Тәтті де, сәтті кәсіп

Мемлекеттік қолдау мен қайтарымсыз несиеге табысқа жетеледі

Перизат Нұрланқызының  Амангелді ауданына келін болып түскеніне 3 жылдай уақыт болды. Қызылорда облысының тумасы  болса да жат жерді жатсынбаған оңтүстіктің аруы бүгінде ауылымызда шағын кәсібін айналдырып отырған жайы бар. Отбасы мүшелеріне, үйге келген қонақтардың дастарханына  жасаған тәттілеріне тәнті болып, талабын байқаған жақындары Перизатқа тапсырыс қабылдауға ұсыныс білдіреді. Алайда алғашқыда «қалай болар екен» деген сенімсіздік болғаны да жасырын емес. Дегенмен тапсырыс берушілер тарапынан оң пікірлер түсе бастағанын байқаған жас келін, бастауының бекер емес екендігіне көзі жетеді.

Кәсібін кеңейтуді әрі заңдастыруды көздеген ол, 2019 жылдың күз айында «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығында білім алады. Алайда бұл жолғы қадамы сәтсіз болып, 2020 жылдың наурыз айында қайтадан өз бизнес жоспарын ұсынады. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан жобасы 530 200 теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге қолжеткізеді. Нәтежиесінде көптен күткен бірнеше тортты қатар пісіруге қауқарлы пеш,сурет шығаратын принтер, миксер мен пісірген тәттілерін сақтайтын мұздатқыш алып, бұрынғы жұмыстары екі есе жеңілдейді.

Перизаттың кәсібіне карантин кесірін тигізе қойған жоқ. Тапсырыс саны артпаса күні бүгінге дейін кемімеген. Кемі 20 тортқа тапсырыс қабылдайтын келіншек, қарапайым бисквитті торттан, сұранысқа ие «Вупи пай», «Сүтті қыз», «Қызыл бархыт», «Сникерс», сонымен қатар үлкен тойларға бірнеше қабатты торттарды да жасап жүр. Жасаған тәттілерінің бағасы да ауыл тұрғындарының қалтасына ауыр тимейді. Ең көп сұралатын бисквитті торттың құны 1500 теңге болса, қалған торттарының бағасы салмағына қарай шамамен 5-6 мың теңгенің көлемін құрайды.

–  Тәтті пісіріп, жақындарымды қуанту менің сүйікті ісім. Осы ісімді ілгерлетіп, кәсіп ашуға деген ынтамды ашқан алдымен ата-енеме, жолдасыма ерекше алғысымды білдіргім келеді. Кішкентай 6 айлық баламен күніне 20 тортқа заказ қабылдау әрине жалғыз өзіме оңай тимес еді. Осы орайда енем балама қарасып, қайын сіңілім торт жасауға жәрдемдесіп,жұмысымды жеңілдетті.

  Алғаш тапсырыс қабылдап жүрген кезімде түнімен ұйықтамай тәтті пісіріп, келесі күнге дайындап қоятынмын. Алайда қазір үлкен пеш алған соң, уақытым біршама үнемделді. Оның үстіне жаныма бір көмекші  алдым.

«Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек», – деп алты алаштың ардақтысы жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, қай салада болмасын әуелі білім керек. Себебі білімсіз биікке өрлеу мүмкін емес. Сол себептен де алдағы уақытта үлкен шеберлік сабақтарына қатысып, білімімді осы салада арттырғым келеді. Ауыл тұрғындарына әлі де болса сапалы дүниелер ұсыну басты ниетім, – дейді жас кондитер Перизат.

    Ендеше, тәтті торттары  мақтауға да сұранысқа да ие жас кәсіпкерге ісіңіз жемісті болып, еңбегіңіз жана берсін деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Күнжамал КЕНЖЕАХМЕТОВА,

өз тілшіміз.

Суретте : Жас кәсіпкер Перизат  Нұрланқызы Аймағанбетова.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және syntas.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.