АЛАШТЫҢ АЙТУЛЫ АЗАМАТЫ ЕДІ…

Былтыр әріптесіміз, төл журналистиканың талантты перзенті – Хамитбек Мұсабаев келмес сапарға аттанды. Қаламгер қазасы біздің төңіректің ғана емес, күллі қазақтың қайғысы болды. Хамитбек биік білімімен, ұйымдастырушылық-басшылық қабілетімен, ұлтқа тән мәдениетті мінезімен, жібектей жұмсақ тілімен, бауырмал жүрегімен, тағы басқа да абзал қасиеттерімен қатары мен әріптестеріне, үлкен менен кішіге, жалпы қауымға аса сыйлы болған жайсаң жан елі. Алашшыл ақынды өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері жақсы білемін. Бір ауданда бірнеше жыл жұмыс істедік. Жырлары ерекше өрнекпен өрілген Хамитбек Мұсабаевтың есімі көпшілікке таныс. Хамитбекте жүректің отымен жазылған өлең көп. Оның ақындық талантын жерлес ақындары жоғары бағалады. Хамитбек талантының табиғатын, бітім-болмысын, лирикалық нәзік тынысы мен эпикалық кең құлашын егіз қатар танытқан шығармалары – оның 11 поэмасы. Бұларда табиғат көріністері, адамдар жанының сұлулығы күй сияқты шертіледі. Ақынның тілінің көркемдігі мен байлығы, шешендігі мен айтқыштығы көзге түседі. Жақұт та жампоз жырлар ағытқан сұңғыла сырлар жүректі әлдилейді.
Ол ақындық қабілетімен бірге қоғамдық-саяси жұмыстарда белсенді болды. Өмірбаянына үңілсек, 1990-1992 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. 1994-2000 жылдар арасында 6ipiнші шақырылған Торғай және Қостанай облыстары мәслихаттарының алғашқы депутаттарының 6ipi болып сайланды. 1983 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі, Қостанай меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының лауреаты деген атақтары бар. Хамаң саналы ғұмырында «Аманкелді арайы» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. Туған топырағынан табан аудармай, қырық жылдан астам уақыт бойы ауданның баспасөз саласын дамытуға айрықша үлес қосты. Хамитбек Мұсабаев соңғы 17 жылдың бедерінде облыстық «Қостанай таңы» газетінің Амангелді ауданындағы меншікті тілші қызметің абыроймен атқарды. Аманкелді-Торғай өңірінде оның қаламынан мың-мыңдаған ер-азамат, небір абзал адамдар өз алдына, жер-суы, шалқар даласының әр түп жусанына дейін сыр болып ағытылып, жыр болып төгілді.
Хамитбектің жетістікке жетуінің бір бастауында жұбайы Гүлбаршын тұрды десек, қателеспейміз. Олардың таныстығы «Тың шұғыласы» газетінің редакциясында басталды. Егеменді ел болған тұста Хамитбек алаш қайраткерлері туралы көлемді поэмалар жазды. Соның бәріне көмектесіп, компьютерде басып, оның шығармашылықпен толық айналысуына мүмкіндік жасаған да жұбайы Гүлбаршын болатын. Тиісінше, Хамаң өмірлік жарын журналистиканың қыр-сырын меңгеруге үйретті. Екеуі де редакцияда жүріп, бір-бірін дамытты, түрлі қиындыққа төзе білді.
Қаламгермен қоштасу кезінде мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың айтқан сөздері сай-сүйегіңді сырқыратады. Расымен де, Хамаңның есімі мәңгілік жадымызда сақталуы керек. Ол үшін қаламгердің есімімен көше, қала берді, кітапхана, сынып кабинеттері аталуы тиіс. Бұл ұсыныс жергілікті тұрғындар тарапынан, атқарушы биліктен қолдау табады деп ойлаймын.
ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының үздігі, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, ақын Хамитбек Қуандықұлы Мұсабаев абыройлы замандас, адал дос, аяулы жар, ардақты азамат ретінде мәңгі жүрегімізде қалды.

Сапарғали АХМЕТЖАНОВ,
Аманкелді ауданының құрметті азаматы,
өнертанушы

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.