«ТОБЫЛ-ТОРҒАЙ ӘУЕНІ» АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Жерлесіміз, жас ақын, Арқалық қаласындағы  дала өлкесі  тарихи  облыстық мұражайының қызметкері, талантты әрі зерделі  жастарымыздың бірі – Батырлан Сағынтаевтың  жинақтауымен «Тобыл-Торғай әуендері» атты  кітап жарыққа шықты.  Кітапта Тобыл-Торғай  аумағында ертеректе өмір сүрген әнші-күйшілердің  шығармалары  жинақталып, ал күйшілердің күйлері  нотаға түсіріліп берілген екен.  Бұл туралы  Батырлан Сағынтаев  өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялады.  Кітап әлі оқырман қауымның қолына тие қоймағандықтан,  Батырланның өз сөзін қаз-қалпында беруді  жөн санадық.

«Тура туған күнімнің қарсаңында  Арқалыққа «Тобыл-Торғай әуені» атты кітабымыздың сүйінші даналары келіп жетті. Бұл музыка антологиясында Тобыл-Торғай өңірінде ерте заманда өмір сүрген  әнші-күйшілердің мұрасы жинақталып, небәрі 90 нота берілген. Қосымша бөлімде осы өңірдің музыкалық мұрасы жайлы жазылған мақалаларымыз бен Қапақ сал, Мұхамеджан Өтелбайұлы секілді он шақты өнерпаздың суреті берілген. Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрген кітап 200 дана болып басылып шықты. Алғы сөзін белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов ағамыз жазған кітабымыздың ақылдастар алқасында мына кісілер болды:

Қайыржан Мақанов – өнертанушы

Әбенов Бораш Қазбекұлы – ҚР мәдениет қайраткері

Қоденов Мұхтар Қоденұлы – өлкетанушы

Қалиев Айбек Киікбайұлы – филология ғылымдарының кандидаты

Қасенов Асхат Аманжолұлы – мұражай басшысы

Құрастырушылар:

Әділ Ахан Кәкиұлы – Арқалық қаласындағы Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің оқытушысы

Рысбек Данияр Қобыландыұлы – Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның домбырашысы

Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы – Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері.

Бұл жинақты 2020 жылы атқарған түйінді еңбегім десем артық болмас деп ойлаймын. Бір істі бастағанда тәмәмдап біткенше шыдамсыздау мінезім бар еді. Соған көніп бірлесіп жұмыс жасаған Әділ, Данияр ағаларыма көп рахмет! Және осы жұмысқа кіріскенімде ақылын айтып, шамасы келгенше көмегін берген Байназаров Батырбек, Молдағалиев Талғат, Кәдіров Манапбек, Әлқуат Қазақбай, Базархан Қосбасаров, Нұрлан Бекенов, Нұрқанат Құлабаев, Қабылахат Сейдахмет т.б. ағаларымызға алғысымды айтамын. Бұрын-соңды таныс болмасақта Қазбек күйлерін нотаға түсіріп берген Манасбаева Мақпал замандасымыздың еңбегін қалайша ұмытайын. Жалпы бұл жинаққа еңбегі сіңген біршама адамдар бар. Аталмай қалып жатқандары да бар шығар. Баршасына алғысымызды білдіреміз. Бір айта кетерлігі өңіріміздегі музыка мұраларын жинақтаған мұндай кітап осы уақытқа дейін жарық көрмеген. Ахмет пен Құтжан атамыздан бастау алып, кейінгі кезеңдегі сазгерлердің туындыларын қамтитын «Торғай әуендері» (Қалибек Деріпсалдин ағамыз шығарған) кітабы ғана бар. Сондықтан біз шығарған бұл жинақ біршама пайдалы кітап болар деп ойлаймыз. Кітап толық қолға тигеннен кейін облыс көлеміндегі мәдениет орындарына және дәстүрлі өнеріміздің төңірегінде жүрген өнерпаздарға таратылады»,- деп жазды Батырлан фейсбуктегі парақшасында.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған