Ұлттық спорт – ұлтымыздың болашақ бренді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар жəне жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Яғни, ұлттық сананы жаңғыртудағы рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуына барынша күш-жігерімізді салып, ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге қызмет етуіміз керек… жастардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан əрі дамытуға байланысты жаңа бастамалар, тың құндылықтар негізінде рухани адамгершілік жəне патриоттық тəрбие беру, ауылды түлету сияқты, кешенді іс-шаралар жүзеге асыру керек… Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын» деген еді.

Әлемдегі өзін-өзі силайтын өркениетті елдердің сүйіп көретін, халқы мақтан тұтып жаппай айналысатын ұлттық спорт түрлері бар. Қазақстан 70 жыл Сәбет дәуірінде тек басқа ұлттардың спортын дамытты, ал өзіміздің төл ұлттық спортымызды, «ұлттық» деген сөзден үркіп, назардан тыс қалтырып, көп жерлерде халықтың зердесінен өшіп те кеткен еді. Тек Алланың қалауымен келген Тәуелсіздіктің арқасында, елжанды азаматтарымыз халқымыздың мыңдаған жылдық тарихы бар керемет ұлттық спортын тірілтіп қайта жаңғыртты. Ұлттық спорт түрлерінің өмірге келуі – көшпенділердің айналасын қоршаған жаудан өзін-өзі қорғап қалу қажеттігінен туындаған. Яғни, әскери машыққа баулу, әрбір жауынгерді әскери ойындар арқылы сынақтан өткізу. Мысалы: көкпар ойыны, жаудың ортасында жараланып қалып қойған жауынгерді, атпен шауып барып көз ілеспейтін шапшаңдықпен жерден көтеріп алып құтақарып әкетуге негізделген.

Аударыспақ – жаудың батырымен жекпе-жекке шығып, білек күші мен жүрек күшін ұштастырып, жауды оңтайлы жерінен алып, аттан жұлып түсіруге, қыз қуу ойыны – жау шапқанда қыздарымыз да қолға найза алып қуып ала жөнелуге, ал теңе ілу – жерге түсіп қалған қаруды атпен шауып келе жатып іліп әкетуге негізделген. Қазақтың қай ойыны болмасын шығу тарихы жауынгерді батырлыққа, ептілікке, шапшаңдыққа, шымырлыққа үйретуді мақсат тұтқан. Осыдан 1300 жыл бұрын Ескендір Зұлқарнайын қазіргі ата-бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырған аймаққа келіп, жергілікті халықтың ұлттық ойындарын көріп (көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату секілді) таң қалып: «Міне, біздің әскерімізге нағыз үйрететін ойын осы!» деген екен. Сонымен қатар Сотүстік Қазақстан облысынның «Ботай», Шығыс Қазақстан облысының «Шимайлы» қорымдарынан 6000 жыл бұрын аталарымыз атты, әбзелдерді және қарапайым қаруды пайдаланғандығын этнограф ғалымдар дәлелдеп отыр. Яғни, ұлттық ойынымыздың тарихы сақ, скиф дәурінен бері келе жатқан атпен атқарылған спорт түрлері. Бізге, тарихшы, қазақтың өнерін зерттеуші Жағда Бабалық атамыз қазақтың 500 ойын түрлерін жазып қалдырған. Бабамыздан мирас болып жеткен мыңдаған жылдық тарихы бар ойындарының ішінде кең қолдау тауып дамып келе жатқан түрлері: бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу, қазақ күресі, тоғыз құмалақ, асық ату, саяткерлік, жамбы ату.

Жазушы- ғалым, мемлекеттік силықтың лауреаты, жерлесіміз Қойшығара Салғара ағамыз, жер бетіндеге адамдардың шығу тарихын 50 жыл зеттеп: «Бүкіл адамзат баласының түп атасы–түрік, сөйлеген тілі прототүрік» деп дәлелдеді. Қазіргі тарихшы ғалымдар түркі халқының атақонысы, шыққан жері қазақстан аумағы деген пікірге тоқтап отыр. Бабаларымыздың осыдан 650 жыл бұрын өз шаңырағын көтерген күнін ұланасыр той жасап мерекелегініміз кеше ғана. Осы кеңбайтақ жерімізді батыр бабаларымыз аттың үстінде, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап бізге аманат етті. Иә, «атпен қазақ-егіз» деп бекер айтылмаған, ат – халқымыздың ең сенімді соғыс құралы болды. Олар ат құлағында шебер ойнайтын, аттың барлық қыр-сырын, тілін меңгерген жауынгер адамдар еді. Ат үстіне мінгенде олардың рухы асқақтап, жігері жанып, қаны ойнап, өжет, қайсар, батыр болып шыға келетін еді!
Қазағымыздың, соның ішінде Торғай аймағы халқының да, өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдарында Сәбет үкіметінің билік басына келіп елді есеңгіреткен болшевиктердің, жергілікті халықты жою, қалғанының сағын сындыру мақсатында әдейі жасаған нәубеттерінің нәтижесінде қазақ халқының жартысын, малының денін, соның ішінде жылқыны маңқасы жұғады деген желеумен жойып жіберді. Дегенмен Торғай елі халқының сағы сынған жоқ, ел жиналып қайта көтеріліп, іргелі елге айналып, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды жоғалтпай дамытып, ұрпағын өсіріп, халқымыздың жоғалтқанын түгендеп, ойын-тойларымызды тойлап келеді.
1945 жылы фашизмді жеңген Жеңіс күніне арналған ұлан асыр той Амангелді ауданында, одан Қостанай қаласында ұйымдастырылды. Онда бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу ойыны түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған ауданының колхоздары тұлпарлары мен білекті жігіттерін додаға қосты. Осы жарыстан амангелділіктер туларын желбіретіп абыроймен оралған еді. Ат бәйгесінде Киров колхозының «Құла» мен «Торыарғымақ» және Чкалов колхозының «Бәкірторы», Құмкешудің «Құланқасқа» тұлпарлары басқа аудандардан келген аттарды шаң қаптырып бас бәйге мен жүлделерді бөліп алған. Бұл тұлпарлар 1951 жылға дейін бәйгенің алдын бермей, бертінге дейін жұрттың аузында жүрді. Одан кейінгі жылдары өткен жарыстарда Жанахметтің «Аққукөгі», Шөптібайдың «Көкшолағы», Еденнің «Еденқасқасы», Бейсеннің «Айқасқасы», Саянның «Құлагері», Саматтың «Күреңтөбелі» Байғабылдың «Кербесті» мен «Дүйсіманкүреңі» ел намысын қорғап келді. Соңғы жылдары Астана қаласында өтіп келген «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне Атамбозов Бердібектің «Марат торысы» мен Қабажаев Айбаттың «күрең» айғыры осы жарысқа қатысып жүр.


Сондай-ақ, аудан ішінде әркезде ұйымдастырылған көпар, аударыспақ, теңге ілу ойндарына Есір, Қарасу, Байғабыл, Амантоғай, Үрпек ауылдарынан командалар ұйымдастырылып бәсекеге түсіп отырған.
1970 жылдары ұлттық ойынымыз қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, бәйгені, Торғай облысының бірінші хатшысы болып тұрған жылдары Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ағамыз төл алу науқаны аяқталып малшы-шопандардың арқасы кеңейген кезде, Торғай өзенінің жиегінде Тұрмағамбет қыстауында «Шопандар слеті» деп аталатын үлкен тойда жарыстар өткізіп, халықтың рухын асқақттып, жандарын жадырататын еді.
Бүгінгі заманда жоғарыда аталған спорт түрлерінен республикамыздың барлық облыстарында, аудандардың көбінде чемпионаттар, турнирлер, фестивальдар мен «Ақбидай» ауыл ойындары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының белгілеген кестесіне сәйкес жылда өтіп келеді. Көп облыстар мен қалаларда мереке күндерінде ұлттық спорттан жарыстар үлкен әсермен өтіп жүр. Жергілікті халық шоғырланан жерде көрермен көп жиналып жарыстар әртүрлі ойын-сауықтармен әрленіп халықтың еңсесін көтеріп рухын жанып келеді. 2014 жылы ОҚО облысының Сарыағаш ауданында өткен жаппай көкпарға 12 мың көкпаршы атқа мініп додаға келсе, 5 мың көрермен қызық көруге жиналған еді. Түркістан, Жамбыл облыстарында жыл ішінде екі жүзге тарта командалық және жаппай көпар ойналады. Соңғы жылдары ұлттық ойындар орталық, батыс облыстарда да кең етек жайып келеді. Қостанай облысында қала іргесінен аудандық Ұлттық спорт мектебі ашылып сең қозғалды.
Биыл елге қауіп төндірген қытай вирусына байланысты Семей қаласында Ұлттық спорт түрлерінен Хакім Абайдың 175 жылдығына жоспарланған республикалық фестиваль, сондай-ақ Тараз қаласында ересектер арасындағы Ұлттық спорт түрлері көкпар мен аударыспақтан 20-шы, теңге ілуден 14-ші, жамбы атудан 6-шы республикалық чемпионатты, Павлодар қаласында жасөспірмідер арасындағы 9-шы чемпионатты өткізуге мүмкіндік болмады.
Таяуда осы спорт түрлерінен жастар арасындағы 16-шы чемпионат 11 облыс командасының қатысуымен Түркістан қаласында өтті. Саяткерлердің арасындағы республикалық жарыстар қар түскеннен бастап Батыс Қазақстанда басталып, Алматы, Тараз, Семей аймағының Абай ауданында ардагерлер, жастар, жасөспірімдер арасындағы чемпионаттар, мен турнирлер көктемге дейін өткізу жоспарланған. Сондай-ақ қыран-бүркіт жарысы, қазақ күресі, тоғыз құмалақ, асық ату, тазы иттер жарысы, төбет иттер сынағы жылда өтіп келе жатыр. Осы спорт түрлерінің ішінде: көкпар, бәйге, жамбы ату, аударыспақ, саяткерлік, қазақ күресі, тоғыз құмалақ, тазы иттер жарысы халыққаралық деңгейге көтеріліп әлем елдеріне тарап барады. Қазақ күресі, тоғыз құмалақ, жамбы ату әлемнің 50-ден астам, көкпар, аударыспақ 30-ға тарта елдеріне тараған. Өмірге келгеніне 9 жыл ғана болған жамбы ату спортымен айналысатын спортшыларымыз, қазір әлемдегі Еуропа, Азия, Африка құрлықтарында өтіп жатқан жарыстарға қатысып жеңімпаз атанып қазақтың көк байрағын желбіретіп, ән ұранын шырқатып қазақтың батыр халық екенін әлемге паш етіп жүр. Қазір ат үстінде садақ атудан ең көп тараған тәсілдері (стильдері): корей стилі, түрік стилі, венгр стилі, жапон стилі болса, осы қатарға 5-ші болып қазақ стилі қосылды. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен 14-ші Әлем чемпионатында Бадашев Елдос 1 орын алып «Алтын медальмен», Айкөзов Ералхан 2018 жылы Қырғызстанда өткен халықаралық Көшпенділер ойынында қола медаль, 2019 жылы Москва қаласында өткен халықаралық турнирда, және сол жылы Астанада өткен «Алтын жебе» әлем чемпионатында алтын медальді иеленді. Сарыбай Айтбек, Тұрлыбеков Абзал, Бабажан Бақдәулет, Айкөз Ерелхан, Бадашев Елдос халықаралық дәрежедегі спортшылар. Көкпар мен аударыспақтан палуандарымыз бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып 12 көкпаршыларымыз бен 3 аударыспақ спортшылары Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Тоғыз құмалақ ойыны әлемдегі 50 шақты елдерге тарап зияткерлік ойындар ішінде шахматтан кейінгі екінші орынға таласуда. Бұл ойын түрінен елімізде Далиева Әсел, Ақтаев Серік, Кендірбаев Ғалымжан, Елеусінов Хакімбек ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, және ондаған Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған спортшыларымыз бар. Ұлтымыздың «Асық ату» ойынының атасы атанған жерлесіміз Жомарт Сабыржанов бұл спортты Еуропа мен Азия елдеріне таратып қызықты ойынға айналдырды.
Үш жыл бұрын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Әлемдік Этноспорт қауымдастығының құрамына кірді. Елордамызда 2021 жылы Этноспорт түрлерінен әлем чемпионаты өткізу жоспарланған еді. Таяуда ҰСТҚ президенті Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының жанынан құрылған Орта Азиялық комитет төрағасы болып тағайындалуы біздің ұлттық спортымыздың болашағына деген ұлкен сенім.
Торғай аймағындағы халық – ежелден жылқы өсіріп ат құлағында ойнаған, ел мен жерді қызғыштай қорғап, талай жаугершілікті басынан өткізген жауынгер батыр халықтың ұрпағы. Бабалардың бұл қасиеті жергілікті халықтың қанымен келе жатыр. Бір-ақ, өкінішке орай өзіміздің төл спорттарымыздың, қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан басқа түрлері назардан тыс қалып келеді. Тәуелсіздігімізге 30 жыл болды деп, шаттанғанымызбен, тілімізді мемлекеттік деңгейге әлі жеткізген жоқпыз. Ал, ата-бабамыздан мирас болып қалған Ұлттық спортымызды да енжарлық танытып бүкілхалықтық спорт түрлеріне жеткізе алмай келеміз. Бойында ұлтымыздың қаны бар жігерлі жастарымыз қолға алып, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, тоғыз құмалақ түрлерінен аудандар мен ауылдар арасында чемпионаттар, мерекелерде турнирлер, бәскелер өтіп жатса халықтың делебесі қозып, қаны ойнап, сілкініс пайда болар еді.
Амангелді ауданында соңғы жылдары жақсы дәстүр қалыптасып, Астана, Алматы және көптеген қалаларындағы және ауылдағы кәсіпкерлер туған ауылдарын көркейтіп, қиналғанда демеп, күш біріктіріп халықтың рухын көтеріп келеді. Әр жылдары мектеп бітріп кеткен сыныптас жастарымыз да ұйымдасып көмек қолын созуда. Тіпті АҚШ-ндағы жерлестеріміз Жүнісов Бауыржан, Түбекбай Береке, Израилден Сапабек Есмай, РФ -дан Әбдікәрімов Серік бұл шарадан тыс қалмады. Ауданның 90 жылдығында жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей ешкім тыс қалмай тойды абыроймен өткізді. Туған жерлеріне қолдау көрсетудің тамаша үлгісін көрсетіп жүргендер Шаяхметов Жеңіс, Мурзин Уәлихан, Оспан Бейбіт, Бәйзіров Нұрлан, Боранбаев Әбілхан, Қаржауов Асқарбек, Секенов Батыр, Молдашев Дархан, Қанафин Серік, Саматов Бірназ, Айдаболов Мейрам, Сағидолла Әбжанов, Ахметов Арман, Абатов Бақытбек, Боранбаев Әбілхан және Жомарт Түбекбаев пен Ысқақов Сапар ағамызды аудан халқы әркез ілтипатпен ауызға алып отырады. Биыл жыл басында қытай індеті тарап халқымыз абыржып қинала басаған кезде Жомарт Түбекбаев бауырымыз бас болып елді аман сақтап қалуға қажетті дәрі-дәрмек, аппараттармен қамтамасыз етуді ұйымдастырды. Осы қиын кезде жастарымыз Толқын Сұлтанова, Бақытнұр Әлібай, Мешелов Біржанның елді аман-сақтап қалуда зор белсенділік көрсеткенін атап өткен жөн болар.
Осы орайда көп жыл Арқалық ауданында басшылық қызметте болып, кейінгі жылдары ШҚО Үржар ауданының әкімі болып істеген Бауыржан Торғайбекұлы Жанақовтың ісі үлгі боларлық. Ол Үржар ауданында «Ұлттық спорт түрлері» федерациясын ұйымдастырып, өзі төрағасы, спорт жетекшісі Мәулітқазы Құлжатаевті федерация хатшысы, барлық ауыл әкімдерін ауылдық филиалдардың жетешісі етіп сайлады. Үржар ауданының құрамына кірген Мақаншы, Таскескен аудандарымен қосып 27 ауылдан ұлттық спорт түрлері: көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, жамбы атудан командалар шығарып аудан чемпионатын өткізуді дәстүрге айналдырды. Аудан командасы облыстық жарыстарда көш бастап, республикалық чемпионаттарға да қатысып жүр. 2016 жылы Үржарда М.Құлжатаевтың ұйымдастыруымен жамбы атудан республикалық, 2017 жылы халықаралық турнир өткізілді. Ауылдардың жан-жақтағы елжанды азаматтары командаларын жарақтап, додаға түсіріп өз ауылының намысын жыртып туын желбіретуге атсалысты. Сөйтіп ауыл жастары ат спортына жаппай бет бұрып олардың арасынан ҚР спорт шеберлері мен үміткерлер шықты.
Ауданымызда басқа ұлттардың спорттарын ғасырға жуық уақыт дамытып, өркендетіп, материалдық базасы нығайып спортшыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Ия, ауданымызда мерекелерде бәйге, көкпар, аударыспақ ойын түрлерінен ара-тұра кішігірім жарыстар да өтіп жүр. Дегенмен, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, саяткелік спорттары экстремальді, көременді бей-жай қалтырмайтын, баурап алатын ғажайып өзіміздің ұлттық құндылығымыз, төл спортымызды қолға алып жарқырататын уақыт та келіп отыр.
Жастарымызды патриотизмге, отанын сүйіп қорғауға, денсаулығы мықты, шымыр, епті, шапшаң, батыл, ой-өрісі терең салауатты азамат етіп тәрбилеуде Ұлттық спорт түрлерінің алар орны ерекше.
Бүгінгі таңда әлем халқының спорт саласындағы назары еліміздің ұлттық ойындарына қарай ауып бара жатқанын көріп келеміз. Тәуелсіз елдер одағының (ТМД) сыртында, елімізде көпардан өтіп жүрген әлем чемпионатына АҚШ, Ауғанстан, Иран, Түрік, Венгрия, Қытай, Монғолия, ал жамбы ату мен саяткеліктен өткен жарыстарға барлық құрлықтардан командалар қатысып олардың саны жылдар-жылға көбейіп келеді.
Президентіміз Қ.Тоқаев «Келер 2021 жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл аса маңызды меже, жаңа тарихи кезеңнің басы» деген еді. Келер жылы ұлттық рухымызды дүр сілкіндіретін ұлттық ойындарымызды аудан өміріне нық орнықтырып ұлтымыздың мақтанышына айналдыруды бастауымыз қажет –ақ!
Ауданымызда аудан әкімдігінің әрбір бастаған тың бастамаларын аудан халықы жұмыла қолдап, жақсы нәтижеге жеткізіп, абыройға кенеліп, басқа аймақтарға үлі болып келеді. Мысалы: «Домбыра күні» мерекесінде 1000 домбырашы оркестр құрып Құрманғазының «Балбырауын», «Келіншек» күйлерін орындап халықаралық Гиннес рекордтық кітабына кірді, ауданда «Әр үйде-бір домбыра» акциясы бүкіл халықтың қолдауымен үлкен табыспен өтті. Ия, ынтымақ, береке-бірлік дегеніміз осы емес пе! Ұлтық спорт – ұлтымыздың мақтанышы, болашақ бренді. Болашақта әлем халықтары біздің ұлттық спортымызбен ойнайтын болады! Ұлттық спортымыздың мәртебесін асқататайық ағайын!

Альберт Мурсалимов –ҚР ұлттық спорт ардагері
Айтмұхамбет Сейдахметов – ССРО үздік мәдениет қызметкері

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.