МІРЖАҚЫПТЫҢ ЖИЕНІМЕН СҰХБАТ

Монтай ӨТЕПБАЕВ, жыршы-термеші:

ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ НАСИХАТЫ ӘЛСІЗ

Терме – поэзия пен музыканың қабысқан түрі. Сол үшін де бұл синкретті өнерге жатады. Поэзия мен музыканың үйлесімінен туған термеде ән жанрына тән қайырма болмайды. Орындаушы термені е-е-е немесе ғы-ғы-ғы деген дыбыстарды қайталай отырып қайырады. Терме жанры қазіргі таңда заман ағымынан қалмай баяуда болса дамып келеді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші қазіргі таңда терме жанры жаңаша бағыт алған. Оның бірден бір дәлелі терменің эстрадамен орындалуы. Мысалы: Асан қайғы бабамыздың «Таза мінсіз асыл тас» термесін Алтынай Жорабаева, Тұрмағанбеттің «Елі үшін туған ер болса» термесін Өмірқұл Айниязов деген әншілер эстрадаға салып орындап жүр. Бірақ терменің бастапқы пішінін жоғалтпай, ақындардың поэмаларын сағаттап жырлайтын термешілер жоқ емес! Термеші – бойында әншілігі, ақындығы, шешендігі, жаттап алушылық қасиеттері қабысқан сан қырлы өнер иесі. Сондай термеші-жыршының бірі біздің ауданымызда бар. Солардың бірі – Өтепбаев Монтай Мырзаұлымен телефон арқылы сұхбаттасқан болатынбыз.

Монтай аға, әңгімеміздің әлқиссасын терме өнеріне қалай келгеніңізден бастасақ…

-Мен 1960 жылы, қаңтар айының 30 күні Жанкелдин ауданының Қызбел ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем- Мырза, шешем-Дариға бізді дұрыс бағытқа салып өсірді. 1977 жылы 10 жылдықты бітіргеннен кейін Арқалықта колледж бітіріп, 1979 жылы әскер қатарында алындым. 1981 жылы колледжді бітіріп, Арпи-дің биохимия факультетіне түсіп, отбасы жағдайыма байланысты оқуды аяқтай алмадым. Одан отбасылы болып, әртүрлі жұмыстар атқарып келдім. Әкем Мырза Торғай еліне танымал өмірден көрген-түйгені көп шежіре кісі еді. Сол үлкен қарт ақсақалдардың соңына көп еріп, тарихи әңгімелерінен сусындап өстім. Мен жеті жасымнан бастап домбыра үйрендім, одан әкем баян алып беріп, он екі жасымда баян тартып, мектепте балаларды сүйемелдейтінмін. Содан бастап дәстүрлі өнерді насихаттап термелер, толғаулар, бертін келе жыр жаттауға көңіл бөлдім. «Ат айналып қазығын, су айналып жазығын табар» деген әкеміздің өнеріңе талпынып жүріп, осы өнерді жаныма серік етіп, оны насихаттаумен келемін. Қазір не көп, әнші көп. Дегенмен даңғұр-дұнғырдан гөрі халыққа тәрбиелік мәні зор, «бір құшақ сабаннан бір уыс бидай алатындай» құнды дүниенің бәрі – термеде! Текті сөздің төресі-терме болғандықтан, елге, халыққа пайдалы нәрсе айтсақ деп, әкенің дәстүрін жалғастырып келе жатқан дүние ғой. Қысқасы, мені жыр әлеміне алғаш жетелеген – әкем.

Міржақып атамыздың туған жері Қызбелде тудым дедіңіз. Өзіңізді «Міржақыптың жиенімін» деп жүрсіз. Есірге қалай келіп жүрсіз?

-Ия, менің туым өскен жерім Қызбел топырағы. 1981 жылы Шөптікөл кеңшары ашылғанда, 21 жасымда қызмет бабымен келдім. Мамандығым – құрылысшы әрі байланысшы. Үстіде айттым өнер әке-шешемнен дарыды деп. Содан соң әсер еткен адам Міржақып Дулатовтың ұрпағы Сәрінжіп Дайыров болды. Бұл кісі көптеген дастандарды шебер орындайтын. Кішкентай күнімнен сол кісінің соңына көп көрдім. Үнемі өзімді Міржақыптың жиенімін деп айтып отырамын. Әкем Мырза 1910 жылы туған, 1994 жылы 84 жасында қайтыс болды. Анамнан 26 жас үлкен еді. Біз он баламыз. Мен баланың төртіншісімін. Сол он баланың ішінде өмірін өнерге арнаған менмін.

Ал аға, қазіргі таңда терме айтатын адамдар өте аз. Оған не себеп?

-Біз жетпіс жыл көршілес алып империяның боданында болдық. Көптеген ұлттық құндылықтарымыз көмескіленді. Соның ішінде терме де бар. Сол кезде мүлде терме айтылмады. Бірақ, біздің ауыз әдебиетіміз ұрпақтан ұрпаққа қағаз-қаламсыз-ақ жеткен. «Ел іші – өнер кеніші» деп ата-бабаларымыз бекер айтқан жоқ. Құйма құлақ ақын-жырау аталарымыз сол дәуірде айтылған жыр, терме, дастан, қиссаларды дәріптеп, осы заманымызға жеткізді. Кейбіреуі жоғалып та кеткен шығар. Бірақ көбісі айтылып жүр. Термені радиодан көп береді. Соған қуанамын. Қазір жыршы-термешілердің насихаты әлсіз. Олай дейтінім терме айтысы келетін жастар көп, бірақ қолдау өте аз.

Монтай аға, жыр қоржыныңызда қанша терме бар?

Қазіргі таңда 70-80-ге тарта насихат терме, 2-3 жырларды халық арасында айтып жүрмін. Соның ішіндегі маған ең жақындауы – Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы мен Нұрхан Ахметбектің «Қарғасы» және Нысанбай жыраудың «Кенесарысы». Терме толғаулардан көбінесе кешегі Алаштың арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды халық арасына көп насихаттаймын. Өйткені Торғайдың өзіндік ақындық мектебі, жыршылдық дәстүрі бар ғой. Торғай облысы кезінде 1996 жылы Ш.Исабаевтың 150 жылдығында жырдан 2 орын иелендім. Одан бұрын арасында айтыста да бағымды сынап, халық ықыласына бөлендім. 2012 жылы Қостанай облысы бойынша би-шешендердің сөзден жарысы болып, оған да қатысып 2 орынды иелендім.

Бұрын оқушы кезімде марқұм сынып жетекшіміз, химия пәнінің мұғалімі – Гүлнұр Тәшенова деген апайымыз болды. Өте қатал ұстаз болатын. Бір күні парталарды сыртқа шығарып, сыныпты сәндедік. Үйден текемет, кілем әкеліп, стол жайдық. «Қазір жыршы-термеші Монтай ағайаларың келеді, егер ол кісі орындаған жырды біреуін соңына дейін қозғалып, шулап, тыңдамайтын болсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер» деп ескертіп қойды. Сіз келіп «Құралай сұлуды» орындадыңыз. Сол кезде қорыққанынан тыңдап отырған оқушылардың өзі көздері жасаурап, ұйып тыңдап еді. Қазір Сізге шақыртулар түсе ме? Өнеріңіз ел ішінде қаншалықты дәріптеліп жүр? Ұзақ дастандарды жаңылыспай айта аласыз ба?

-Ауданда «Қарттар күніне» шақырады. Былайғы уақытта көп шақырту түсе қоймайды. Былтыр Қостанайға барып келдім. Сол «Құралай сұлу» дастанын оңашада отырып төгіп-төгіп аламын. Өйткені қазір заман басқа. Қазір жастардың мұндай ұзақ жырларды сіңіруге төзімі жете бермейді. Ғаламтор жүйесіне бағынған жастарымыз қазір домбыраны көп тыңдамайды. Термелеріміз де эстрадаға өтіп кетті. Шақырған жерлерде көпшілікке арнап тек үзінділер орындаймын. Термешілер конкурсына барып тұрамын. Сондайда байқайтыным көрермен аз. Сол аз көрерменнің өзі соңына дейін отырмайды. Негізгі қызметім өнер емес, кейде ауыр жұмыс күнінен кейін түнұзақ терме айтып, жыр толғауға күшім де жетпей қалады. Көп айтылмаған соң, сағаттап жырлайтын дастандардың көпшілігі кейде ұмтылып кетеді. Бірақ, арасында еске түсіріп айтып қоямын. «Құралай сұлуды», «Қарғаны» 1 сағат орындаймын. Әрине арасында халықтың сұрауы бойынша жиын-тойларда жырлап тұрамын ғой. Бірақ бұрынғыдай жиі емес.

Монтай аға, сіздің осы өнерге келуіңізге, терме, дастан айтуға ықпал еткен ол әкеңіз екен. Осы өнердегі ұрпақтар сабақтастығы жөнінде айта отырсаңыз…

-Қазіргі таңда отбасылымын. Жолдасымның есімі – Айткүл. Бес балам бар, әрқайсысы отбасылы болды. Үлкен қызым Данагүл 11-сынып оқып жүргенде термеден республикалық байқаудың лауреаты болды. Одан кейінгі Түгелбайым да айтысады, терме айтады. 2001 жылы Арқалықта «Ғасырдың жіігіт сұлтаны» атанды. Қызым Бигүлде терме айтады. Ал, Тобам айтыс өнерінде танылып жүр. Оның да арасында терме айтатыны бар. Қазіргі таңда Нұрсұлтан қаласында қызмет атқарады. Кенже қызым Нұргүл Мейірманов мектебінде іс жүргізуші болып қызмет істейді. Балаларымның барлығы да өнерден құр алақан емес! Қазіргі уақытта жас ұрпақты бұрынғы ақсақалдардың ұлағатты сөздерімен сусындатып, дәстүрлі би шешендердің, зиялылардың айтқан өсиеттерін бойларыңа сіңіріп өсіру негізгі мақсатым болып табылады.

-Сонда сіздің өнеріңізді өз балаларыңыз ғана жалғастырып отыр ма?

– Егер маған терме айтқысы келетін жастарды жинап, «аға, терме үйретіңіз» деп сағат берсе, аянып қалмас едім, небір толғауларды, дастандарды үйретемін ғой. Әзірге тек өз балаларымның қызығушылы бар.

Аға уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

-Саған да көп рахмет, балам! Міржақып атамыздың туған күні-бар қазақтың туған күні! Әруағы бізді желеп-жебей берсін!

Ақнұр МҰСАБАЕВА

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.