БАУ-БАҚША ЕГІП, БЕРЕКЕ ТАПҚАН

Ауданымызда жыл сайын бау-бақша егумен айналысып, оны кәсіпке айналдырғандар аз емес.  Оларға мемлекеттің тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдауы үлкен себеп болып отыр.  
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Аманкелді  ауданында бірнеше тұрғын шағын несие алып,  мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақшалар егуге қаржы жұмсады.  Солардың бірі – үрпектік  бағбан Мәди Бейсенұлы Оспан. Ол бау-бақша егумен айналысуда. Үрпектің даласына жеміс ағаштары мен қауын-қарбыз егіп, көл-көсір табыс тауып отыр
.


 Мәдидің айтуынша атасы  – Сәлім ауыл-аймаққа танымал бағбан  кісі болыпты. Атасының кәсібін бойына дарытқан Мәди  биыл осы агробизнесін дамыту мақсатында  Торғай өзенінің бойынан бес гектар жер алып, бау-бақша дақылдарын еккен болатын. Бүгінде Мәми Бейсенұлының  ауласында жеміс ағашы мен көкөністердің сан түрі жайқалып өсіп тұр. Қуаңшылық пен аптап ыстыққа  қарамастан күні-түні еңбектенген оның бау-бақшасы биыл ежептәуір өнім беріп жатыр.  Қазіргі таңда піскен өнімін жинап,  өзінен артылғанын халыққа қол жетімді бағамен сатып, нәпақасын табуда. 

– Биыл өздеріңіз білесіздер, жауын аз жауды. Солай бола тұра қуаң жерлерден де жақсы өнім алуға болады екен. Суды қолмен тасып, бақша қурап кетпес үшін, ала жаздай тыным таппадық.  Мұндай бақшаны өсіру – үлкен еңбек. Көптеген замандастарым бақша егумен айналысады, дегенмен жақсы өнім ала алмай жатады. Мен арнайы бау-бақша өсірудің әдіс-тәсілдері жазылған кітаптарды іздеп жүріп, көп оқимын және ақпараттарға құлақ түремін. Мәселен, қашан суару керек, қалай баптау керек сынды істерді ақпараттарға  сүйене отырып жасаймын. Бүгінде бұл жөнінде біраз тәжірибе жинадым. Өз топырағымызда піскен  картоп, сәбіз, қызылшаның дәмі ерекше ғой. Туған ауылымды, ауданымды ешқандай пестицидтерсіз өсірілген, таза өніммен қамтамасыз еткім келеді », – дейді жас кәсіпкер

Еңбекқор әрі арманы асқақ Мәди 1986 жылы  қыркүйектің 9 күні Үрпек ауылда дүниеге келген. 1991 жылы  Жаңаауыл эстетикалық бағыттағы жалпы білім беретін орта мектеп табалдырығын аттаған.   2005-2007 жылдары Алматы қаласында  әскери борышын өтеді. Одан кейін  келісім шартпен Алматы қаласы, Қарасай ауданы, Ақжар ауылында шекара қызметінде жұмыс жасаған.   Кейін Денсаулық сақтау министрлігінің жеке жүргізушісі болып жұмыс істепті.  Сөйтіп, қалада жүрген жас жігіт «бұл жүргеніміз жарамас» деп, 2016 жылы туған жері Үрпек ауылына оралады. Содан бері бақша егуді қолға алып, шаруасын дөңгелетіп келеді. Несие алуға қолдау көрсеткен аудан басшыларына да дән риза.


– Мен жұмыс талғаған адам емеспін. Алайда өзім осы кәсіппен түбегейлі айналысқым келді. Мұндай бақшаны өсіру – үлкен еңбек. Картоп қарбыз, қауын, қияр, жуа, аскөк, сәбіз, қызылша  т.б көкөністердің  барлық түрлерін егемін. 2016 жылы ауылға келіп,  5 гектар жер алдым. Бала күнімізден еңбек етіп, жеміс-жидектер егіп, кетпенмен жұмыс істеген баламын ғой. Сондықтан қиғалмадым. Отбасын қолдады. Ауданға белгілі агроном Минерал Сәлімұлы  ағамыз да өз тәжірибесімен бөлісіп, маған  бау-бақша егудің қыр-сырын үйретті. Ал менің атам Сәлім Амангелді ауданына 1968  жылы Мақтарал ауданынан  көшіп келіп,  алғаш рет картоп еккен екен. Сондықтан болар бақша егу  бізге қиынға соқпады.  Қанмен келген кәсіп десе де болады. Әкем Бейсенғали да еңбекқор болды. Алайда әкеміз 2016 жылы дүнеден өтті. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген ғой. Әкеміздің бізге өсіріп, баптап кеткен алма,  алмұрт, слива, құлпынай, бүлдірген, қарақат, итмұрын  сынды жеміс ағаштарына толы бау-бақшасы бар. Сол бау-бақшаны өсіріп, одан әрі  гүлдендіріп келе жатырмыз.  «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей ата-бабамыздың  кәсібін жалғастырып келемін. Аллаға шүкір,  өзімнің бес гектар жерім бар. Еңбекпен айналыса жүріп, елдегі демографияға өз үлесімді де қосып жатырмын. Құдай берген  бес балам бар. Жолдасым Жадыра аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейді.  Иман атты ұлым, Еңлік, Ақмаржан, Сәлима, Сынбат атты төрт қызым бар.Тұңғышым  Иман  бау-бақша егуге көмектеседі. Осы балаларымды қатарынан кем қылмау үшін де еңбек етемін, оларды еңбекке баулимын,- дейді кәсіпкер Мәди Бейсенұлы. 

Елімізде көкөністің бағасы қымбаттап кеткен уақытты өз өнімдерін егудің пайдасы зор екені белгілі. Сондықтан жас та болса бағбандықпен айналысып, еңбек етіп жүрген  Мәдидің ісі көпке үлгі. 
 «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деп түсінетін  Мәди бағбанның алда жоспары көп. Бау-бақшасының көлемін бұдан әрі кеңейтіп, жеміс түрлерін көбейте түсуді ниет етіп отыр.Төгілген терді кәсіпке айналдырған Мәдиге «еңбегін жаңа берсін!» дейміз. 

Әнет ЖҰМАБЕК

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.