Аттестат табыстау рәсімі өтті

ҚР Білім және Ғылым министрлігі 3-4 маусым Қазақстанда барша 11- сынып түлектеріне аттестат табыстау және соңғы қоңырау салтанатын өткізу туралы шешім қабылдаған болатын.

Шешімге сәйкес  іс-шара міндетті түрде әр мектептің өз аумағында, ашық алаңда, белгілі бір мөлшердегі адамдардың қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізуді қатаң ескертті. Сондай-ақ  аттестат тапсыру рәсіміне мектеп формасында келу ұсынылды. 

Бүгін аталған талаптарды сақтай отырып Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің ауласында аттестат табыстау және соңғы қоңырау салтанатты рәсімі болып өтті. 11-сынып оқушылары және олардың ата-аналарының қатысуымен өткен жиында мектеп директоры Әбдіков Мұхамбетәлі Серікұлы   сөз сөйлеп, алдағы өтетін ұлттық біріңғай тестілеу сынағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, мамандық таңдаудағы маңызды қадамдарына ақ жол тілеп, ата-аналар мен ұстаздар қауымын құттықтап, түлектерге аттестаттарын табыстады.

Бүгінгі күнге дейін білімде жоғары деңгей көрсетіп жүрген білім ордасынан 29  жас түлек сапалы білім мен саналы тәрбие алып, болашаққа қанат қақты. Оның ішінде Нургазина Ақбота Есболатқызы «Алтын белгінің» және Серікбаева Аида Мәлгаждарқызы «Үздік аттестаттың» иегері атанды. Сонымен қатар білім мен спорт, өнер саласында жетістіктерге жетіп жүрген түлектер де марапатсыз қалмады.

Салтанатты рәсімнің барысында мектеп бітірушілер білім ордасына деген  қимастық әндерін айтып, мектеп қабырғасындағы соңғы билерін биледі.

Жиын соңында бірнеше жыл аталған мектепте басшылық қызметін абыроймен атқарып, бүгінде зейнеткерлікте отырған Абай Кәрімұлы сөз сөйлеп, оқушыларға өз батасын берді.

Сондай-ақ бүгін ауданның өзге де мектептерінде салтанатты аттестат табыстау рәсімі болып өтті.  

Өз тілшіміз

Күнжамал СЕРІКҚЫЗЫ

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған