ОБЛЫС ӘКІМІ ІС-САПАРМЕН АУДАНЫМЫЗҒА КЕЛДІ

Бүгін облыс әкімі Архимед Бекежанұлы Мұхамбетов кезекті жұмыс сапарымен Амангелді ауданына келді. Өлке басшысы іс-сапары барысында ауданның бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап, жұмыс жағдайымен танысып өтті.

Белгілі болғандай, аудан тіршілігі біраз өзгерістерге жол ашқан.
Алдымен облыстық маңызы бар Наурызым ауданына қарасты «Әулиекөл-Жалдама» автомобиль жолының учаскесін орташа жөндеу барысымен танысты. Автомобиль жолының учаскесін жөндеуге бюджеттен 3,9 млрд.теңге бөлінді. Жөнделіп жатқан ұзындығы 100 км жолдың жұмыстары ағымдағы жылдың күзінде аяқтау жоспарлануда.
Аманкелді ауданында бас сұққан алғашқы нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 135,8 млн теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Ә.Боранбаев атындағы орта мектебіне қарасты интернат үйі болды. Облыс әкімі интернаттың жөндеу жұмыстарына дейінгі және қазіргі жай күйімен таныс болып, құрылыстың барысын бақылады. Интернат үйі 2000 жылы ашылып, 70 орынға есептелген.
Кейін жалпы білім беретін Жасбуын орта мектебін аралап көрді. Аудан әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниев мектеп туралы аз-кем мағұлмат берді. Мектеп 1972 жылы салынған. Осы мектепте қазіргі таңда 177 оқушы білім алуда. Аталған мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ күні кеше ғана тұрғындарға кілті табысталып, бұрынғы саз мектебі ғимаратының орнына тұрғызылған, жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың игілігіне өткен 11 пәтерлі жатаханада болды. Жатақхана тұрғындарымен кездесіп, олардың жай-күйлерін сұрады. Жобаның жалпы құны – 17 млн. теңге. Кешегі күннен бастап тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстанды.
Облыс басшысы М. Мәметова көшесіндегі он сегіз пәтерлік үйдің құрылысымен де танысты. Бұл құрылысқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы- 169,4 млн.теңгеге қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 30 жұмыс орны құрылды, оның 15-і жұмыспен қамту орталығынан. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда.
Орталық стадионды қайта құру барысын тексерді. Мұнда футбол алаңы, жүгіру жолдары қайта жаңартылып, баскетбол және волейбол алаңдары орнатылды. Жобаның құны- 52 млн. теңгені құрайды, ағымдағы жылдың шілде айында жұмыстар аяқталады.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істейтін «Амангелді-көмек алаңы» фронт-кеңсесіне барды. Мұнда аудан тұрғындарына жеке мәселелер бойынша, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша кеңес беретін мамандар бар.
Облыс әкімі А.Иманов мемориалдық мұражай үйіне де соқты. Мұражай 1969 жылы 9 желтоқсанда ашылды. 10,5млн теңгеге 2016 жылы жөндеу жүргізілген болатын. Мұражай үйін аралап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы Асановқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыстар жүргізуді, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Г.Смайлова,
К.Кенжахметова.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.