық.Үшіншіміз Әлмағанбетов Қолғанат танымал қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтатын,өзі де өлең жазатын жігіт еді.Кейін ішкі істер саласында қызмет етіп подполковник дәрежесінде зейнетке шықты.Үшеуміздің де қол боста аңдитынымыз ақын-жазушылар.
Сол жылы Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Әнуар Әлімжановтың ұйымдастыруымен Азия, Африка құрлықтары ақын-жазушыларының халықаралық конференциясы Алматыда өтті. Келген делегаттар «Қазақстан» қонақ үйіне орналастырылды.Тістері мен жейделері ғана аппақ, көздерінің қарасынан ағы мол, жылтыр қара африкалықтарды сонда алғаш рет көрдім.
Өлеңдері мен әңгіме, романдарын қызығып оқитын ақын, жазушыларды көрсек,таныссақ, сөйлессек дейміз. Ауылдан барған бізге бұл да бір қызық.Сөйтіп бір күні Жазушылар Одағы үйіне барғанымызда екінші қабаттан Қадыр Мырзалиев түсіпкеле жатыр екен. Мен елп- етіп орнымнан қозғала бергенімде Хамитбек «Аптықпа» деп қолымнан тартты. Бұл не айтқысы келіп тұр деп бетіне қарасам: – Алла амандығын берсе, бір он жылда осы үйге біз де келеміз. Балалық жасамайық.Сабырмен барып сәлем берейік , – деді.
Ол уақытта бұл сөздерге онша мән бермеген едім. Кейін ойласам, Хақаң жасы он тоғыздан жиырмаға қараған сол кездің өзінде алдына үлкен мақсат қоя білген екен.
Міне бүгінде Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі, бірнеше әдеби сыйлықтардың лауреаты, ондаған жыр, зерттеу кітаптарының авторы менің досым Хамитбек Мұсабаев әдеби ортадан алшақ жүрсе де алдына қойған мақсатына жетті деп айта аламыз.
Хақаң отбасылық өмірде де арманына жеткен адам. Тағдыр сүйікті жар сыйлады, алтын асықтай ұлдар мен өзінің жолын қуып, ақындығы мен журналистігін қатар ұстанып келе жатқан қыздар сыйлады.
Өзінің туған жерін, оның табиғатын, халық арасынан шыққан тарихи тұлғаларды жырлаудан талмай келе жатқан Хамитбекке Алла мықты денсаулық, ұзақ шығармашылық ғұмыр берсін,туған жерінің, халқының абройын асқақтата берсін деген тілекпен сөзімді аяқтаймын. Х.Мұсабаев шығармашылығының әр тақырыптылығы,жыр жазудағы шеберліктері мен жаңалығы, өлең-поэмаларындағы Алаш тақырыбы, зерттеулеріндегі өлке тарихы тарау-тарау әңгімеге тиек болары сөзсіз. Ол енді бөлек әңгіме.
Осы қысқа естелігімді ықылас қойып тыңдағандарыңызға рахмет!-деп сөзімді аяқтаған едім.


Былтыр күзге қарай Хамитбектің сырқаттанып қалғанын естіген соң, көңілін сұрамақ ниетпен 28 қыркүйекте Амангелдіге барып, он жыл бірге оқыған сыныптасым, аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы міндетін абыроймен атқарып жүрген досым Дауылбаев Есімді ертіп Хақаңның үйіне бардық. Біз кіріп барғанда, риза болып қалды. Хамитбек төсегінің үстінде телефоның қарап отыр екен.Амандық-саулықтан кейін сырқатының жайын айтып біршама әңгімелестік.
Кенет санамда жарқ етіп «осы кездесуіміз соңғы болуы мүмкін – ау» деген ой келген мен: «Хақа, адамның болашақтан күтер үміті мол, өмірдің қызығына енді-енді ендеп келе жатқан шуақты жастық шағымызды бірге өткіздік. Күні бүгінге дейін бір-бірімізге деген құрметіміз ортайған емес. Бірақ адам пенде ғой.Бір себептермен артық-ауыс айтқан сөзім болса кешір»,- дегенімде менің неге бұлай деп отырғанымды сезген болу керек, біршама үндемей отырып барып, «Әрине» деп жауап қайтарды.
Сол күні түс ауа, жұбайы Гүлбаршынның дайындаған асынан кейін жолға шығып, Арқалыққа келген соң телефоныма қарасам Хамитбектен: «Шын достар ол ойды айтудан еш ыңғайсызданбайды.Басыңа қиын іс түскенде нағыз достың кім екенін білесің. Біреу күліп кетеді, біреу үндемей отырады.Біреуі шын жаны ашиды.Уақыт өзі-ақ екшейді» деген жазба келген екен.
66 жастың 40 жылдан астамын бірге өткізген Хамитбекпен соңғы кездесуім, қоштасуым осылай болды.
Алаштық рухты, ұлттық тәлім-тәрбиені бала кезінен бойына сіңірген Хамитбек Алланың бірлігін, пайғамбарымыз Мұхамбет Мұстафа с.а.с өмірін үлгі тұтып, жасы елуден асқан шақта намазға жығылып, ораза ұстады. Атасы Мұсабай қажының ізімен Мекке, Мәдинаға қажылық сапарға барып қайтты.Мұсылманның бес парызын толық өтеуге деген ниеті қабыл болған шығар деп ойлаймын.
Аудан орталығындағы Сатыбалды ишан атындағы мешіт алаңында өткізілген алғашқы намаз осы өңірдің төл перзенті, Алаш рухты ақын Хамитбек қажыға шығарылды. Амангелдінің түстік жағында орналасқан ескі қорымдағы Сатыбалды ишан мен шығармашылығын өзі көп зерттеп, жырларын арнаған Алаш қайраткері, құран қари ақын Файзолла ишан кесенесінің жаны Хамитбектің соңғы да мәңгілік мекеніне айналды.
Ертеңгі берілетін жылдық құдайы асы мен оқытылатын дұғаларының қабыл болуы рақымы мол Жаратушыдан болсын, Хамитбектің бақидағы орны пейіш болсын дейміз.

Бақытбек БАЙТЕМІРОВ,
қаламгер – журналист,
зейнеткер ұстаз.

(Жалғасы келесі санда)


Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған