
Туристік кешен жұмысын қолдау мақсатында аудандық және облыстық бюджеттен отыз жеті млн теңге қаражат бөлінген болатын.
Бөлінген қаражат туристік кешен жанына автотұрақтар салып, Ахмет Байтұрсынов көшесінің асфальтын туристік кешенге дейін салып және Торғай-Арқалық тас жолына жалғастырып, кешен маңайын абаттандырып, жарықтандыру мақсатында жұмсалатын болады. Осы жұмыстардың барысын облыс әкімінің орынбасары Ғауез Торсанұлы көріп, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.
Туристік кешен Аманкелді ауылының іргесінде, елдің орталығы мен батысын жалғайтын тас жолдың бойында салынып жатыр. Аумағы – жеті гектар. Кешен ішінде жалпы саны 12 нысан бой көтереді. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Олар әлемнің жеті кереметіне кіретін әрі тарихи маңызы зор нысандардың көшірме үлгісі ретінде салынады.
Аманкелдінің іргесінде орналасқандықтан, Торғайға алыс-жақыннан келіп демалатындар өте көп. Сондықтан, туристерге қолайлы жағдай жасап, келушілер санының арта түсуіне көпатқарымды кешен көп септігін тигізбек.


Сондай-ақ Сапар Ысқақов туристік кешеннің жанына Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай Торғай өңірінен шыққан 12 белгілі тұлғаларға ескерткіш тақта қойуды жоспарлап отыр. Оның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов бар.

Сондай-ақ Сапар Ысқақов ағамыз мұнда тіпті шет елден келетін туристерді тарту үшін Сақтардың саунасы болатынын да айтқан болатын. Ол өз сөзінде «Сақтардың саунасы дүниежүзіндегі елдерде кездесе бермейді. Оның жанына біз киіз үй тігіп отырмыз. Кешен аумағында қызғалдақ үлгісіндегі мұражай, египеттегі пирамида, мая тайпаларынан қалған Чичен-Ица үлгісінде мемориал, су бұрқақтар мен бассейндер салынады. Сондай-ақ жапон, ағылшын және қазақ бағын өсіру жоспарланған,- деген болатын.
Осы жұмыстардың барысын облыс әкімінің орынбасары Гауез Торсанұлы көріп:
– «Болашақта жоғарыдағы объектілерді зерделеу арқылы Торғай даласының жаңа тарихы, өлкені мекендеушілердің ежелгі өмірі мен мәдениеті туралы материалдық һәм рухани жаңа ақпармен қанық боламыз. Кешенде туристердің тынығуына арналған қонақ үй, тамақтану орындары да салынады. Құрылыс сәтті аяқталса, тарихы бай Торғай өңіріне туристерді көптеп тартуға және көне өркениеттің ізі саналатын геоглифтердің құпиясын ашып, насихаттауға септігін тигізбек,- деді.
Ғауез Торсанұлы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, ой пікірін білдірді.
Гүлбаршын ЖҰМАДІЛДАҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген: Бибит МИРАМҰЛЫ
syntas.kz