Қуғынға түскен Қуандық атам және Молдырахмет қажы

Қуандық МҰСАБАЕВ – 1898 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жиделі ауылында дүниеге келген. 1913 жылы Батпақарада ашылған 4 сыныптық орыс –қазақ мектебінің тұңғыш түлектерінің бірі.
30 жыл Ақмешітте керуенбасы болған, Парсы, Ауған, Иран, Ирак, Саудия сынды елдерге барып, кіре тартып, сауда-саттықпен айналысқан, 6 рет қажылыққа барған, Ұлытауда аты шыққан әйгілі саудагер Мұсабай қажының төрт баласынан қалған жалғыз тұяқ еді.

Қуандықтың әкесі Мұсабай қажы Беркіндіұлы – 1845, Жылан жылы Торғай үйезі, Қызылжыңғыл болысында туған. Жасынан сауда-саттықпен айналысқан. 25 жасынан бастап бұрынғы Ақмешіт қаласында 30 жыл керуенбасы болған. Адал саудамен байыған. Құрдасы әрі досы Молдырахмет қажы Қыдырәліұлымен бірге 6 рет қажылыққа барған. 55 жасында керуенбасылықты қойып, атамекені Ұлытаудағы Қызылжыңғыл болысына көшіп келген. 1906 жылы Батпаққарадағы туыстарының шақыртуымен Торғай өңіріне қоныс аударған. Мінезге бай, сабырлы, қазақ тарихын жақсы білген шежіреші. Оның балалары Бірмән (1884-1919), Өмен (1888-1917.02.21) 1916 жылғы Торғай ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Өмен ең соңғы Доғал соғысында ерлікпен қаза болған. Ол А.Имановтың орынбасары және Қараторғай болысының мыңбасысы болып сайланған. Жасы кіші болса да Аманкелді Имановпен үлкен достықта болған. Ол 29 жасында қаза болғанда ағасы Файзолла Сатыбалдыұлы «Өменді жоқтау» деген жыр жазған. Оның батырлығы ел арасында көптеп айтылды. Әкем Өмен атам жайлы ештеңе жазбады. Оның батырлығын насихаттамады. «Туыстарын насихаттады» деген сөздерден қашты. Алдағы уақытта ерлігі ел арасында аңыз болған, отбасын да құрмай , артына ұрпақ қалдыра алмаған, жастық жалының үлт-азаттық көтерліске арнаған, тіпті кейінгі кезде дәсердей қылып айтып жүрген батырларды Өмен атамның тақымында қалай ұстағаны жөніндегі әңгімелерді фактімен топтастырып жариялайтын боламын. Ол алдағы уақыттың еншісінде.

Мұсабай қажы 1932 жылы 24 желтоқсанда өзінің атымен аталатын Мұсабай түбегі деген жерде 80 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Асыл сүйегі Батпаққарадағы (Аманкелді) Сатыбалды ишан қорымына жерленген. Үстіде Молдырахмет қажымен бірге 6 рет қажылыққа барды деп жаздым ғой. Енді Молдырахмет қажы туралы айта кетейін.

Молдырахмет Қыдырәліұлы – 1945 жылы Жылан жылы Батпаққарада туған. 30 жыл саудагерлікпен айналысқан. Сол саудагерліктің арқасында 7 рет қажылыққа барып-қайтқан. Оның баласы Ідіріс Молдырахметов 1916 жылғы Торғай ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Доғал соғысына бара жатқанда патша әскерінің мергені оны атып өлтірген. Былайғы балалары 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде тұтқындалған. Айдаудан Кенжеғали деген баласы ғана елге аман-есен оралған. Оның ұрпақтары қазіргі күні Арқалық қаласында және Аманкелдіде тұрып жатыр.
Молдырахмет қажы Мұсабай қажымен бірге өскен, қияметтік достар болған. Молдырахмет қажы 1915 жылы 70 жасында Батпаққарада қайтыс болып, Сатыбалды ишан қорымына жерленген. Бүгінгі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде атам жайлы жазғанда да ол кісіні де атамай кетуді жөн санамадым. Аруағы риза болсын!


Қуандық МҰСАБАЕВ – 1913 жылы Батпақарада ашылған 4 сыныптық орыс –қазақ мектебінің тұңғыш түлектерінің бірі. Аталмыш мектепті жақсы бітірген. 1918-1929 жылдар аралығында бастауыш сынып мұғалімі болған. Орыс тілін жақсы меңгерген. Ленин колхозы тың көтерген кезде Ресейден, Украинадан келген орыстар мен украиндарды басқарма Жаңбыршы Жаңғабылов «Қуандық аға, сіз орыс тілін жақсы білесіз. Сондықтан тың көтеруге келген орыстарды сіздің үйге жатқызамыз деп, ол біздің үйге жатқызыпты. Сонда әжеміз Зейнеп қажы атамызға: Сенің орыс тілін білгенің бізге сор болып жабысты ғой. Алланың атын атап, адал тамағымызды да дұрыстап іше алмаймыз, – деп ренжиді екен.
Қуандық атамыз – шежірені, тарихты өте жақсы білген. 1921 жылы Торғай еліне көмек ретінде Семейден жылқы жеткізген Жүсіпбек Аймауытовты үйіне жатқызып, ақыр соңында жолдас болып кеткен. Ал 1922 жылы Смағұл Садуақасов Торғайға келгенде, ол кісімен де танысқан.Сол жолы Смағұл атамыз Торғайда М.Әуезовтің «Еңілік-Кебегін» қойғызған.Қуандық атамыз Жабал рөлін шебер ойнаған. Әкеміз Хамитбекке:

-Мен өмірімде Жүсіпбек пен Смағұлдай білімді, шешен әрі көсем батыр да батыл адамдарды көрмедім!,- деген екен.
Сұлтанмахмұттың «Кім жазықтысын», Мағжанның « Батыр Баянын», «Қорқытын», Ілиястың «Күйші», «Құлагерін» жатқа айтқан. Сол секілді «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан» дастандарын да Қуандық атам жатқа білген.Атамыз Тәжібай кәлпе Айман анамызды өз көзімен көрген. Ол туралы бізге әңгіме айтатын деп отырушы еді дейді екен..
Қуандық атам 1929 жылы 7 ай Қостанайдың «Ақ түрмесінде» отырған. Оны жазадан құтқарған – Жағыпар Ермұхамметов. Ол атамыздың сыныптасы әрі қайнағасы, «Батпаққара көтерілісі» болғанда аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы екен. Ауатком кеңсесіндегі 75000 рубль ақшаны атамыз Қуандыққа сақтай тұруға аманттап беріп, өзі Жезқазғанға атамыздың Күрең атымен суыт жүріп кеткен. Көтеріліс басылған соң атамыз Қуандық Жағыпарға сол 75000 рубльді қолхатпен тапсырған. Жағыпар заң орындары мен аудан басшыларына осы жағдайды айтып, атамыздың көрсеткен адалдығын дәлелдеп, түрмеден шығарып алған. Әрине, бұл бірден шешілмеген. Біраз уақыт дәлелдеуді қажет еткен. Сөйтіп барып ақталған. Бұл деректі Жағыпардың інісі Зейнолла Әлмағанбетов 1999 жылы, «Батпаққара көтерілісінің» 70 жылдығында мақала етіп аудандық газетте жазды.
Кейін 1937-38 жылдардағы қудалау кезінде Қуандық атамызға жәрдем жасаған Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Төрағасы Әбдісамат Қазақбаев.Ол атамыздың түп нағашысы әрі Ұлытауда екеуі бірге өскен құрдас.
Өкінішке қарай Қуандық атамыз білімді болсада қызмет істей алмаған.Ақындығы болсада оны да жария етпеген. «Қажының, байдың баласы, Совет үкіметіне қарсы контр тұқымының ұрпағы» деген желеумен қуғын-сүргінге түскен. Оған жеңгесі ҚирЦИК,ВЦИК мүшесі болған Шөкен Дауылбаева : «Сен бір әкенің 4 ұлынан жалғыз қалған адам едің, мұғалім болсаң жазаға ұшырайсың, одан да мал бақ» деп мал баққызған. Осы әңгімені Шөкен Дауылбаеваның баласы Жетпісбай атамыз жиі айтып отырады екен. Сонымен қатар, атам Ұлы Отан соғысына барып, жараланып елге оралды.
Қуандық ата – 1929 жылы «Батпаққара» немесе « Қыржігіттер» көтерілісінің көсемі Сейітбек Қалиевтің дос-інісі болған. Кезінде «Сейітбектің сөз қалтасы» атанған, жүйрік әнгімеші, жады мықты кісі болған.
Қуандық атамнан менің әкем Хамитбек МҰСАБАЕВ жалғыз болды. Ол атамның жүзеге аспаған арманын іске асырды.Торғайда тұрып-ақ, Алашқа танымал ақын, көсемсөзші, журналистика саласының қайраткері атанды. ОЛ қартайған кемпір-шалдың жалғызы болғандықтан Алматы асып кете алмады. Елде қалып, үлкен кісілерді бақты. Алғаш шыққан кітабы «Әке аманаты» деген өлеңімен шыққан еді.
Атадан жалғыз болған әкемнен бүгінде 5 ұл, қос қыз өсіп-өніп отырмыз.
Шежіре, аузы дуалы, бос сөзге жоқ, абыз қария болған, нәубетті де, соғысты да көрген Қуандық атам! Әруағыңнан айналдым!

Ақнұр МҰСАБАЕВА,
Журналист-зерттеуші

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.