
Таяуда Қарасу ауылында 1982-2000 жылғы туған азаматтар ауыл әкімі Ғасырсейт Қоржынбаевтың бастамасымен жоба құны 8 млн тұратын әдемі қақпа тұрғызды. Ауылдың азаматтары Дауғарин Сағадат, Есполов Руслан, Жанарбаев Ерғали бастаған 1983-1984 жылы туылған жігіттер ұйымдастыру жұмыстарын жүргізсе Абильдин Олжас, Жүнісов Ғабдылмажит, Шаяхметов Жанат қақпаның құрлыс жұмысын уақытпен санаспай атқарып шықты. Бұл ауыл азаматтарының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған ауызбіршілігі мен татулығын көрсеткен жұмыла кіріскен бір іс болды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы жерлес кәсіпкер жігіттер Әбилдин Аслан Ерболұлы, Сәтжанов Ерлан Бақытқалиұлы қақпаның құрлысы жұмыстарына қаржылай көмек жасады.
Тойлары тойға ұласқан қарасулықтар арканың ашылуына тағы бір мәрте жиналып, ашылу рәсімін жасады.


Құрлысқа ат салысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Арканың ашылу лентасын қиылды. Ал, ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашты. Ауылдың қадірменді ақсақалы Дулат Баймолдин жиналғандарға бата берді.

Бұдан әрі рәсім мерекеге айналып, киіз үй тігіліп, ауыл өнерпаздары әнмен шашу шашып, шағын театрландырған көрініс пен автошеру өткізілді. Бұл көріністер жиналған жұртшылыққа әсерлі көңіл күй сыйлады. «Көкпар» сайысы , қошқар көтеру сияқты ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Сыртта жүрсе де , ауылда жүрсе де өздері туып-өскен топырақты қадірлеп, қашанда оған жанашырлықпен қарайтын қарасулықтардың бұл жақсы істері өзге ауыл тұрғындарына да сіңісті болса игі.
Syntas