Ақсайда атқарылған жұмыс көп

Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлдені. Ауыл іргесінің бекем болуына жасалып жатқан оң шаралар мемлекеттің мейілінше қарыштауына жол ашары сөзсіз.

Қазақ мемлекетінің қалыптасуы және дамуы негізінен ауыл өмірімен тікелей байланысты. Ауыл болуы үшін оның тірлігін пайымдайтын әртүрлі жағдайлар қажет. Бұрынғы замандарда көшпелі қазақ халқының тіршілігі көбінесе мал өсіру мен оны пайдалану мүмкіншілігіне байланысты болды. Қазіргі нарықтық экономика қоғамында ауыл болашағы әлемдік өзгерістерге сәйкес көптеген факторлардың, яғни табиғи-климат жағдайы, демографиялық, саяси-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық, халықтың тұрмыс деңгейі және тағы басқалардың әсерімен анықталады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Үкімет ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөлуде. 

Ақсай селолық округі аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекен болса да, бірлігі мен тірлігі біте қайнасып жатқан ауылдардың бірі. Негізгі күнкөріс көзі мал мен егін шаруашылығы болған Ақсай ауылының бүгінгі жай-күйі көңіл қуантарлық, атқарылып жатқан жұмыстардың қарасы аз емес.

341 тұрғын мекен ететін ауылда бүгінде 19 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 7 жеке кәсіп көздері жұмыс жасап, өрісін кеңейтіп отырса,  85 оқушыға білім беріп отырған білім ордасы мен кітапхана, мәдениет үйі өз алдына қызметін тұрақты атқарып отыр. Ауылда соңғы 1 айда жасалып жатқан жұмыстардың көптігі де көңіл қуантарлық.

Оқушы тұлғасының қалыптасуына қолайлы жағдай жасау, оның сапалы білім алуымен қатар қоғамдық, мәдениет, спорт салаларында да кенже қалып қоймауын қадағалау өте маңызды. Осы орайда ауыл тұрғындары балаларының дамуына ерекше көңіл бөле отырып, бүгінде тұрақты жұмыс жасап отырған мектептің спорт залына ауыл халқы болып 8 млн теңге көлемінде қаражат жинап, күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Бас аяғы 12 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады деп жоспарланған жөндеу кешені келер оқу жылында оқушылардың спортпен белсенді айналысып, тұрақты жаттығумен айналысуларына мол мүмкіншіліктер  туғызғалы тұр. Сондай- ақ ауылда қазіргі таңда арнайы бокс секциясы да жұмыс жасап тұр.

Жөндеу жұмыстары жасалып, оң шешімін тапқан тағы бір мәселе – мектеп дәретханасы. Мектепті тәмамдағандарына 35-40 жыл болған түлектердің демеушілігімен қазіргі таңда мектептің дәретханасына жөндеу жұмыстары жасалып, заманауи үлгіде жасақталып жатыр. Оқушыларға барынша қолайлы жағдайды қарастырып отырған мектеп бітірушілер алдағы уақытта оқушылардың мектептің ішкі дәретханасын пайдаланатындығын айтады.

Ұзақ жылдардан бері халықтың жамбасына батып келе жатқан күн тәртібіндегі бірінші мәселе – жол. Иа, ауылдан 16 км қашықтықта орналасқан Жалдама-Қостанай тас жолына жету ауыл тұрғындары үшін өте қиын. Жазды былай қойғанда қыс мезгілінде қиындығы еселене түсетіні жасырын емес. Биылғы жылы Республика бюджетінен 12 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, жол мәселесі шешімін тапты. «Алюминстрой» ЖШС мердігер компаниясы салып жатқан 16 шақырымдық жол шілде айында пайдалану беріледі деп күтілуде.  

Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша көңіл бөлу –  шынайы патриотизмнің  белгісі. Елім, жерім деп мақтану бір бөлек, кіндік қаның тамып, бесігі әлдилеген өлкеге қол  ұшын созып, гүлденуіне ат салысу өз алдына.

Ел азаматтарының туған жерге үнемі ат басын бұрып, қашанда қарайласып жүретінін әр уақытта айтып та жазып та жүрміз.

Қашанда жанашырлығын дәлелдеп, туған өлке іргесінің өркендеуіне өз септігін тигізіп жүрген сондай ел ағасы, 55 жылға жуық уақыт мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан музыкант, дирижер Сапарғали Ахметжанов.

Белгілі музыкант жуырда өзінің жастық ғұмыры өткен Ақсай ауылына келіп, аудан әкімі Әмірхан Біркенұлының бастамасымен жалғасын тауып келе жатқан «Әр үйге бір домбыра» челленджін қолдау мақсатында көп балалалы 2 отбасына өз атынан домбыра тарту етіп, игі іске мұрындық болды. Сондай-ақ аудан мектептері бойынша екі мектеп ұжымында домбыра сыныбы бар екенін ескерсек, соның бірі Үрпек ауылында болса, екіншісі осы Ақсай ауылдық орта мектебіне тиесілі екенін еске сала кетеміз және де домбыра сыныбының ашылуына бірден бір себепкер болған да Сапарғали Ахметжанов.

Сонымен қатар Сапар Ахметжанұлы аталған ауылда былтырғы жылы іргетасы қаланған «Жастар саябағы» мен мектеп ауласына бірнеше гүл көшеттерін отырғызып, елге деген ерекше  ілтипатын білдірді. Ауылдың тумасы, бүгінде гүл өсірумен айналысып отырған  Сандуғаш Молдабайқызы Ілиясова есімді азаматша шетте жүрсе де аталған саябаққа өз гүлдерінен тарту жасап, ауыл тұрғындарын қуантып кеткен жайы бар.

Ауылдың көркеюі – еліміздің көркеюі деп білу керек. Себебі бүкіл қазақы болмыс пен ұлт­тық құндылық осы ауылдан басталады. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген дана хал­қымыз. Өсіп келе жатқан жас буынға Отанды сүюді, туған жер­ді, туған елді қадірлеуді сөзбен емес, осындай нақты іс­термен көрсете білгенге не жетсін?!

Ауыл әкімі Шоқан Қуанышұлы ауылдың жылдан жылға көркейіп келетіндігін, ауылға қарасатын азаматтардың да аз еместігін, шаруа қожалықтардың жағдайлары жайланып, бүгінде халықтың әл ауқаты әлде қайда жақсарғандығын айтады.

Үнемі ізденіс пен талмай еңбектенгеннің арқасында Ақсай ауылының бүгінгі айнасы осындай. Қашанда қарыштап даму мен жаңашылдық жаңа бастамаларға жол ашатындығы  сөзсіз. Жаңашылдықты жандарына серік еткен Ақсай ауылына көркейіп, кемелдене берсін дегіміз келеді.

К.Кенжеахметова,

Өз тілшіміз

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.