Мәмбет Токкулиннің Сынтас жағасына еккен 9 түп жеміс ағашы, 5000 түпке көбейген

       Біздің қоршаған ортамыз қашанда жасыл желегімен, бау-бақшамен көрікті. Табиғатты әсемдендіру – адамзат алдындағы басты құндылықтардың бірі. Қазақ тарихына үңілсек табиғаттағы тіршілік көздерін адамның сипатымен байланыстырған сөз тіркестерін кездестіреміз. Мысалы: «Тал шыбықтай бұралған» , «Гүлдей жайнаған» сияқты теңеу сөздер мен басқа тіркестерді көп байқап жатамыз. Демек қазақ халқының тұрмысы ежелден табиғатпен үйлесім тапқан. Тіпті ұрпаққа «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп аманат артқан. Бүгінде сол амантқа қиянат жасамай, дәстүрді жаңғартып келе жатқан көне көз қариямыз жайлы сыр шертпекпіз. Ол – Амангелді ауданына белгілі бағбан  Мәмбет Токкулин ақсақал.

Мәмбет ағамыз бүгінгі күні жиырма жылдан астам уақыт Сынтас өзенінің маңын қоныс етіп келеді. Елден естіген әңгімеге көз жеткізу үшін арнайы барып, өзімен тілдесіп бақшасын көріп келдік. Амандық-саулық сұрасып бірден бақшасына беттедік. Ондағы өсіп тұрған жеміс ағаштарын көргенде көз сүрінеді. Алма, алмұрт, апорт, шие, өрік, құлпынай, таңқурай, қарақат, ырғай (ирга), бөртегүл (сирень), қарлыған (крыжовник) сияқты жеміс ағаштары мен талдарының түр-түрін кездестіруге болады. Бас аяғы бес мың талдан астам дейді.

Алғаш рет 2000-шы жылы Нұрсұлтан қаласынан тоғыз тал алдырып отырғызған. Содан бастап жақсы күтім көрсеткен ақсақал осындай жетістікке жеткен. Әр талдың қасынан өткенде оның күтімі мен өнім беруінің ерекше әдістерін айтып берді. Қызығушылық тудырғаны талдардың биіктігі мен тамырының жуандығы. Бұрын-соңды жеміс ағашының ондай үлкендігін көрмеген мен үшін бұл таңғажайып құбылыс болды. Ақсақалдың айтуынша, жыл сайын ауданымыздағы ағаш бақтарына тал еккенде арнайы осы кісінің бағынан талдар алынады екен. Тіпті бақшадағы ағаштарына құда түсушілер көп. Ары – бері өткен жолаушыда ықылас танытып, сұрап әкететін көрінеді. Арқалық, Қостанай қалалары мен жақын ауылдардағы бағбандар да сұрау салып, өз бақтарында құлпыруын қалайды. Амангелді ауданының  90 жылдығы қарсаңында 900 тал сыйға берген деседі. Қысқасы не керектің бәрін кездестіріп, тамашалап, ұнатқаныңды алуға болады. Ақсақалды бір қынжылтатыны жыл өткен сайын ағаштарға күтім жасау қиындап барады. Бір-бірімен жарыса өскен талдардың қалыңдығы үсті-үстіне  ұлғайып жатыр.

Шамасы келгенше қазып алып, араларын алыстатып отырғызуда. Аралары тым жақын болса, талдардың тамырлары бір-бірімен араласып, өсулеріне мұрша бермейді. Ағамыздың жасы үлкейгендіктен еңкейіп, араларына кіріп 5000 түп ағашты суару мен топырақ салу ауыр жұмысқа айналған. Сол себепті ақсақал көмек қолын созатын жастарға үміт артып, сеніммен қарайды. «Бақша отырғызып, тал егем деушілер болса қашанда құшағым ашық»,- дейді ақсақал. Іздеп келіп, сыр бөліскенімізге ағамыз қуаныш білдіріп, алғысын айтты. Бізде дәстүрді сақтап, жаңғыртып жатқанына ризашылығымызды білдіріп, ақ тілегін арқалап кеттік. Шынымен, табиғаттың көркеюі мен аудан дамуына үлес қосуымыз – қай-қайсымыздың болмасын міндетіміз. Қоршаған ортаны қорғап, аялаудан аянбайық, ағайын!

Ернұр ӘУЕЗХАН,

өз тілшіміз.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.