◄БАТПАҚҚАРА КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ ӨЛКЕТАНУШЫЛАР МЕН ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?►

Әлі күнге пендешілік көрсетудеміз

Хамитбек МҰСАБАЕВ, «АА» газеті, 2009 жыл:

– Тәуелсіздігімізді алғанымызға міне, 25 жыл болып отыр. Созақ, Тақтакөпір, Қарақұм, Шыңғыстау қозғалыстарына және оның көсемдеріне сол жерлердің халқы үлкен құрмет көрсетті, ескерткіштерін орнатты.
Орта мектептер мен колледждерге, көшелерге атын берді. Ал біз болсақ, ата-бабаларымыз жасаған кешегі Батпаққара, бүгінгі Аманкелді елінің ересен ерлігін елемей, ескермей келеміз. Әлі күнге пендешілік көрсетудеміз. Анығында Батпаққара қозғалысы – бір рудың емес, Батпаққара, Торғай, Қарсақбай, Ұлытау, Жезді, Жарқайың, Есіл, Атбасар, Меңдіғара, Қарабалық аудандары мен Қостанай қаласы халқының қозғалысы! Сондай-ақ бұл қозғалыс- тек қазақтардың ғана емес, ондағы ұлттардың коммунистік-кеңестік түпкілікті отарлауғақарсы жасаған интернационалдық ерлігі! Батпаққара қозғалысын зерттеуде Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков секілді үлкен тарихшы ғалымдармен қатар Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының бөлім басшысы болып қызмет етіп жүрген бауырымыз, Науырзым ауданының тумасы Болат Нұғмановтың еңбегі ересен! Кəсіби тарихшы-ғалым болмаса да ол қазірге дейін ешбір тарихшының қолы жетпеген ҰҚК-нің архивінде жатқан құжаттарды көз майын тауыса отырып, ақтарып, Батпаққара қозғалысына қатысқандардың тізімін түзіп шықты. Олар кімдер, қай жердің перзенті, жасы қаншада, қандай қызмет істеген – бəрін ерінбей жинатап шықты. Олар жоғарыда аталған əрбір аудан бойынша түзілген. Осы тізімді «Аманкелді арайы» газетіне талай мәрте жарияға шығардық. Орыс тілінде бастық. Тəржімалауға – орыс тілінде жазылған адамдардың аты-жөндерінің өзгеріп кететіндігінен жасқандық. Əйтпесе қазақ тіліне аударып, басуға болатын еді. Сонымен қатар, Болат Нұғманов берген Жанкелдин, Ұлытау, Қарсақбай, Жезді, Жарқайың, Есіл, Атбасар, Меңдіғара, Қарабалық аудандары бойынша жасалған тізімдерді аудандық газеттерге жібердік.
Батпаққара қозғалысы – Қазақстандағы ең ірі халықтық қозғалыс. Ол қандай ірі болса – оны жасаған ата-бабаларымыздың да еңбегі ірі! Қозғалысты басқарған Сейітбек Қалиұлы Қалиевтің тарихтағы орны зор! Ол туралы жоғарыдағы Б.Нұғманов жариялаған тергеушілер анықтамасында нақты көрсетілген.

ТАРИХТЫ ЖАЗУ ҮШІН АДАЛДЫҚ КЕРЕК

Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, abai.kz, 2011 жыл:

– «20 жылдың тарихы ғасырға бергісіз» деп айтып жүрміз. Шынында, солай! Қазақ мемлекеттігінің тарихы – тұтасымен алғанда, Тәуелсіздікке ұмтылу тарихы. «Тәуелсіздік» ұғымын кейде 1991 жылдан бастап, ауқымын тарылтып жатқан сияқты­мыз. Мен тарихшы болғандықтан да, Тә­уел­сіздікке ұмтылған ата-бабалары­мыз­дың ұзақ саяси жолын, небір дүр­белең­дерді бастан кешкенін, азаттық үшін күрес­терін айтпай кете алмаймын.
1929-31 жылдары ашаршылыққа қарсы 372 көтеріліс болды, оған 80 мыңнан астам адам қатысты, мұны коммунистердің өздері тіркеген. Соның 15-і – Созақ, Балқаш, Шұбартау, Ырғыз, Батпаққара сияқты көп жерлерде аудан көлемінде Кеңес өкіметін құлатты. Бұл басқа мәселе. Айтайын дегенім, осы 372 көтерілісті басып-жаныштау операциясының барлығын коммунистік отрядтар басқарды және қарусыз халықты қынадай қырып тастады. Біздің тарихи санамыздың артта қалғаны сондай – қазір коммунистер дегеннің кім екенін ұмытып қалдық. Адамгершілікке жат іс-әрекеттері үшін оларға бүгінгі қоғамда орын болмауы керек.
Дамыған елдерге қарасаңыз, жаңа Жапонияның тарихы жазылып қойған дедім. Сол заманға біз де жетеміз. Құдай қаласа, Тәуелсіздігіміз аман тұрса, алда талай жас ұрпақ алмасады. Қазақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Болашақта бізде нағыз ғылыми тарих қалыптасады. Жасыратыны жоқ, біз бодан­дықтың кесірінен орыстанған, мәңгүрт­тенген халықпыз. Бағана айттым, тарихымызды басқалар жазып берген халықпыз. Ал тарихи біліміміз әлі де болса саяси­лан­ған. Халықтың тарихынан гөрі, мемлекеттің тарихын жазуға құмармыз. Мұның бәрі – қиыншылық. Тарихи сана халықта қалып­тасуға дейін «неге бұлай?» деген сияқты ауыр жолдардан өтеді. Бірақ осылай екен деп қарап отырмай, тарихшылар мүмкін­ді­гін­ше халыққа адал, пайдалы, жаңаша ғы­лыми тұрғыда жазуға еңбектенуі керек.

Сейіт Кенжеахметов «Ата мұра» (1990) кітабы және осы пікірді, жас ақын, зерттеуші Батырлан Сағынтаев Батпаққараның 90 жылдығына орай фейсбукте жария етті:

– Тарихта айтылмай жүрген үлкен оқиғаның бірі – 1929 жылғы қараша айындағы Батпаққара көтерілісі. Әрине, саяси жағынан алғанда бұл Совет өкіметіне қарсы бас көтерген қозғалыс болды. Бірақ, осы көтерілістің себеп-салдары әлі толық ашылып, оған саяси баға берілген жоқ және тарихта да айтылмайды. Көтеріліс басшысы 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысқан және Амангелдімен, атақты 17 партизанмен бірге өлім жазасына бұйырылған, одан кездейсоқ қашып құтылған Әбайділда Бекжанұлы еді. Ол революциядан кейін Совет өкіметін орнатуға белсене қатынасып, Батпаққарада аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болды. 1929 жылы тұтқындалып, жазаланды… …осы батырлардың Совет өкіметіне қарсы шығүына не себеп болды? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, оның да себептерін тарихи оқиғалардан іздеу керек сияқты. 1920-21 жылдардағы жұт пен аштық, Голошекиннің қырғыны, 1928 жылғы жаппай конфискация, зорлықпен колхоздастыру, халықтың босқындыққа ұшырауы, ел арасындағы Кейкінің қайғылы қазасы, Ахмет, Міржақып, Ахметсапалардың ұсталуы – 1929 жылдың көтерілісіне басты себепші болған жоқ па екен? Ал, шындығында мұндай көтерілістер еліміздің басқа жерлерінде де болып, тұншықтырылған болатын. Бұл да біздің үлкен, әрі күрделі тарихымыздың әлі ашылмаған беті болып отыр

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.