«Хан Кененің ұрпағы екенімізді ешқашан жасырмадық»

Бүгін желіде  Тәуелсіздік жолында күрескен қазақтың соңғы  ханы  – Кенесары бабамыздың  Ресейдегі  бір ұрпағының  священник болғаны туралы ақпарат желіде қызу талқыға түсуде.   Кенесары бабамыздың әруағынан  қорықпайтындар  ұрпағының азғынданғанын айтып қалып та жатыр. 

Бәріміз өмірге келгенде мұсылман емес, алдымен  адам болып туамыз. Өсе келе Құдайға деген көзқарасымыз әр түрлі қалыптасады. Бұл өмірде  Құдай жалғыз. Бірақ оны әркім әрқилы таниды.  Біреу дін арқылы, біреу наным-сенім арқылы. Бар болғаны ол басқа дінге өтті.   Мұнда қандай азғындаушылық  бар?

Ол өмір бойы Ресейде тұрды. Әкесі де орыс. «Ол неге мұндай күйге түсті? Қазақты бұлай тоз-тоз еткен  қандай күш?»  деген сұрақ болмайды бізде. Бірден табалай жөнелеміз.  Әруақтан қорықпайтын болдық. Қазақтың қасиетті ханы, өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалған Кенесары бабамыздың ұрпағын талқыға салып отырғандар өз балаларының болашағы не болатынын, алдарыңда не күтіп тұрғаны жайлы ойланбайды да!

Денис Кенесариннің  жеті атасын жаңғыртып тұрып беріп жатыр екен. Сол жеті атасының  ішінде Алаш қайраткері Әзімхан Кенесарин де бар екен.   Бұрынырақта орыс газеттерінің бірінен осы Әзімхан Кенсариннің шөбересі Нафуса Әзімханқызының сұхбатын оқығанмын. Бүгін сол  сұхбатты  аударып  беруді жөн  санадым.

-Мен өзім туралы айтар болсам, Кенесары ханның тікелей ұрпағымын. Бірақ кезінде мен де, менің ағаларым да  Кенесары ханның ұрпағы екенімізді ашып айта алмадық,- деп бастады әңгімесін  Нафуса Әзімханқызы. Әсіресе, әкем 1938 жылы Алашорда қозғалысына қатысушы ретінде қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін ол туралы мүлде жақ ашпадық десек болады. Әкем тұтқындағаннан кейін үш ай өткен соң атылды. Біздің отбасымыз оңтүстікке, Ташкентке көшуге мәжбүр болды. Мен Ташкент қалалық мектебінің жеті сыныбын бітірдім, балаларға сабақ бердім, оларға  орыс және қазақ тілін үйреттім. Геолог мамандығын бітірген үлкен ағам  Натайды соғыстан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтпаев іздеп, Ғылым Академиясына жұмысқа шақырады. Бірақ Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары хан» туралы кітабы сынға алынғаннан кейін, Кенесары хан ұрпақтары мен оның туыстары туралы үндемеу мүмкін болмады. Бәрі елге түсінікті болды, менің ағаларым жұмыстарынан шығарылды. Натай қайтадан Ташкентке кетуге мәжбүр болды. Тағы бір ағамыз Мадияр да геолог болған, бірақ ғылыми дәрежесі жоқ, ол Мәскеуге кетті. Сөйтіп жан-жаққа тарыдай шашырадық. Мен ҚазМУ-дегі биофак-ты  үздік бітірдім. Ғылыми кеңес аспирантураға түсуді ұсынды, бірақ мені оған қабылдаудан бас тартты. Ауыл шаруашылығы институтына жіберді, мен сол жерде өмір бойы жұмыс істедім. Аласапыран уақытта кейбір төре ұрпақтарының бірқатары тіпті  тегін ауыстыруға мәжбүр болды. Алайда  Натай ағамыз және біз басымызға қандай қатер төнсе де Хан Кененің ұрпағы екенімізді ешқашан жасырмадық.

– Сіз хан әулетінің қай тармағына жатасыз?

 – Чингизидтер тарихын жақсы білетін Тұрсын Сұлтанов деген түркітанушы ғалым бар. Оның “Поднятые на белой кошме”, “Чингисхан и чингизиды” атты монографияларында Шыңғыс ұрпақтарының тарихы және олардың қазақ елінде алатын орны туралы анық сипатталған. Бұрын оның еңбектерімен таныспас бұрын, біздің түп тамырымыз Жошының 14-ші ұлы  Тоқай Темірден басталады деп ойладым. Бірақ үстідегі кітаптарда біздің шығу тегіміз Жошының үлкен ұлы  Орда Еженнен шыққанын көрсетеді. Кітапта төре тұқымының барлық ұрпақтары, олардың қайсысы әйгілі болғаны туралы егжей-тегжейлі жазады. Айта кету керек, Шыңғыс ұрпақтары кезінде екі топқа бөлінді. Біріншісі – Қасым балалары, олар қазақ  елін отарлауға қарсы күресті. Екіншілері – патшалықтың жағына шықты (мысалы, Валихановтар тегі осы тармаққа жатады).

Кенесары Қасымов қозғалысының қазіргі зерттеушілерінің бірі, Анкарадан келген С.К. Жақыпбек есімді ғалым патшалыққа қарсы жүргізген соғысты «қасиетті соғыс» деп сипаттады. Ол Кенесары ханды «өз халқының, өз жерінің мүддесін қорғап қалғысы келген ержүрек батыр адам» деп жазды. Тіпті ресейлік зерттеуші А.Добросмысловтың Кенесары туралы жазбаларында «бұл сұлтан жігерлі, батыл, сонымен қатар керемет ақылға ие адам болған» делінген. В. Потто «бүліктің басында қатал, бірақ дарынды және өте жігерлі тұлға болды» деп жазды. Ал  М.Венюков болса «өзінің қол астындағылар да оны (Кенесарыны) қастерлеуді және оның кез келген жеріне баруға дайын болуды үйренді» деп атап өтті. Кенесарының қайратты энергиясы мен ұйымдастырушылық дарынына қайран қалған. В. Потто оны Шамильмен, ал Семенов-Тянь-Шанский  Риммен соғысқа аттанған Понт патшасы  Митридат VI Евпатормен салыстырды …

     -Бүгінде Кенесарының ұрпақтары көп пе?

    – Көп. Тек біздің елде ғана емес, нәресте кезінде анасы, ағасымен бірге казак отряды тұтқындаған біздің үлкен әжелеріміздің бірі Ресейде қалды. Оны сол жақта күйеуге берді. Сол әжеміздің Ұлы Отан соғысына қатысқан баласы болды. Ол – генерал Моисеевский еді. Анасы оған өлер алдында түп тамырының кім екенің, қай жақтан келгенің айтып кетіпті. Соғыстан кейін ол менің үлкен ағам Натайды тауып, оған хат жазды.  Бұл хат қазір Шота-Аман Уәлихановта сақтаулы.

    Алматыда менің екі әпкем – Аян мен Баян және Тәуке ағам тұрады. Баян белгілі философ Ағын Қасымжановқа тұрмысқа шықты. Олардың қызы Анель де философия ғылымдарының докторы, профессор болды. Әл-Фараби туралы кітап жазды. Мен оны өте мақтан тұтамын. Ұлы Аян-Кеннет – инженер, ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мәскеуде Анатолий Кенесариннің туған ағасы, Мадияр ұлы Александр (Ескендір) Кенесарин тұрады. Ташкентте менің жиендерім Марат пен Манап Кенесариндер тұрады. Менің ұлым Ахмед Мырзабулатов – Кенесарының әйелдер арасындағы ұрпағы.  

 – Сізде атақты Кенесары ханның кейбір бейнелері сақталған ба?

 – Жоқ, сақталған жоқ. Барлық суретшілер қандай да бір себептермен оны Шота-Аман Уәлихановқа ұқсатады.

 – Жылда Кенесары ханның басын Қазақстанға қайтару туралы мәселе туындайды…

– Ия, менің ата-бабамның басы Гохранда екенін білемін. Бұл өте өкінішті, өйткені денені жерге тапсыру керек. Оның үстіне ол кісінің өлімі қорқынышты болды. Қырғыз манаптары Кенесарыны және онымен бірге жүрген адамдардың шағын тобын басып алғаннан кейін, оны бірнеше күн азаптап, содан кейін қатыгездікпен өлтірді. Өлгеннен кейін оның басы генерал Горчаковқа Омбыға жіберілді, ал ол оны өзінде сақтап, кейіннен Петербургке жіберді. Қазір сол Петербургтегі эрмитажда тұр.

Көбісі оны елге қайтаруға тырысты, бірақ бекер. Жалпы, қазақ хандарының сүйектері мен қабірлері Қазақстаннан тыс жерде неге тұр? Мысалы Жошы ханның қабірі бос тұр. Оның бас сүйегі Герасимовтың зертханасына апарып, сонда ұмыт қалды. Ал Қожа Ахмет Яссауи мешітіне жақын орналасқан Есім мен Тәуке хандардың бейіттері кесененің соңғы қалпына келтірілуі кезінде бульдозермен қиратылған болатын. Мен Кенесарының інісі Наурызбай, оның жиендері және қырғыз жерінде қалған тағы 15 қазақ сұлтандары туралы айтып отырған жоқпын.

Мақала авторы: Жанар Канафина

Орысшадан  аударған Гүлбаршын СМАЙЫЛОВА

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған