Өнегелі өмір иесі

Байғабыл орта мектебі тұңғыш түлектерінің кенжесі, аудан экономикасы мен мәдениетін көтеруде еңбегі сіңген, бірнеше рет облыстар бірінші басшылары Құрмет грамотасын алып,Тәуелсіздіктің 10 жылдығы,Еңбек ардагері медалімен марапатталған Сайлау Сәйділдаұлы 70 жасқа толады.

Мектеп атын шығаратын шәкірттері ғой.Тұңғыш түлектер оқуда озат,спортта жеңімпаз,өнерпаз,ұйымшыл,жан-жақты болды.Осындай ығай мен сығай жиналған кластың өз лидері,көсемі болды.Балалардың ең кішісі болса да ширақтығы,тез ойлап,тез шешім қабылдайтын зеректігі арқасында Сайлау қатарластарынан сол кездің өзінде озық тұратын.Ертегідегі Ерназардың кенжесі Ер Төстіктей өзгелер бір төбе,Сайлау бір төбе болды.Мектептегі қоғамдық жұмыстар бастауында жүрген балалар мұғалімдерге де сүйкімді.
Көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі,әдемі қоңыр даусымен аудандық байқауларға да барып жүрді.Оның орындауындағы Ақ бантик әні сол кездегі біздер үшін хит болды.Мектеп бітіргесін жанұя жағдайымен кеңшарға жұмысқа тұрды,ұзамай әскер қатарына шақырылып,азаматтық борышын өтеп келгесін кеңшарға қайта жұмысқа кіріп,ауыл көркемөнерпаздары құрамында аудандық жарыстарға қатынасты. Музыкадан хабары мол,ән айтып,ауыл сахнасына қойылар спектакльдерде басты кейіпкерді сомдайтын оны Мәдениет үйі директоры етіп тағайындаған.Аудан көркемөнерпаздары құрамында облыстық байқауларға қатынасты.1972 жылы облыстық Торғай әуендері фестиваліне қатынасушы аудандар репертуары бәрінде дерлік Н.Тлендиевтің жаңада шыққан,ел сүйіспеншілігіне бөленген Алатау әні болды.Осы әнді Сайлау да айтып,жарыс төрешілері бәрі бірдей мұның орындауын үздік деп тауып,фестиваль лауреаты атанды.Қай салада болмасын Сәкең қатарластарынан оқ бойы озық жүретін,үнемі жаңа істің жаршысы болып,жаңалықты істің басынан көрінетін.»Балауса»бригадасына ұстаз-жетекші болғанда ұйымдастырушылық қабілетімен қатар,тәрбиешілік таланты да жарқырай көрінді.Кеңшар директоры Ә.Нұржанов оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық,адамдармен тіл табыса білу,берген тапсырмасын орындату сияқты қабілетін жоғары бағалайтын.Үнемі ізденісте,жаңалықты істер жаршысы болып жүретін ол Қазақстанда бірінші болып мамандардан құрылған «Құрдастар» қой өсіруші жастар бригадасына жетекшілік жасады.Инженер Жүркенов Дүйсен,мал дәрігері Көкішов Мұратәлі зоотехник мұнымен бірге шопан құрығын қолға алды.Республикалық баспасөз,телерадио комитеттері олардың игілікті істерін республикаға насихаттады.Өндірістегі қол жеткен жоғары табыстары үшін Бүкіл Одақтық социалистік жарыс жеңімпазы болып,бригада жетекшісі Сайлау «Москвич» жеңіл көлігіне ие болды.Бірыңғай жазғы,қысқы формасымен жүрген оларға қызығатынбыз.Өндірістен қол үзбей жүріп Целиноград ауыл шаруашылығы институтын зоотехник-инженер мамандығы бойыша үздік бітіріп,шаруашылықтарға бас зоотеник болып баруға түскен ұсыныстардан бас тартып жүрген.1986 жылы партия солдаты Сәкең жаңа құрылған Ә.Жанкелдин атындағы кеңшар бастауыш партия ұйымы хатшысы болып сайланды.Қиян далада шаруашылықтың бар саласы кадрға зәру,оның партиялық ұйымдастыру,үгіт-насихат жұмысы нәтижелілігі,пәрменділігі арқасында шаруашылық аты озаттар қатарында атала бастады.2000 жылға дейін партия тарағасын селолық кеңес атқару комитеті төрағасы,бұл лауазым да тарих бетінен өшірілгесін,ауыл әкімі болып,ақыры кеңшар тарап,ел кеткесін Есір ауылдық округіне әкім болып келді.
Шалғайдағы шаруашылықтан аудан басшылары жібермей қойған.Сәкеңнің тұсында 6 директор ауысқан екен,әрқайсы әртүрлі жағдаймен орындарын босатып жатқанда елге ие боласың деп мұны басшылар қозғамайтын.Аудан орталығынан ең шалғайда жатқан кеңшар тұрғындары жүріс-тұрысы,жол мәселесі қиын болды. Бортты «Уаз» машинасы кабинасына сыйғанынша мінгізіп,талай жолда да тұрып қалған кездері болған.Моңғалиядан көшіп келген,аудан орталығында қонатын туыстары жоқ қандастарды жолдастары үйіне орналастырып,шаруаларын бітіртіп,елге әкететін.Көктемгі лайсаңда батпаққа кептелген машина ішінде қонғанында үйде қалған баласын уайымдап,жаяу кетемін деп жұлқынған жас келіншекті әрең жұбатқан.Екі қоғам ауысар тұста жалақы,зейнетақы берілмей ел дағдарып,әсіресе,көп балалы үйлер,тұрмысы төмен отбасылар ауыр күн кешкен.1996 жылы ақша болмағандықтан ауданнан қант,шәй ұн берілетін.Азық қоры бір үзілсе арты жаман,әсіресе,ескі қоры жоқ оралман ағайындар қорлық көретін. Бортты Уазды азық-түлікке сықай тиеп,брезентпен жауып,арқанмен байлап қас қарая жолға шыққан.Қасында бір жігіт бар.Бұл 1996 жылдың 13 ақпаны болатын.Жауған қарды кешкесалым тұрған жел үрлеп,жаяу борасын тұра бастаған,арты үлкен,көз көрінбес боранға ұласып кетері бес енеден белгіді болып тұр еді.Қамсыздандыру бөлімінде істейтін кластасы Қайырбай:-Күн райы жаман,бүгін қонып,ертең жарықта шықсай,–дегеніне қарамай шығып кеткен.Ауылдағы тамақ қоры таусылған жанұялар жағдайын ойлағанда жаны ышқынып,жылы үйде қайдан жата алсын.Үрпекке жеткенде қасындағы жолдасы «әрі қарай жүре алмаймыз,бағыт-бағдарды анықтаудың өзі қиын боп барады аға,»-деген серігіне:–Аманат дегенді білесің бе?Аудан басшылары бізге азығы таусылған азаматтарға тез жеткізіңдер деп аманат етті.Екеуміз де аяқ-қолы сау азаматпыз,уайымға салынба,жеткіземіз,–деген.Көшімбек тамы тұсына барғанда көз көрінбес бораннан жолды ажырату қиынға түскесін тоқтаған.Кезектесіп көз шырымын алып,таңертең жарықпен жолды қараса белдеу-белдеу болып тұрған қарды жарып өту мүмкін болмасына көздері жеткен.Кезектесіп күреумен көп жүре алмады.Азғантай бензинді үнемдеп,үш күн машина ішінде қонды.Қар ерітіп,шәй ішіп,жолға алып шыққан тамақтарын талғажу қылып,төртінші күні мал қыстағына жаяулап жеткен.Қайырбай кластасы дабылымен бір жетіден кейін ауданнан көмек келіп,ауылдарына жеткен.Қасындағы жігіт айтыпты: – Алып шыққан тамағымыз таусылғасын ағайға брезенттің шетін ашып,пешение алып жейік,аштан өлеміз бе,-деп едім,маған бір тәмсілді айтты.Ерте заманда көзі көрмейтін зағип моншаға келіп,қойнындағы жүз ділда салынған дорбасын қасындағы жігітке моншадан шыққынша ұстай тұр деп беріпті.Мен ұрымын ғой,маған қалай сеніп бересіз,-деген ұрыға:-Саған аманат етемін,-депті зағип.Ел біткенді зар жылатқан ұры дорбасын зағипқа моншадан шыққасын тапсырыпты.Мына машина толы азықты ашыққан елге жеткізуді аманат етті.Ұрының өзі аманатқа қол салмағанда екеуіміз ел нәпақасына ортақтасамыз ба,- дегенде не айтарымды білмедім.
…Парасатты адамға істейтін ісін,сөйлейтін сөзін,қабылдайтын шешімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп алу,әдеп-инабат,адамгершілік жағынан кемшіліксіз,ізгілік пен мінезділік тән ғой.Осындай асыл қасиетті бойына сіңірген парасатты басшы орнына бару қиынның-қиыны екеніне оның орнына Есірде екі жыл әкім болғанда көзім жетті.Жаңа түскен келіндей жағалай сынға алған жұртшылық Сәкеңңің бойындағы жақсы қасиет,іскерлікті менен көре алмай көңілдері толмай жүрді.Ақтөбе деген қыстаққа барғанымда бір жігіт ойындағысын айтып та салған.Жұмыстан қолдары босамай жан таласып жатқан малшыларға шалысын ұстасып,малын айдасып көмектесе кететін Сайлау әкім орнына келген,тік тұрған қалпында қу сөзбен уақытын алар,шаруасына көмегі жоқ шенеунікті қалай жақтырсын.Жұмыс орындары ашылмай,елдің көбінің қолы бос,әлеуметтік жәрдемақы алуға арызданушының көп кезі.Үй тұрмысы,отбасы жағдайы әйелге батады ғой.Азғантай бөлінген ақшаны бөлу -қызметтің ең қиын тұсы.Талай әйелден сөз естисің.Жасынан нәзік жандылар жүрегіне жол тауып,жылы сөздерімен әйел атаулы құрметіне бөленген Сайлау кезінде жәрдемақы бөлуде шу шықпайды екен.Мен өзімнің Сәкеңнен көп жағдайда төмендігімді бұрыннан пайымдасам да сол тұста көзім айқын жеткен.
Ертедегі даналар тұжырымдауынша ,ақыл-парасаттылық мынадай он нәрседен:біріншіден,адамдарға кіші пейіл һәм нәзік сезімталдықпен қараудан;екіншіден,өзінің кім екенін біліп, соған орай әрекет жасаудан;үшіншіден, шахтарға қызмет етіп,олардың тілек-армандарын орындаудан;төртіншіден,өз сырларын достарына білдіру-білдірмеуді білуден:бесінші,өзінің және достарының сырын сақтаудан;алтыншыдан,шахтардың сарайында сақ болып,адамдарды шырын тілмен баурап ала білуден;жетіншіден,тілге ие болып,артық сөйлемеуден;сегізіншіден,мәжілістерде тыныш,үндемей отырудан,әдеп сақтап,сұрамаған нәрсені айтпаудан және өкіндіретін сөздердің тілге ілігуінен сақтанудан;тоғызыншы,қатесін бірден мойындап,кешірім сұраудан;оныншы,біреудің ісіне араласпаудан,басына пайдасы жоқ сөзді сөйлемеуден тұрады.Сайлау данышпандар айтып кеткен осы он анықтамаға сай пайым-парасаты мол басшы болғанын ол қызмет істеген жер жұртшылығы айтып жүр. Қарасу ауылы қариялары да оның ақкөңілдігі,ізгілігі,парасаттылығы,білілімділігін отырыстарда жиі сөз етеді.Баршаның ісі ілгері бассын,көптің көңілі өссін,төңірек түгел болып,жұрттың жүзінен жайдарылық кетпесін деп тілейтін басшысының осы ауылдағы абыройлы қызметінен кетуіне мен себепкер болған едім.Оның азаматтығы,өресінің биіктігі,кісілігі,тектілігі менің сол кінамды бетіме басып көрген жоқ.
Соңғы жылдарда аудан орталығында поселкелік әкім орынбасары болып тұрғанда да аз қамтылған жанұя мүшелері назарында болды.Ауқатты азаматтар бетін бұрып,қаржылай көмек көрсетті,жалғызбасты жандар тұрмыс-тіршілігіне ерекше қарайтын.Зейнетке шыққаннан кейін де аудандық ардагерлер ұйымы жұмысына белсене араласып,аудан тарихында ерекше орын алар азаматтары еңбектерін аудандық кәзитке жазып,жас ұрпаққа тәрбие болар жұмыстармен айналысты.Кейін балалары тұрып жатқан Астана қаласына көшіп барғаннан кейін де бос отырмады.Торғайлықтардың қайғы-қуаныштарын көтерісті.Ел тарихын жақсы білетін оны белгілі кісілер маңызды отырыстарды басқаруға шақырады.Белгілі қазақ жазушысы,жорналшы,қоғам қайраткері Сапабек Әсіповтың жылдық асын басқаруды сеніп тапсырған.Бала жастан әдеби кітаптарды көп оқып,сөздің құнарлысын теріп,ой тереңдігі,айтқыштығы арқасында Астана қаласына танымал болған оның сөз саптасы,ой жүйелілігі,білімділігіне зиялы қауым таңданыс білдірген.Атақты кісінің қазақ халқының өз отанында өгей күн кешіп,құнарлы жерлерін басқыншылар алып,резервацияда қалғанын,жер туралы жазған өткір мақалаларын білсе де елдегі тірлігін білмейтіндер ас басқарушы аузынан шыққан әр сөзді назарда ұстаған.Сапекеңнің көрші ауданда аупартком хатшысы болып тұрғанда елді жұмылдырып ағаш ектіргенін,оның
Сапабек бағы атанғанын байырғы алматылықтар білмейді екен.Осы жиында белгілі бір жазушы:-Отырыстарды өткізуге әртіс,ақын жалдаймыз.Олар жаттанды сөздерімен іш кептіретін еді.Мынау ел арасынан келген жігіт зиялы қауымды қазақтың құнарлы сөзі,тың деректер,орайлы ой,шешендігімен тәнті етті.Осындай жігіттер ел арасында бар ғой,соларды неге ел назарына іліктірмейміз?-деген толқи сөйлеп.
Екі-үш жылдан беріҰлытау,Жезқазған,Торғай өңірін аралап,кейінгіжастарға ата-бабалары өмірінен деректер жинап,тарихи жерлерді көрсетіп жүр.Байғабыл табанын мекендеген халық өмірі,тұрмысы,кәсібі,ел есінде сақталған белгілі адамдар жайлы кітабын шығаруды жоспарлауда.
Арнасы кең,тұңғиық терең, суы кәусар Байғабыл өзенінің суын ішіп, айдынында жалақ ойнап, бертінде жастық шағымызды бірге өткіздік. Біздің достығымыз бала кезден,сүттей таза жан, кіршіксіз көңіл,ата-анамыз қарым қатынасы, елдегі тәртіп,отбасындағы тағылым нәтижесінде қалыптасты. Қанша жылдар өтіп, қай қиырда жүрсек те қаршадай бала кезден бірге өскен достарды ұмыта алмайсың.16 желтоқсанда еліміз Тәуелсіздік мерекесін тойласа, Сәкең үйінде қос мереке қатар келеді. Әнші, өнерпаз қарасөздің майын тамызар әңгімеші, қарымды қаламгер, өлкетанушы досымызды мерейлі мерекесімен құттықтап, бақытты қариялық, отбасы жақсылығын тілейміз.

Серікбай ШОҢҒАЛОВ

Қарасу ауылы

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.