ЖАС КӘСІПКЕР ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

ІС БАСТАЙМЫН ДЕГЕН АДАМҒА ҚОЛДАУ КӨП

Ауданымызда 2018 жылдан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізін оқыту жұмыстары қолға алынып келеді.

Жобаның негізгі мақсаты жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа тарту және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды оқыту, сонымен қатар нақты жобаларды кезекті қаржыландыру болып табылады. Атаулы бағдарламаның аясында 2018 жылы 23 адам әр түрлі жобалар бойынша өз бизнес жоспарларын қорғап, қаржылай қолдау арқылы микроқаржы ұйымы «Атамекен Қостанай» ЖШС негізінде шағын несиелерге ие болса, 2019 жылы да 43 аудан азаматтары «Бастау Бизнес» бағдарламасының барысында түрлі жобалар арқылы несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Осындай өз кәсібінен нәсіп тауып отырған жастардың бірі – Абай Бейсенғалиұлы Шарафи.

Абай 1995 жылы Амангелді ауданында дүниеге келген. Аудан орталығындағы Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде 11 жыл білім алып, білім ордасынан 2012 жылы түлеп ұшқан. Кейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде азық түлік өнімдерінің технологиясы мамандығы бойынша білімін жалғастырып, 2016 жылы дипломын қолына алады.

Жоғарғы оқу орнын енді тәмамдаған жас маман өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Дегенмен қалыпты жұмыстың болмауы Абайға жаңа мүмкіншіліктерге жол ашты. Себебі 2019 жылдың күз айында өз кәсібін бастауға ниеттенген ол «Халықты жұмыспен қамту» орталығына тіркеліп, жоғарыда аталған «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығы жанындағы «Еңбек» бағдарламасы аясында 1 ай көлемінде білім алып, кәсіп бастауға өз бизнес жоспарын ұсынады. Нәтежиесінде ұсынған жобасы қолдау тауып, 6% яғни 2,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге ие болды. Берілген несие бойынша 7 бас жылқы малын алып, қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар.

-Мен кәсіпкерлік жолға енді түстім. Білгенімнен білмегенім көп. Осы орайда менің білімімді жетілдіруге, ісімнің алға басуына себепкер болған, кәсіп ашуыма дәнекер болған алдымен «Халықты жұмыспен қамту» орталығына, кейін «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығына өз алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде елімізде іс бастаймын деген жанға қолдаулар көп. Бұл өте қуантарлық жағдай. Сол қолдауды сезініп бүгінде мен де өзімнің шағын ісімді қолға алдым.

Алдағы уақытта сатып алынған 7 бас жылқыны көбейтіп, кәсібімді кеңейту, сондай-ақ аудан, алыс-жақын қалаларды қымызбен қамтамасыз етіп, ісімді өрге домалату алға қойған нақты жоспарларымының бірі, – дейді Абай Бейсенғалиұлы.

Абай тек қана осы саламен ғана шектеліп қалмақ емес. Сонымен қатар осы мамыр айында тағы да мемлекеттің қолдауымен қайтарымсыз ниесие алып, facfood өнімдерін сататын,

яғни донер, хот дог сынды бүгінде сұранысқа ие тамақ өнімдерімен айналысу алдағы жоспарларының бірі.

Хәкім А.Құнанбаевтың «Ісім өнсін десеңіз ретін тап» деген ұлағатты сөзі осындайда еріксіз еске түсетіні жасырын емес. Істің ретін тауып, алдына айқын мақсат қойып отырған жас кәсіпкерге толағай табыстар мен ісіне береке тілейміз!

Күнжамал КЕНЖЕАХМЕТОВА,

өз тілшіміз

Суретте: жас кәсіпкер Абай Шарафи шаруашылық барысында.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.