КҮЙШІ АЙТБАЙ АТА

Көбіңіз күй тартқан күйшіні көріп жүрсіздер ғой. Кейбіреуінің жүзінде  мүлде эмоция байқалмайды. Ал, нағыз дәулескер күйшілердің екі иығын қомданып, қаршығадай домбыраға шүйлігіп, екі қабағы қатуланып, бірде жазылып, киік қол саусақтары домбырада жорғалай отырып, күйдің шырқау шегіне жеткенде әлгінде қатуланып отырған бетіндегі бар әжімі жазылып кететінін аңғардыңыздар ма?! Жалпы қарт күйшілердің күйін тыңдаған сайын маған аспан елестейді. Алдымен бұлттанып түнерген аспан, сосын нөсерін төгіп түнерген бұлттар, сонан соң шайдай ашық көк аспан!

Жалпы, музыкада тіл болмайды. Оны барша адамзат түсінеді. Ертеде Қорқыт бабамыз аңыратып күй тартқанда адамдар ғарыштық сезімді бастан кешкен екен.

Ал енді осы күйді шығарған адамдарды талант демеуге, құдырет демеуге бола ма?! Бала кезімнен барлық өмір жолымен өнер жолына қанық болып өскен сондай құдыретті күйші біздің ауданымызда бар. Әкем ол кісі жайлы талай рет әңгіме тиегін ағытқан еді…Сан мәрте жазды да! Алайда бүгінгі авторлық жобамды Торғай таланттарының көш басында тұрған сол кісіден бастауды жөн көрдім…

…Ауданымызда  біраз  композиторлар тұрады. Солардың арасында жасы үлкені де, тағдыры ерекшесі де  –  Айтбай Мұздаханұлы. Ол кісі Аманкелді ауданындағы Қарасу ауылында тұрады. Биылғы жылы – 77 жасқа толады. Айтбай атаның арнайы музыкалық білімі жоқ. Ол 1958 жылы Аманкелді орта мектебін бітірген. Одан соң  Қостанай қаласындағы электриктер дайындайтын арнайы курсты тәмәмдап, бұрынғы Ленин колхозында еңбек жолын бастаған. Ал  1960 жылы ауданда совхоздар құрылған кезде жұмысын  «Коммунизм жолы» совхозында жалғастырған. Сол жылы Қарасу ауылына  Торғай өлкесі бойынша Құрманғазы атындағы Консерваторияны тұңғыш бітірген үлкен өнерпаз Төкен Елтебаев бастауыш комсомол ұйымының секретары болып келеді. Жалындап, лаулап жүретін, адам баласын жатырқамайтын  Төкен Сауытбайұлы совхоз жастары ішіндегі өнерлілерін бауырына тартып, олардан оркестр құрады, әншілермен концерттер ұйымдастырады. Төкен ағайдың ықыласы сол жастардың ішінде Айтбай Мұздаханұлына ерекше ауады.

–        Байқаймын, сенің домбыра қағысың көңілден шығады.Ата-анаңда домбырашылар бар ма еді?- дейді Төкен.

–        Ия, менің әкем Мұздахан да, анам Кәбира да домбырашы кісілер. Әкем менің жас кезімде Жыланшықтағы Талғұй деген жерде қайтыс болыпты. Ал анам бар. Мен домбыраны анамнан үйрендім, – дейді Айтбай.

 Төкен жетекшілік ететін комсомол ұйымының жастары спектакльдер қойып, оркестрде ойнайды. Концерттері де сәтті шығады. Ауданда жүлделі орындарға ие болады. Олардың өнерге деген сүйіспеншілігін Төкен ағалары арттыра түседі. Ол кісі жастарға өнердің қыры-сыры туралы ұлағатты әңгімелер айтады. Әрқайсысының өз қабілеттерін ашуына мүмкіндік жасайды. Жан баласына ренжімейтін Төкен күйші ауылдың өнерпаз жастарын жақсы баулиды. Сол жастардың арасынан суырылып шыққаны Айтбай болады. Төкен оның кейде домбырада өзгеше бір әуендерді ойнап жүргенін көреді. Бірде «Айтбай, сенің тартып жүрген әуенің маған бейтаныс. Бұл кімдікі»?- дейді. Айтбай күмілжіп, «өзімнің әуенім ғой» дейді. Бұл – 1963 жылдың ақпан айы еді. Аудан жұрты  халық батыры Аманкелді Имановтың 90 жылдығын атап өтуге дайындықты бастап кеткен еді. Төкен болса «мынау әуеніңді жетілдіре түс» деді. Содан күндер өте берді. Төкен Кемердегі  мектеп интернатқа мұғалім болып ауысып кетті. Айтбай күнде жұмыстан келген соң санасына сіңген әлгі әуенді барған сайын үдете түсті. Оның мына қылығын көрген анасы «Балам, сен әкең марқұм сияқты күйші болмасаң нетті? Осыбір әуенді шертіп жүргеніңе біраз болып қалды ғой? – деді.

Айтбай  жазда аудан өнерпаздарымен бірге Алматыға барды. Жерлестерімен бірге өнер көрсетті. Келесі күні Төкен оны ертіп Нұрғиса Тілендиевке барды. Нұрағаң Айтбайға шертіп жүрген әуенін тарттырып тыңдап, «бауырым-ау, сенің мынауың күй ғой. Өзі дүбірлеп тұр ғой. Мұның аты «Аманкелді дүбірі» болсын. Енді халықтың алдында тарт, ұялма» деп батасын берді.

  Осылайша қазақтың  ұлы күйші-композиторынан  ақ бата алған  Айтбай Мұздаханұлының  күйшілік  жолы  басталды. Осыдан кейін бірінен соң бірі жарысып әралуан күйлер туды. Есімі облысқа, республикаға таныла бастады. Көңілі көтеріліп, шабыты шарықтап жүрді. Амал не, оның бұл қуанышы ұзаққа бармады. Өткен ғасырдың 70-інші жылдардың ортасында өзі жұмыс істейтін мал бордақылау цехында қақалып қалған станоктың алқымындағы түйдектеліп  жиналып тұрған  жүгері сүрлемін  оң қолымен суырып аламын дегенде күтпеген жағдай болды. Станок оң қолының білегін ортасына дейін турап түсті. Қызыл қан аспанға шапшыды. Не болғанын білмей қалды. Жанындағы жолдастарының «Сұмдық-ай, сұмдық-ай» – деп жанұшырып жүгіріп жүргендерін көрді. Есі шығып кеткен Айтбай олардың өзін келіп құшақтап жатқанындарын білмеді. Не керек, суық  хабар совхоз басшыларына жетті. Олар Айтбайды аудан орталығындағы ауруханаға жеткізді. Сонда жатып, емделіп шықты. Бұл жәйт оның жанына қатты батты. Сол кезде Арқалық қаласында тұратын, сондағы С.Қожамқұлов  атындағы облыстық драма театрының директоры Төкен Елтебаев келді.Ол осыған дейін оның барлық күйін нотаға түсірген кісі еді. Айтбайдың барлық саусағынан айырылған, ақ дәкеге оралған оң қолын көріп, жылап жіберді. Оны көріп,  Айтбайдың  да көңілі босады. Біраздан соң есін жиған Төкен:

– Бауырым, уайымдама, саған менің  көмегім әзір. Бұл тосыннан жолыққан қайғы-қасірет сенің жүрегіңнен ғажайып жаңа күйлердің тууына себепкер болады. Адам жанын тебірентетін күйлер кейде осындай қайғылы оқиғалардан соң туады. Алла саған тосыннан керемет қайғы жіберсе, енді сондай деңгейде күйлер сыйлайды. Жасыма, жігерлен! – деп тың күш тарту еткендей болды.

  Өз жанынан да артық көретін Төкен ағасының бұл сөзі Айтбайдың еңсесін басқан қайғыдан арылып, өз-өзіне келуіне серпіліс берді.

  Айтқандай-ақ көп өтпей композитор – бірінен бірі өткен күйлерді өмірге әкелді. Соның бірі –Шақшақ Жәнібек атамызға арналған «Тархан баба» күйі. Бұл күй – 1993 жылы бабамыздың 300 жылдық тойы қарсаңында туды. «Тархан баба» – қазақтың күй өнеріндегі өзгеше туынды. Бұл күй музыка зерттеушілері мен мамандарынан арнайы зерттеуді тілейді. Мұнда қазақы әуезбен қатар түркімен әуені де анық байқалады. Бұған себеп Айбай ата өткен ғасырдың 70-інші жылдарының басында одақтағы күйшілермен бірге байқауға қатысу үшін Түркіменстанға барады. Сонда ол байқаудың жеңімпазы атанады. Түркімен әуендеріне құмартады.Оларды қапысыз танып, меңгеріп алу үшін Түркіменнің атақты өнер шеберлерімен пікір алысады, өнерлерін тамашалайды. Байқаудан соң үш күн бойы олардың күйшілерінің шеберлігімен  жете танысады. Міне, жүрегінде жатталып қалған осы әуен Жәнібек батырдың бейнесін күй тілімен жасауда көмекке келді. Батыр бабаның қазақтың еш батырына ұқсамайтын маңғаздығы мен сырбаздығын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, көсемдігі мен шешендігін, тәккәпарлығы мен өрлігін өзгеше бір әуенмен паш етеді. Жалпы Айтбай атаның қай күйін алсаңызда санаңызды әлдилеп, жүрегіңді тербейді. Елдік пен ерлікті өзінше сомдайды.

  Күй – тіл мен діл және өнердің басқа түрі жеткізе алмайтын адам жанының толқыныстарын әуенмен әдіптейтін өнер. Оны тыңдаған адамдар қай ұлттың өкілі болсын түсіне алады. Күйдің өнердің басқа түрі тең келмес құдіреттілігі де осында. Осы айтылғандардың бәрі Айтбай атаның күйлерінде бар. Ол кісі бақытты жан. Оның жолын қызы, республикалық мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, күйші-композитор Анар Мұздаханова жақсы жалғастырып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Астанадағы Конгресс Холда Айтбай атаның концерті қойылды. Концерттің алдында Елбасымыз Н.Назарбаевтың оны 70 жасқа толуына арналған Құттықтауы  оқылды. Концертке  еліміздің таңдаулы зиялы қауымы қатысты. Сол концертте атаның оң қолына сым саусақ тағып алып, күй тартқанын тамашалаған жұртшылық бастарын шайқады.Ал Анарының күй тартқанын көрген қауым әке мен бала өнерінің арасындағы жалғастықты көріп шаттанды. Халық сым саусақпен ғажайып күйлер туғызған күйшіге дән риза болды.

  Ата күйлерінің алғашқы  кітабын әріптес інісі Қалибек Деріпсалдин шығарды. Кейін облысымызда әкім болған Сергей Кулагин күйлері мен әндерінің үлкен кітабын шығарып берді. Бүгінде атамыздың күйлері қазақ радиосы мен телеарналардан беріліп тұрады. Оларды тыңдағанда жаның жадырап, рухтанып қаласың. Бір нәрсе анық: атаның  күйлері туған халқымен жасай береді.

Ақнұр МҰСАБАЕВА

Нұр-Сұлтан қаласы

Суретте күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Айтбай МҰЗДАХАНҰЛЫ.

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.