ТІЛЕМІС ШЕШЕННІҢ ШӨБЕРЕСІ

ҚАЙЫРЖАН  БАЙПАҚҰЛЫ   МАҚАНОВ

Қостанай облысы, Аманкелді ауданының орталығындағы  орта мектептің бір сыныбында  бірге оқығандағы  балалық достығымыз соңынан, өмірлікке таңдаған мамандығымыз арқылы бұрынғыдан да бетер жалғасып, сырлас та, мұңдас та болып, музыка өнері саласының өңіріміздегі, тіптен, одан да тысқары жерлердегі өркендеп, дамуына нақты үлестерімізді қосып, еңбектеріміздің жемістеріне, шәкірттеріміздің шынайы ниеттеріне, енді, сол шәкірттеріміздің қанаттары қатайып, байтақ еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулыларына айналғандарына куә болған жасқа да келіп қалыппыз.

-Осы сала бойынша,Астана қаласындағы  Өнер Академиясының қазақ халық аспаптар бөлімінің ұлағатты ұстазы, «Құрмет орденінің» иегері,Қ.Р.Мәдениет қайраткері, профессор Орынбай Дүйсеннің жұмыс бөлмесіне сәлемдесе бара қалсаң болды Орекең көптеген әңгімелерінің бір бетін ашып:  -Қайыржан  ағамыздан  үйренеріміз көп! Біздің қатарлар ғана емес, кейінгі толқын іні-қарындастарымыздың,  шәкірттеріміздің үлгі алар,Ахмет Жұбанов,Латиф Хамиди,Құддыс Қожамияров, И.Дубовский…т.б. сияқты есімдері ел есіндегі алыптарды көріп, кейбіреулерінің алдарынан дәріс алған, мақтан тұтар  ақсақалымыз ғой. Мен ол ағайдан  тікелей дәріс алмасам да, силас,құрмет тұтар  бауырымдай санап, жиі еске алып, тіпті, көптеген күйлерімнің біреуін арнап та қойдым…  –деген ұзақ әңгімесінің бір үзігін  желдірте жөнелетіні есіме түсіп отыр.

Ал, бұрынғы  (өкінішке орай бағы жанбай, жабылып қалған) Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында негізін қалап, бұрынғы Кеңес елі ғана емес, Еуропа, Азия елдерінің-  өнер туындыларына немқұрайлы  қарамайтын  қалың тыңдармандарына,өзінің өте тартымды да өзіндік  өрнектердегі  концерттік  бағдарламаларымен көпшілікті тәнті еткен «Шертер»  ансамблінің құрамындағы , шағын орындаушылық  топтың әрбір  мүшелерінің      табиғи  дарын иелері  екендіктерінің бет жүздерін ашуға көркемдік те, көрегендік те жетекші болған Қайыржан  Байпақұлының өткен ғасырдың 70-90-жылдарындағы  күндіз-түнгі дамылсыз  төккен маңдай  терінің нәтижесі, бұл күндері аңызға айналған. Кезінде  «Шертер»  ансамблі және оның көркемдік жетекшісі  осы Қайыржанның еңбекқорлығы ,  Еліміздің  бетке ұстар мақтанышы, қоғам қайраткері, марқұм Өзбекәлі  ағай Жәнібековтың  шынайы лебізіне иеленгені де  көпшілікке аян.Бұл әңгімені «Шертер» ансамблінің құрамындағы  әнші, күйші, биші, көркем сөз шеберлерінің әрқайсысыларын  сөйлете қалсаң, ағынды да арынды  бұлақтай  төгілте жөнелетіндері  сөзсіз.

Қайыржан Байпақұлының Алматының Құрманғазы атындағы  Мемелекеттік консерваториясында оқып жүрген жылдарындағы жазғы демалысы кездеріндегі , өзінің кіндік қаны тамған  Аманкелді ауданының мәдениет бөлімінің жанынан құралған  концерттік  топтың бел ортасында болып, Құрманғазы,Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір … сияқты халықтың сүйікті композиторларының  қазыналы күйлерін ең жоғарғы деңгейде орындап, қарапайым қалың  тыңдаушыларын сусындатып, мейірлерін қандыратынын ел іші әлі де ұмыта қойған жоқ, өкінішке орай жоғарыдағы есімдері аталынған, аталынбай қалған халық композиторларының  асыл мұраларын кәсіби деңгейде Аманкелді,Науырзым аудандары өңірлеріне ең алғашқы таныстырушы да осы Қайыржан екендігі туралы өте аз, жазылып та айтылып та келеді..

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының  бас кезіндегі нұрын төгіп, жадыраған жаз айларының бірінде, Қайыржанның тікелей ұсынысы бойынша, екеуміз арнайы концерттік бағдарлама дайындап, Аманкелді аудандық  мәдениет бөлімінің машинасымен Науырзым ауданының  өңіріндегі  ауылдарды ( алты ауыл)  аралап, Моцарт, Бетховен, Глинка,Чайковский… сияқты  композиторлардың төл шығармалары  түгілі  кейбіреулерінің есімдерін де алғашқы рет естіген тыңдармандардың ризашылықтарына  бөленгендерімізді сол өңірдің сол кездегі куәлары , екеуміздің  жастық батылдығымызғымызбен  орындалынған шығармаларымызды аңызға бергісіздей әңгімелеріне  желі қылып келеді.

         Уа! Дөңгеленген дүние!

         Өтпелі өмір өтпелі.

         Өмірдің қысы, көктемі.

         Әндетсе  қаздар сары ала,

         Қоңыр күздің жеткені…

         Қара нардай қайыспас,

Қайран  шіркін, жастық шақ,

         Ол да алыстап кеткені…

–деп жырлайтын жыраудың ұзақ толғауындағыдай, бұдан алпыс   жылдай бұрынғы  Қайыржанмен  бірге болған  сол бір алыстап кеткен  күндерім  есіме түсіп отыр.

Концерттік ол сапарымызда Қайыржан домбырада, мен баян  аспабында  сүйемелдеуші болып, ашық аспан астында , машинаның үстін  сахна төріне айналдырып, тыңдаушы қалың көпшіліктің талай мәрте ризашылықпен соққан қол шапалақтауларына  кенелгеніміз шынайы шындық… Өкінішке орай  Аманкелді өңірінің-мен музыкантпын-дегендердің, осы дәстүрді жалғастыра алмай келеді…. Мен, тіпті,  сол Аманкелді ауданының орталылығында, соңынан, Арқалық қаласында үрмелі аспаптар  және орыс халық аспаптары  оркестрлеріне  жетекшілік жасап,бұл оркестрлердің құрамдарында болған кейбір түлектер-Новгород (Кравченко Александр-кларнет),Свердловск (Зайнчуковский Александр-баян, балалайка),  Нижний-Новгород (Икштадт Александр-баян)…және Алматы мен Астананың \ консерваторияларының түлектеріне айналып, кәсіби  музыканттардың ұстанымдарымен,сол өңірлердің қалың тыңдаушыларының  шынайы ілтипаттарына  иеленіп жүргендері де шынайы шындық.

                   «…Өміріңді сарп қылып, өлгенше,

                   Жоба тап, жол көсрсет, келешек қамы үшін.

                   Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің,

                   Барыңды, нәріңді  тірлікте бергейсің.

                   Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

                   Шын бақыт, осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің…

деген  ғұлама ақын Шәкәрім атамыздың өсиетіне берік Қайыржанның  өнер саласындағы  қалдырып отырған іздеріне аз да болса шолу  жасауды өзіме  парыз санап  отырмын.

Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Еліміздің су жаңа астанасының орталығында  қазағымыздың  халық аспаптары оркестрінің көркемдік  жетекшісі, соңынан,  Республикалық Филармонияның концерттік бағдарламаларындағы орындалынатын әрбір дерлік шығармаларға түсініктеме беріп, шығармаларпдың қысқаша мазмұны, құрылым, құрылыстары  және сол туындылардың авторлары туралы жан-жақты да біршама толық мәліметтерге негізделінген баяндама жасауы, оның өнер саласындағы ізденітеріне толы сүбелі үлестеріне  жатады. Бірнеше жылдарға созылған  осы және басқа да еңбектері лайықты бағаланып,  бұл күндері (Президенттің, Министрдің, Қалалық Мәслихаттың алғыс хат,Марапаттауларын есептемегенде) Қайыржанның төсінде:

  1. ҚР Мәдениет Қайраткері;
  2. «Құрмет» ордені;
  3. Аманкелді ауданының Құрметті Азаматы…

белгілері  жарқырайды.

         Қайыржан Байпақұлының қаламынан  көптеген күйлер мен әндер және күрделі концерттік шығармалары,  концерттік бағдарламаларда орындалынып, радио желістерімен теле арналарда  естілініп, көрсетілініп  жатады және оның «Қазақ халқының 1000 күйі» атты  оқу орындарына оқулық құралына лайықты еңбегі де бар.

         Қайыржанның тағы да бір қыры-аты аңызға айналған Сегіз Серінің шаң басқан  туындыларын зерттеп, ол туралы  көмескіленіп бара жатқан  деректерді жинастырып, бірнеше жылдар бойына ізденісте жүргенін  көпшіліктің біле қоймулары да әбден мүмкін.

         Оның қолында Ахмет Байтұрсыновтың  өзінің төл туындыларын өзінен бұрмалап, бұл күндері халық әндеріне айналып бара жатқан әндік мұралары жөнінде де  құнды мәліметтер баршылық.

         «Атақты ағартушы,Ұлы Ұстаз Ыбырай Алтынсариннің жазған 111-томының 186-бетінде Тілеміс, Байтілес деген кісілердің есімдері аталынған.Әрине, есімі аңызға айналған қазағымыздың мақтанышы Ыбырай атамыздың қаламына  есімдері ілігу үшін, ол адамның  тамаша  адамгершілік, не ақындығын, не шешендігін, не көп бастаған  көсемдігін дөп басып, танығандығына  шүбә келтіруге  болмасы айдан анық.

         Енді осы Тілеміс кім?  Соған  тоқталайық.

Тілеміс Архарұлының руы Арғын ішінде Қараман деген атасына жатады.От ауызды ,орақ тілді , тапқыр да  айтқыр Тілеміс есімін Арқа мен Сыр, Торғай танабы тегіс біледі…

Тілемістен-Татай, онан Байпақ,ал, Байпақтан  Қайыржан туады…  

         … Тарихта Торғай қаласының 1845-жылы салынуы туралы  дерек бар. Оның салыну  мақсаты  патша өкіметі  Торғайды-Орынбор, Ташкент сауда жолына пайдалану болады.

         1865-1866-жылдары Торғай сауда жолымен Ташкенге кіре тартылады. Жүргіншілер Сыр елін басып өтеді.  Осы өңірде Досбол (Балаби) Датқаның барын естіп, бұрылып сәлем  бермекші болады, кірешілердің жас жағынан кішісі  Тілеміс  сол кезде 22 жаста екен.

         Жолаушылардың қай елден  келе  жатқанын  атқа басқан  таңбадан  таныған  Досбол өзінің  Арғынға  күйеу екендігіне басып,  балдыздарын әзілмен қағыта жөн сұрай  бастайды.

         Арғынның Таз  деген атасына жататын  атақты  Бабақайды ( бұл кісі  туралы Ы.Алтынсарин 111 томына жазыпты)  нұсқап-жар басындағы су бүркітше тұмсығы  имек бітіп, ауызы  құлағына жеткенше асаймын деп отырған  мынауың кім?-депті.Бұл кісі  атақты Таз руынан Абылдың  баласы  Бабақай депті,қасындағылардың  бірі.

         Руы Өтей Ағытайұлы Әлімбайға қарап ( көсе кісі екен)

         -Мынауың кім?-иегі жалаң аяқ жас баланың өкшесіндей жып-жылтыр. Қасындағылар оның да аты –жөнін айтып таныстырады.

         Арғынның Қараман атасына жататын  бойы ұзын, түрі қара еңселі жігіт ағасы Арғынбайды нұсқап:

         -Қарсыдан қашқан  қара маяға ұқсайтын мынау кім, әй?

         -Шіркін-ай, Сырдан өткізіп жіберсе екі-үш күнде елін табар жануар екен- депті.

Кезек Тілеміске тақағанда Тілеміс  тұрып:

         -Уа, Датқа, балдыздарыңды  деп пе еді біреу датта. Біреуімізді  олай, біреуімізді  бұлай дедің, өзіңді шын артық  жаратқан Құдай дедің.  Қалмаққырғанның  (өзеннің аты)  екі жағына  тебіндеп жаңа  шығып келе жатқан  ақ шидеге ұқсап,сақал-шәш  ағарғанда, кім деп отырсыз? Жеткізген Датқалық ақ арманға. Ол шамасы апамыздың  күтімімен,үйінің түзу шыққан  түтінімен, алысты  жақындатып, жақынды бауыр бастыратын көңілінің  бүтіндігімен  де болған  дүние шығар.  Бізді де тыңдаңыз-депті.Сонда  Досбол Датқа балдыздарын  кезек-кезек  шақырып беттерінен сүйіп,-Сендерді сағынып көрген соң  айтып жатқан  базынам ғой. Тілемістің қолын алып,-Шіркін-ай, шет жерге  дауға  салатын жігіт екенсің- депті.

         (Н.Бектемісов.»Ахмет ұшқан ұя» 97-100 б. үзінді. «Ел Орда»  Астана,  2001)

Бұл үзінді  Қайыржанның арғы тегі текті екендігі туралы  деректерді нақты түрде толықтыру үшін әдейілеп алынып отыр.

         Қайыржан Байпақұлының  Торғай Облыстық Филармонияның басшысы одан әрі Арқалық  қаласындағы Музыка училищесінің басшысы  болып, училище  түлектерінің  есімдері  республикамызданда да тысқары жерлерге мәлім екендіктері туралы ұзақ әңгімені  менен де басқа айтары барлар жалғастырар  деген  үмітпен  сөз кезегін соларға қалдырғым келіп отыр.

         Қайыржан туралы Құлан, Әубәкір Қылышбайұлының «Құлан қыпшақ Кейкі  батырдан соң» кітабының 36-бетінде,  (Арқалық, 1997) және атақты Өзбекәлі  ағамыз Жәнібековтың   естелік кітаптарында  тартымды пікірлер жетерлік.

         Арқалық қалалық, Амангелді  аудандық, Қостанай облыстық және республикалық газеттердегі  жәрияланған мәліметтер де бір төбе.Осындай естеліктердің бірінде Торғай өңіріне концерттік сапармен келген  бұрынғы Кеңес елі бойынша атағы  жер жарған,ССРО-ның Халық Әртісі, Халық Қаһарманы, есімі аңызға айналған әнші –апайымыз Роза Бағланованың  жол серігі болған Қайыржан туралы бұлбұл Апайымыздың жылы лебізіне куә болған ҚР Жазушылар Одағының  мүшесі, қалымды қаламгер,қалың оқырмандардың ықылыстарына бөленген, тілі шұрайлы бірнеше кітаптың авторы   Жақсылық Жүнісовтың  суреттемесі еріксіз есіңе оралады.

         Қайыржанның, жап-жас, түрі келісті Байпақ ағамызбен ерекше сымбатты, қарасаң көзің тоймайтын көркем, мінезге бай Би-Апамыздың  келісті отауының ең алғашқы  тұңғышы болғанымен, қамқорлығы, мейірімінің нұрлы  шуағы ерекше де молынан төгілген Әжесінің баласы болып, тамақтың тәттісін жеп, киімнің жақсысын киіп өскенін көрген аз-мұз қалған куәлардың біріміз. Байпақ ағамыз, сөзге шешен, өнердің әр саласынан молынан хабары бар, аудан басшыларының бірі болған,еліне елеулі, халқына қалаулы , ағайын-туыстарға қабағы ашық, қонақтары күліп аттанатын түтіндері түзу шыққан жас отаудың, Аз нәрсені-көптей қылып, Көп нәрсені көлдей қылып, Шаңырағын аталы, Дастарханын баталы етіп, қадамы құтты , үбірлі-шүбірлі , балалы-шағалы , берекелі де мерекелі үйдің  сұлу Бәйбішесіне айналған Би-Апамыздың аналық жылуының  тәлімді тәрбие мектебінен өткеніне  ел куә.  

Кезінде аттары аңызға айналған  данышпандық, көрегендік,  тәрбилік мәні зор асыл сөздері келешек ұрпақтардың жадтарында сақталынған МӨҢКЕ бидің тәрбиесінде болып, батасына кенелген, соңынан, дуалы ауызды қазағымыздың  Төре биі Төлебидің көмекші Бала Биіне айналған ДОСБОЛ биді,  өзінің айтқырлық, шешендіктерімен мойындатқан ТІЛЕМІС атамыздың шөбересіҚайыржан туралы айтарымды да, жазарымды да шектеп,  Өнер зерттеуші-сазгер Қайыржанға- Құйын қуған желмен тең- балалығыңды,Дауыл соққан көлмен тең- 25-іңді,Ағып тұрған селмен тең-35-іңді,Аю өтпес белмен тең-45-іңді,Қайрат-күшің қалпыңдағы-65-іңді, Жетпісі түгілі Сексенінде де серілігің басылмаған асу,белдеріңді артқа тастап,Көрікті түр-түсің мүжілместен,Тік иығың бүгілместен, Отыз тісің бүтін, жағың солымастан,Қырағы екі көзің аман,Шамалы қашықтықтағы  дыбысты қағып алатын екі құлағың сау, аяқ-қолың сүйемелсіз желіп жүріп, көп алдында домбыраңнан күйлерді төгілтіп, ара-кідік әндетіп, топ алдында айтар  қазыналы ойларыңды түйдек-түйдек төге   жүріп,  алқынбай жеткен сексеніңнен- тоқсан, жүз асып, қоғамға қажетті, келешек ұрпаққа базарлық боларлық  құнды да    ұшқыр пікірлеріңді  үшкір қаламыңмен қағаз беттеріне түсіре беруіңе шабыт,  молынан дерлік  деніңе  саулықты шынайы  тілеген тілегімді және Түбірлі де киелі  әулеттің өзіңнен бастау алып, орман болған  ұрпақтарыңның ақсақалды да өр мінезді  абыз атасы, ұрпақтарыңның  ақ жаулықты  таудай әжесі,дәм-тұзың жарасқан Бәйбішең Тыныштықпен қол ұстасқан,еңбектері келісті,еккендері жемісті  ұғымды ұлдарыңмен  қылықты қыздарыңның, бірге туған бауырларың мен олардан өрбіген ұрпақтардың   түтіндері түзу шыққан шаңырақтарынан өрбіген немерелеріңнің қуанышын, олардан тараған шөберелеріңнің бақыттары асқан, күмістей сыңғырлаған  үндері мен күлкілеріне малынған, ақжарқын да алаңсыз өмірлерің ұзағынан болып, Еліміздің тыныш,  мерейі үстем, туының, тілінің тұғыры берік, аспанының ашық, халқы мен билерінің  араларында ынтымақ, дұшпандардың алдауына көнбейтін, арбауына жүрмейтін жарасты тірлік болып,  бабаларымыз арман еткен тәуелсіздігіміз сұсты көзден, сумаңдаған тілден мәңгілікке амандықта болғай деген тілегімді қабыл ал.

Еркін Қожахметұлы

Нұр-Сұлтан қаласы

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған