Жомарт ТҮБЕКБАЕВ: «ҚАЙ ЖАҚТА ЖҮРСЕК ТЕ, ТУҒАН ЖЕРГЕ БҮЙРЕГІМІЗ БҰРЫП ТҰРАДЫ»

Біз киелі Аманкелдіде туып, еліміздің түкпір-түкпірінде және елден жырақта жемісті еңбек етіп жүрген жерлестерімізбен  әркез мақтанамыз. Өйткені туған жерден түлеп ұшқан аманкелділіктер қай жерде жүрсе де ел мерейін асқақтатуда. Олар өңірде болып жатқан өзгерістерге, жағымды жаңалықтарға қуанып, өздерінің жылы лебіздерін жиі-жиі білдіріп тұрады. Бүгінгі біздің мақаламыздың кейіпкері – «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, мемлекетік қызмет пен бизнес әлемінде өзін көрсете білген тиімді менеджер, үлкен әулеттің арқасүйері, отбасында ардақты жар, 4 баланың сүйікті әкесі, қазіргі таңда құрылыс саласының маманы – Түбекбаев Жомарт Түбекбайұлы туралы болмақ. Біздің сұхбатымыз төмендегідей өрбіді.  

– Жомарт Түбекбайұлы, армысыз! «Аманкелді арайы» газетінің ресми сайты ашылғанынан хабардар боларсыз? Бұл алдымен сыртта жүрген жерлестеріміз үшін қуанарлық жағдай. Сайт Аманкелді ауданына қатысты хабарларды ғана емес, сонымен қатар сыртта жүрген жерлестеріміз туралы да жазып, ел мен елді байланыстыруды қолға алды. Ал енді, сұхбатымызға оралайық. Сіз кезінде  Аманкелді ауданында бір жарым жыл, Арқалық қаласында бес жыл әкім болып қызмет атқардыңыз. Ол жылдар ел экономикасы тұралап жатқан қиын кез еді. Соған қарамастан өз ісіңізді абыройлы атқара білдіңіз. Кейін Арқалық қаласының әкімі лауазымынан өз еркіңізбен кеттіңіз. Елордаға келгеніңізге қанша жыл болды? Жалпы Арқалық қаласынан өз еркіңізбен жұмыстан кетуіңізге не себеп болды? Астана қаласына келуіңізге Өмірзақ Шөкеевтің сол кездегі Қостанайдан Астанаға барған  тобымен бірге  қоныс аударуы себеп болды ма?

– Сәлеметсізбе! Әрине ақпараттың дамыған дәуірінде өмір сүріп жатқан соң, жаңалық жерде жатпайды ғой. Кез-келген жақсы жаңалыққа қуанамыз. Сайттың ашылуы жақсы жаңалық. Ал бастамаларыңыз өте орынды екен. Енді  сауалыңызға келсек, мен Аманкелді ауданына 1996 жылы Жақсылық Ғайсин әкім болып тұрған Торғай облысы кезінде облыс әкімі В. Брынкиннің ұсынысымен  аудан әкімінің бірінші орынбасары болып келдім. Оның алдында алты жылға жуық өзім туып өскен  Байғабыл ауылында ауыл әкімі болып қызмет атқардым. Сол кездегі Байғабыл ауыл әкімдігінің жұмысы Республика көлемінде жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесі пилоттық жүйеде жүргізіліп, артынан Респуликалық Кеңесте Президент, үкімет мүшелері қатысқан кеңесте насихатталып, жоғары баға алды. Аудан әкімінің орынбасары лауазымында екі жарым   жылға жуық отырып, 1999 жылдың наурыз айында Аманкелді ауданының әкімі болып тағайындалдым. Бір жарым жыл аудан әкімі болып қызмет етіп, 2000 жылдың қазанында Арқалық қаласына әкім болып бардым. Арқалықта бес жылға жуық қызмет етіп, 2005 жылдың наурыз айында өз еркіммен қызметтен кеттім. Өйткені Арқалық қаласын оңтайлап, қайта  қалпына келтіру, қаланы тұрақтандыру сияқты сол кезде туындаған мәселелерді шешіп, өз потенциалымды толық ашып көрсеттім деп ойлаймын. Одан әрі әкім болып отыра беруіме болар еді, бірақ Астананың мүмкіндіктері, жаңадан салынып жатқан құрылыстар, әрі еліміздегі мықты, сауатты кризис басқарушы Ө. Шөкеевпен бірге жұмыс істеу  мені қызықтырды. Менің «Астанада жұмыс істесем» деген ұсынысымды Өмірзақ Шөкеев қабыл алып, қолдау білдірді.  Бас қаламызға 2005 жылдың  наурыз айында келіп, 2007 жылға дейін «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы департаменті директорының орынбасары, Алматы ауданы әкімінің орынбасары, 2006 жылдың қазан айынан 2017 жылға дейін «BI Group» компаниясында қызмет атқардым.

– 11 жылға жуық осы компанияда қызмет жасапсыз. Мен де, менің кейбір жерлестерім сізді әкім ретінде ғана танимыз, сондықтан бұл компанияда қандай жұмыстар атқардыңыз? Елордамыздың дамуына қаншалықты үлес қостыңыз? Толық ашып айтсаңыз?

– Бұл компанияда біз үлкен республикалық деңгейдегі ірі инвестициялық  жобалармен жұмыс істедік.  2006 жылы   «BI Group» қкомпаниясындағы алғашқы жұмысым цемент өндіру (BI цемент) зауыты жобасын іске асырудан басталды. 2008 жылы әлемдік  кризис басталып, зауыт құрылысы тоқтап қалғандықтан, 2009-2010 жылдары Қызылорда облысындағы гидромелиорациялық құрылыстарды қалпына келтіру  жобасын басқарып, Қызылорда қаласы мен Шиелі, Қазалы аудандарында республикалық су шаруашылығы  комитетінің тапсырысы бойынша жұмыстар атқардық.   Бұдан кейін халықаралық  Батыс Европа -Батыс Қытай   бағдарламасы аясында «Қазақстан темір жолы» АҚ тапсырысымен, Қытай мен Европаны байланыстыратын  «Жетіген-Қорғас»  темір жол торабының  «Алтынкөл»  бекетінің инфрақұрылымы құрылысын басқарып, 92 нысан салдық. Есептеліп жасалған нормативтік жоба бойынша 4 жылға жоспарланған жұмысты, екі жылда бітірдік. Бұл «BI Group» компаниясының сәтті жобаларының қатарына еніп, барлық жұмыстарды үздік орындап шықтық. 2012  жылы Алтынкөл станциясын  Елбасымыздың өзі келіп ашты. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Президент Жарлығымен  «Парасат» орденімен марапатталдым. 

Одан кейін компания үшін де және халық үшін де маңызды болған Жезқазған-Бейнеу теміржол құрылысының  Шалқар-Бейнеу учаскесінің құрылысын  салуға кірісіп кеттік. Мұнда да бес жылға жоспарланған  550 шақырым жердің құрылысын, яғни 21 көпір, 2 жол айрығы, 360 су ағар құбыр, 9 бекет, 21 разьезд, 42 тұрғын үй, балабақша, барлық бекеттерге өндірістік нысандар, электр, байланыс желілері мен автомобиль  жолдарын, темір жолдың жер табанын үш жылда салып бітірдік, қаражат есебінде  алғанда  110 млрд теңгенің жұмысын істедік. Бұл учаске Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының территориясында, Арал теңізінің жағасында, экологиялық қатерлі, табиғаты қатал аймақта  орналасқан еді.

Осы құрылысты салып бітіре бергенімізде, 2014 жылы тағы да сол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша, оның алдында салған Алтынкөл станциясының жанындағы, Панфилов ауданында үлкен құрылыс басталды. Осы жерде айта кетейін, бұл үлкен жобалар Алтынкөл, Жезқазған-Бейнеу, Қорғас құрылысы Елбасының саясатымен индустриялды-инновациалық «Қуатты Қазақстан»   бағдарламасының негізінде  салынды.

Мемлекеттің түпкі мақсаты – экономикасы әлемде екінші орында дамыған Қытай мен Еуропаның жүктеріне Қазақстан жері арқылы транспорттық дәліз беріп, еліміз келешекте мол табыс табу болатын, ол мақсат қазір іске аса бастады. Енді бір 4-5 жылда өз нәтижесін толық көрсететін болады. Бұл осы заманның ең үлкен, әлем көз тігіп отырған жобасы.  Осы Қытайды Ресеймен, Орта Азия, Батыс Еуропа елдерімен жалғастырып жатқан үлкен жобалардың орындалуы – көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартты, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды, жолдардың сапасы жақсарып, жаңа бағыттар ашылды, жүк тасымалы артып, кәсіпкерлік дами түсті, қазынаға қосымша қаражаттар түседі деп жоспарланды.

Панфилов ауданында «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылысын салуға қатыстым, оны екі жылда салып бітірдік.

Жыл сайын күрделі де ауқымды жобаларды іске асырып келдік. Осы жұмыстарды атқаруда мықты, сауатты әрі қатал талап қоя білетін  басқарушы сол кездегі «Қазақстан темір жолы» АҚ Президенті, қазіргі Үкімет басшысы Асқар Маминмен бірге қызмет атқарып, ол кісінің алдымызға қойған жоғары талаптарын айтылған мерзімінде, сапалы орындай білдік. Оның сыртында Алматы облысының Талдықорған қаласында Салтанат сарайы, Қазақ драма театрын салдық. Кейін «BI Group» компаниясындағы жұмысым аяқталғасын Алматы облысының «Алатау» өңірлік  даму департаментінде  жұмыс істедім. Астана қаласының жиырма жылдығына арнап, Алматы облысының  тартуы ретінде Астана қаласының «Арай» паркі, қазіргі «Жетісу» паркіне реконструкция жасадық. Қазір Элдаго  құрылыс компаниясында істеймін. 

Сіз бас қаламызға келгелі де 15 жыл уақыт өткен екен. Ең алғаш көрген Нұр-Сұлтан қаласы қандай еді, бүгін қандай?

– Елорда қарқынды өсті ғой. Біз келгенде Есілдің сол жағалауында «Бәйтерек», «Қорғаныс министрлігі», «Нұр-Астана» мешіті, «ҚазМұнайГаз» ғимараттары ғана болды. Қазір қала  үлкейіп әуежайға дейін жетті.

-Бірақ, халықтың «Бізде тек елорда ғана өсіп, басқа қалалар дамымай қалды» деген өкпесі бар…

– Біздің Бас қаламызды жаңадан салды қой. Құрылысы да қиын кезеңде басталды. Үлкен мегаполиске айналдыру үшін де қаншама күш  жұмсалды, құрылысшылар тәжірибе алды. Енді өңірлерді дамытуды қолға алып жатыр. Шымкент қаласына үлкен мән беріп, бұл қаланы республика деңгейіндегі үшінші қала қылуына Елбасымыз өзі ықпал етті.

Түркістан облысы ашылып, оны да дамытып жатыр. Шымкентті үшінші мегаполис қылуда әсіресе демографияның үлесі басым. Халық көп шоғырланған. Өндіріс орындары көп. Осы тәсілмен батыста  Ақтөбе қаласы жақсы дамып келеді. Жалпы барлық өңірлерге көңіл бөлініп жатыр ғой.

-Ия, бұрынғыдай емес,  қазір халықтың тұрмысы жақсы. Сіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Кейде өзіңізді толғандырған мәселелерді көтеріп, ортаға саласыз. Сізді қазір не мазалайды?

– Біз қайда жүрсек те бүйрегіміз туған жерге бұрып тұрады. Біздің өңірдің ең бір қиыншылығы инфрақұрылымы дамымаған. Инфрақұрылымының дамымағаны – тас жол, темір жол, газ біздің өңірден  өтпеген. Осындай қиыншылықтан өңірге инвесторлардың бизнеске да қызығушылығы жоқ.

Бұдан бірнеше жылдар бұрын біздің өңірге  темір жолы салу негізінде Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар арқылы салынатын жоба жасалды. Бұл жобаны 2003 жылы облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев әкім болып тұрғанда, көлік министрі Қ. Нағманов, теміржол басшысы Атамқұловтардың қолдауымен облыс әкімінің орынбасары В. Мейстер министрліктер аралық Үкіметтің «Арқалық қаласы және қала маңы аудандарды қолдау» комиссия отырысында  қорғап болашақ жоспарға енгізген болатын.

Бірақ ол жол Жезқазған-Сексеуіл  арқылы кетіп қалды.   Теміржол желісі  Арқалық-Қайыңды-Қайнар арқылы Аманкелдіге соқпай, Қабырғамен Торғайға, Торғайдан Ақшығанақ, Ақшығанақтан Ырғыз-Шалқарға кету керек еді. Осы арқылы  «артта қалған   бес ауданның экономикалық қиындықтарын  шешеміз» деген болатын. Бұл жоба іске асқанда өңірге инвестор, бизнес келіп, елге жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың жүріп тұруына да қолайлы болар  еді. Кейін, «Жезқазғанның мысы таусылып жатыр» деді, әйтеуір сол жаққа өтіп кетті. Жоба алғаш қаралғанда  Жезқазған мен Арқалық екеуі де  жоспарда болып, нәтижесінде  теміржол  Жезқазғанға арқылы өтетін болды, Арқалыққа тек Шұбаркөлмен аралықтағы жол салынды. Кейін  «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орталық-Батыс автомобил жолы Арқалық Торғай арқылы өтетін болып, алғашқы ТЭ негіздемесі жасалып, жоба құны – 5,5 млрд доллар болды.  Ол жол да бізге түспеді. Қостанай-Хромтау арқылы кетіп қалды. Мысалы,  үстіде айтқан Арқалық-Торғай-Ырғыз бағытындағы автомобил жолы түскенде, жолмен қатар газ да келетін еді бізге. Бірақ газды да Қызылорда, Жезқазған  бағытымен  тартты. Торғай қашанда шетқақпай болып қала береді.

Сонда бұл жерде кім ықпал ету керек? Елге жаны ашитын, Торғайға бүйрегі бұратын депутаттар  аз ба?

– Ол да бар. Әр түрлі жағдайлар ықпал етеді. Біздің Торғай өңірі әлі күнге дейін бағыт-бағдарсыз, келешегі қалай болады әлі түсініксіз. Осы уақытқа дейін Арқалық қаласы мен  өңірдің дамуы  бағдарламасы жасалмаған. Аманкелді не болады? Арқалық не болады? Торғай не болады?  Білмейміз. Мысалы,  Жезқазған қаласының өңірді  дамыту туралы  республикалық дәрежедегі арнайы он бес жылдық стратегиялық  бағдарламасы  бар. Бізге де Арқалық қаласы мен Торғай өңірін дамыту жөніндегі республикалық  кешенді бағдарлама жасау керек. Сонда ғана біз дами аламыз. Ол бағдарлама облыс өңірінде емес, республика деңгейінде жасалу керек. Мысалы «өңірдің қандай мүмкіншілігі бар, қандай қазба байлықтары бар, не өндіріп, өсіруге болады?» деген сияқты. Осындай  «пәлен жерге егін себеміз, пәлен жерде мал басын көбейтеміз, туризмді дамытамыз, кен орындарын ашамыз» деген секілді он, он бес жылға бағдарлама жасалса, халық болашақты көреді. Соған байланысты Үкімет несие, Ұлттық қордан қаражат бөлсе, өңірге инвесторлар, кәсіпкерлер қызығушылық танытқан болар еді. Ал инвестор деген алдымен сол жерді зерттейді, қандай да бір мүмкіншіліктеріне қарайды, Халық бола ма, соны көреді. Бізде кешенді бағдарлама жоқ. Сол себепті инвестор  келмейді. Сол бағдарлама жасалса адамдар болашақты көреді. Мысалы он мың қой өсірсе, инвестор ойланар еді. Мен осы жерге «тері илейтін зауыт салайын, шағын ет комбинатын салайын» деп.

– Ауылда орта және шағын бизнес жақсы дамып жатыр ғой. Мемлекеттен жеңілдетілген несиелер алып,  жастар кәсібін ашуда…

– Ия, аудан жастарының кәсіппен айналысуға деген ынталары өте мықты. Сәл қолдап жіберсең, көп нәрсе жасайды.  Жалпы жастар ғана емес, ауданымыздың әлеуеті артып, даму көрсеткіші жоғарылады. Жақында аудан әкімі Әмірхан Біркенұлымен сөйлестім. Сонда айтып отыр, биыл «150 мың га жерге егін себіледі» деп. Бұрынғы потенциал 250 мың га болатын. Енді кейбір ауылдар Арқалыққа қарап кетті. Сосын тағы да 20-30 га жерді Қарасудың Бестөбе учаскесін, Рассветтің кейбір жерлерін береміз деп отыр. Қуанарлық жағдай. Бұрынғыға қараған кезде Наурызым, Жітіқара, Қамысты аудандарымен деңгейлеспіз деген сөз. Бірақ еккен егін сыртқа өңделмей бидай күйінде  кетіп қалады. Элеватор, мал азығын дайындайтын жем цехы, диірмен жоқ. Қостанай, Арқалық, Державин элеваторларына кетіп қалады. Ауданның мал шаруашылығымен айналысатын шаруалары соңғы кезде мал бордақылау, сүт, қымыз өндіру жұмыстарын жақсы жолға қойған, дегенмен сол өнімдерді әлі де заманауи технологиялармен тереңдетіп өңдеу жұмыстарын жасаса, әлгі өнімдерінің өтімділігі науқандық емес, узақ уақыттық болар еді. Мысалы, қымызды көршілес Қарағанды облысы неміс технологиясымен тереңдетіп өңдеп, құрғақ ұнтақ түрінде шығарып, Европаға қымбат валютаға сатуда.  

Шөп шауып оны сыртқа шығарып сатуды да шаруалар жақсы түсініп, шабындықтарды тегіс алған. Менің туған ауылым Байғабылда қазір бос шабындық жоқ екен. Кезінде бүкіл аудан, облыс болып шабатын Сартал алқабын шаруалар тегіс бөліп алған. Осындай шөбі көп жерде отырып аудан халқы күзде сапасыз, қымбат шөп алады. Оның себебі, біріншіден жақын маңдағы шабындықтарда  шаруалар мен жекенің  отар-отар қой, сиыр, жылқылары жайылып жүр. Қыста жейтін шөптерін жазда жеп жатыр. Екіншіден шөп шабу технологиясы әлі баяғы жетпісінші жылғы технологиялар, техникалары ескі, сондықтан шөптің өзіндік құны қымбат.

– Естуімше байғабылдықтар пітір садақаларыңызды ауылға береді екенсіздер?

– Ия, бес жылдай болып қалды, жылда  жер-жердегі ауылдастар садақамызды мешітке береміз. Биыл 1 миллионнан астам қаражат  жиналды, бұл қаражаттың 70% ауылдың сыртта жүрген тумаларының берген пітір садақа, зекеттерінен түскен қаражат. Оның 500 мыңы имамның жалақысы. 12 айға бөлгенде 40 мың теңгеден келеді ғой. Сол имам жалғыз өзі мешіттің от жағушысы да, қар тазалаушысы да, ішін жинаушысы да. Сосын мешіттің отын-суына, жеңіл желпі жөнделуіне, ауылдағы қорымдарды күтіп ұстау, қажеттілігіне  жұмсалады. 

-Сонда мешіт жетім-жесірлерге көмектеспей ме? Пітірді молданы жарылқау үшін бересіздер ме?

– Мешіт пен имам халықтың қарауында, солардан түскен пітір садақа, зекетпен күн көреді. Оларға мемлекет жалақы тағайындамаған. Қазір халықтың тұрмысы  жақсы, ауылда былай айтқанда жағдайы нашар адам жоқ. Мүгедек, жетім кісілерге мемлекет зейнетақы, жәрдемақы береді. Он екі мүшесі сау адам жұмыс істеу керек. Мен Египетте болғанда Каирдағы орталық мешітте болдым. Халқының тұрмыс жағдайы  нашар. Көмекке мүқтаж адамдар мешітті үй қылып, сонда бес уақыт намаздарын оқып, мешіттің ішкі, сыртқы шаруашылық жұмыстарына көмектеседі. Мешіт бұл кісілерді елден түскен садақамен тамақтандырып отыр. Ал біздің мешітте бір өзі барлық жұмысын атқарып жүрген имамға көмектесіп, Аллаға сыйынып жүрген жағдайы нашар адам бар ма? Өткен ораза айында кейбір ауыл жастары өзара келісіп, ауылдағы екі жалғызбасты (12 мүшелері сау) азаматтарға азық-түлік әперіпті. Оразадан соң елге барғанда көрдім. Соның бірі арақ ішіп алған, маған қылжақтайды. Жағдайы нашар адам осы ма сонда? Көмек төтенше, кенеттен, ойламаған жерден болған  апаттан (өрт, сел басу, жер сілкіну)  көлігі сынып немесе кездейсоқ кеселге тап болған мүсәпір жолаушыға берілу керек. Біздің мешітте ақшаны имам ұстамайды. Ақылдастар алқасы бар, солар шешіп, керек-жарақтарын алып,  есебін жариялап отырады.

Ал енді осы пітірді «алысқа беруге болмайды, жақын жерден беру керек» деп пәтуа айтып жатқандар да бар.

-Бос сөз! Адам бір-екі мыңнан байып кетпейді. Біз бір жағынан қамқорлық есебінде береміз ауылға. Нұр-Сұлтан қаласында адам көп. Жұма сайын да мешітке адам ағылып жатады. Ақша салып, құран оқытады. Ал шағын ауылдың мешітіне кім барады? Биыл бесінші жыл ауылымызға беріп отырмыз. Сол себепті де ауылдың мешіті күні түні істеп тұр. Ауылда арақ ішіп, төбелесетіндер азайған. Жұма сайын мешітке жиналады. Имам имандылық жайлы насихат жүргізеді. Сауаттарын ашады.

-Ал енді отбасыңыз туралы әңгімеге ойысайық. Қысқаша ақпарат берсеңіз.

-Мен үстіде айттым, жұмыс барысымен Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы жақтарда  жүрдік. Айлар, жылдар үй бетін көрмей кеткен кездер болған.  Сондай кездерде әрине, жолдасым түсіністік танытып, қолдап, балаларға бас-көз болып, тәрбиесіне көңіл бөліп отырды. Осындай сәтте сүйеу болып, қашанда бастамаларыма қолдау білдіретін отбасыма  алғыс айтамын.

-Хоббиіңіз қандай?

-Хоббиім – балық аулау, табиғатқа шығу, оның ішінде жаныма жақын Торғайдың табиғаты.  Бұрын жұмыстан шаршағанда Аққұм, Айырқұм жаққа, ұлы Жыланшықтың бойына кетіп қалатынмын. Қаланың қауырт тіршілігінен шаршағанда, бір мезгіл тыныштықпен сырласып, өзіңмен өзің боласың. Өйткені ол жақта өркениет, байланыс желісі жоқ, миың тамаша тынығады. Бірінші күн басыңнан жұмыс шықпайды. Ал келесі күні жұмысты да, өзіңді де ұмытып, балық аулап, табиғат тамашаларының қызығына түсесің. Жыланшық бойының түні де керемет, түнде қостың жанына аңдар келіп таң тамаша болып тұрады.  Қыста, күзде  аңға да  шығамыз. Көбіне жолдас, қызметтес кісілермен брламыз. Қаланың күнделікті күйбең тірлігінен босай алмай, дұрыс көңіл бөлмей жүрген жолдастармен кеңінен пікірлесіп, сөйлесесің, кейбір шаруаларды шешесің…

– Қыста да балыққа барасыз ба, жол бола ма екен? Балық аулауға күннің суықтығы да әсер етпей ме сонда? 

-Жоқ, жол қайдан болады? Снегоходпен  барамыз. Айдала, ел жоқ. Шатыр тігіп, аяз бен боранды күні  далада, шатырда (палатка)  қонамыз, бұл да сынақ, кісінің көп қыры ашылады. Біз балықты тек қармақ, жұтпамен спорттық әуесқойлықпен аулаймыз, болған жерімізді тазалап кету міндетіміз. Тобымыз тегіс республикалық  әуесқой аңшы, балықшы қоғамының мүшелері, саятқа шыққанда арнайы жолдамамен жүреміз. Осыдан алты жыл бұрын 23 кг шортан ұстаған балықшыға тағайындаған медаліміз бар. Ол Рахметте сақтаулы, әзірге нәтижеміз – 21,5 кг. Ал осыдан 6 жыл бұрын Сырлытамнан республикалық балықшылар қоғамы төрағасы, спорттық балық аулаудан әлем чемпионы Роман Ботабеков  қармақпен  22,5 кг шортанды Жыланшықтан ұстаған, біздің мақсатымыз Романның көрсеткішін жаңартып,  23 кг ұстау.

-Пандемияға байланысты бос уақыт бәрімізде көп болып тұр. Бос уақытыңызда не істейсіз?

-Үйдің жанына шағын бақша саламын. Биыл есігімнің алдына 1 мамырда голландтық тюльпан гүлдерін өсіріп шығардым. Ерте піскен, әр түрлі жағдайда өсірілген көкөністерді сатып алмайық деп, өз қолымызбен қызанақ, қияр егеміз. Балаларға үлгі көрсетейін, еңбекке баулиын деген мақсат қой.

Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Мемлекеттік қызметке қайта келу ойыңызда жоқ па?

-Мемлекеттік қызметке келу ойда жоқ, жасымыз келді ғой, әрі мемлекеттік қызметтен кеткелі көп болды, мен түсінбейтін, келіспейтін дүниелер көп. Қазіргі жұмысым, қазіргі тірлігім жақсы.  Болашаққа қандай жоспар болсын?  Қазір балаларды көбірек ойлаймын, оларға көп көңіл бөліп, соларды жаңаша заманауи тәрбиелеуіміз керек. Жаңа Қазақстанды жасайтын солар.  Үлкен балам Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕНУ-ды бітіріп, бір жылдай BI Group-та жұмыс істеп, казір  АҚШ-та магистратурада оқып жатыр.  Мамандығы – құрылыс менеджері. Қызым медицина саласында, үшінші балам былтыр мектеп бітірісімен, Сингапурде IT саласында білім алуда, кіші балам Нұр-сұлтандағы  Қазақ-Түрік лицейінде 10-сыныпта оқиды..

-АҚШ, Сингапур  демекші, балаларыңыз қазақша біле ме?

– Әрине. Әуелде мектепте оқып жүргендерінде ең бірінші қойылған талап,  бірінші орында – қазақ тілін білулері, екінші орында – ағылшын тілін білулері міндеттелген. 

– Жомарт Түбекбайұлы, уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге алғысымды білдіремін! Аманшылықта болайық!

– Сіздерге де рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін! Ел аман болсын!

Ақнұр МҰСАБАЕВА,

НҰР-СҰЛТАН қаласы

About the Author: Syntas