ҚҰРЫЛЫС БАСТАЛДЫ

Көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй

«Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі» деп президент Қасым-Жомарт Кемелұлы көпбалалы және мүгедек балалары бар отбасылардың баспанамен қамтамасыз етілуіне ерекше ықылас білдірген болатын. Осындай игі істі ілгерлетуде ауданымыз қашанда қалыс қалған емес.

Осыдан бірнеше ай бұрын Амангелді ауданының әкімі Ә.Асановтың бастамасымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше саланың мамандары жинақталған мекемені босатып, азаматтарды басқа кешендерге орналастырған болатын. Нәтижесінде бос қалған мекемеге саз мектебі ауыстырылып, мектеп орнына бүгінде жатақхана үлгісінде жасалған 11 пәтерлі үйдің ішкі және сыртқы кешені жаңартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жұмекенов Мейрамхан Ерғалиұлының жетекшілігімен атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары қарқынды атқарылып, біршама жұмыстың деңгейі орындалған.

Заман талабына сай салынып жатқан пәтер құрылысының кафель тақтасын жапсыру жұмыстарын Мусагалиев Шыңғызхан Төкенұлы өз қолына алса, өзге де жауапты жұмыстар арнайы мамандардың мойнына тапсырылған.

Қазіргі таңда өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде әлем халқының 970 миллионы ерікті болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда. Президентіміз де осы орайда 2020 жылды “Еріктілер жылы” деп жариялағандығы көпке мәлім. Басты мақсат – ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе, жастарды тарта отырып, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру болып табылады.

Еріктелерге ерекше басымдық берген осынау жылда ауданымыздың жастары да аталған шарадан шеттеген емес. Жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысына ауылдық округтың бюджетінен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталғанымен, қаржының жетіспеушілігіне байланысты ауыл еріктілері өз еріктерімен аталған жөндеу жұмысына көмек қолдарын созуды жөн көрген.

Ы.Алтынсарин, Амангелді, Ә.Боранбаев, Б.Қолдасбаев орта мектептері, аудандық аурухана, электр жүйесін тарату мекемесі, саз мектебі, мәдениет үйі мен кітапхана, ауылдық әкімшілік, сондай-ақ ішкі саясат пен жастарды қолдау бөлімінің азаматтары бір, болмаса екі пәтерден бөліп алып, ішкі әктеу, сылау, сырлау сынды жұмыстарды бір кісідей бірлесе атқаруда.

Халқымызда «Қайрымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – деген даналық сөз бар. Асыл дінімізде де «Амалдар ниетке байланысты» дейді. Не нарсеге ниет етесің, соған сай қарымын аласың. «Әр қазағым – менің жалғызым» деп, шынайы жанашырлықтың үлгісін көрсетіп, баспанасыздықтың әлегі жанына батқан әр көпбалалы ана мен аз қамтылған отбасыларға алақан қолын созсақ, Алла да бізді есеп күні елеусіз қалдырмас…

Күнжамал СЕРІКҚЫЗЫ,

Өз тілшіміз

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.