АМАНКЕЛДІДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Аманкелді ауданы орталығында  тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Алдымен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов онлайн мәжіліс өткізіп, Меңдіқара, Аманкелді, Наурызым аудандарында пайдалануға берілетін 18 пәтерлік үйдің және бірнеше спорттық нысандардың ашылуымен құттықтады. Онлайн мәжіліске пандемия талаптарын сақтай отырып, аудан әкімі және пәтерге ие болған аудан тұрғындары қатысты.

Аманкелдідегі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынған кешен екі  қабатты  үйден  тұрады. Онда екі және үш бөлмелі  18  пәтер бар.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан  әкімі  Әмірхан Біркенұлы Асанов  жаңа қоныс берекесі мен ырысы мол үлкен ордаға айналуын тілеп, аудан  тұрғындарын  Президент  күнімен құттықтады.

-Аманкелдіде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді.  Алдынғы жылдарды айтпағанда биылдың өзінде 11 пәтерлі жатақхана маусым айында пайдалануға берілді. Енді бүгін 18 пәтерлі тұрғын үйдің лентасын қию қуанышында тұрмыз,- деді аудан басшысы Әмірхан Асанов.

Жиын барысында пәтер алғандар сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдіріп жатты. Солардың бірі, жас ұстаз – Гүлім Жақыбаева.  

– Мен ұстазбын, анамын. Бұл кезге дейін пәтер жалдап келдім. Үйдің кезегіне тұрып, кезегіміз келіп, пәтерлі болып қуанып жатырмыз. Аудандағы пәтерге мұқтаж адамдардың тілегін іске асырып жатқан облыс басшысына да, құрылысты салуға жоба жасап, оны іске асырып жатқан аудан басшысына  ризашылығымды білдіремін. Мен сияқты үйсіз, баспанасыз жүрген жастарды қуантып жатырсыздар! Алла Сіздердің де қуаныштарыңызды еселей берсін,- дейді Гүлім жиын барысында.

Аудан орталығында ауданның сынын бұзып тұрған тағы бір ескі ғимарат енді жаңаша сипат алып, 1268 шаршы метрді  құрайтын  көп пәтерлі тұрғын үйге айналды. Оған бюджеттен 169 млн теңге  қаржы бөлініп, құрылысты «Алюминстрой» ЖШС  айтылған мерзімде сапалы орындап шықты.   Мейрам қарсаңында бірнеше жас отбасы, жас мамандар, асыраушысынан айрылған жастар, көп балалы аналар баспаналы болып, пәтерге шын мұқтаж жандар мәре-сәре болып қуанып  жатыр.

Аудандағы көп балалы аналардың бірі Бану Мұқатова:

-Мен көп балалы анамын. Сондықтан болар  маған аудан басшылары, ауыл әкімі, жұмыспен қамту бөлімі барлық жағынан көмектесіп тұрады. Енді бүгін кезегім келіп, пәтерлі болдым. Қуанып тұрмын. Аудан басшысына ризамын. Үй беріп қоймай, көп балалы ана деп сый-сыяпаттарын жасап жатыр. Мың рахмет!,- дейді Бану алғысын  білдіріп.

Сондай-ақ, Қуанышгүл Нұрбаева, Әсем Әбдікова, Баян Шегенбаева, Мақпал Ерболқызы, Ақмарал Аманова, Арман Молдағалиев, Тоғжан Жұмабаева, Бұлбұлханым Серікқызы, Көркем Қазиева, Жұмагүл Нұржанова, Маржан Ахметовалар және т.б  пәтерге мұқтаж адамдар иеленді.

Пәтер иелеріне «Қуаныш ұзағынан болғай! Қоңыс құтты болсын!»,- дейміз.

Г.СМАЙЫЛОВА

Суретті түсірген – Әнет ЖҰМАБЕКОВ

«Аманкелді арайынан» рұхсатсыз мақала, фото алуға тыйым салынады. Алынған жағдайда авторларын қөрсетіп, «АА» газетіне сілтеме жасау  міндетті.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған