КӨПКЕ ҮЛГІ ҮРПЕК АУЫЛЫ

Сәрсенбінің сәтінде жолымыз аудан орталығынан 14 км қашықтықта орналасқан Үрпек ауылына түсті. Ауыл тіршілігімен танысу мақсатында ауыл әкімі Ғалымжан Тұрлығұлұлымен телефон арқылы тілдескенімізде, ауыл адамдары болып қорым басында жұмыс жасап жатқандарын айтты. Бірден тұтқаны қоя сала, әкімнің айтқан жерінен табылдық. Ғалымжан ағай өзі бастаған 20 шақты ауыл азаматтары бірлесіп ауылдың шетінде орналасқан қорымды қоршау жұмыстарымен айналысып жатыр екен.

– «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген дана қазақ халқымыз. Қашанда дүние салған ата-бабаларымыз бен бауырларымызға құран бағыштап, артынан садақа беріп тұру біздің міндетіміз. Бұл да сондай игі істің бірі. Былтырғы жылы ауылдың белсенді азаматтарының себепкерлігімен «Үлесім саған Үрпегім» атты қор ашылған болатын. Сол атаулы қорға осы қорымды қоршату ниетімен ауылымыздан түлеп ұшқан, бүгінде бірі шетте, бірі ауылымызда жүрген Дархан Мұхамедиярұлы Молбосынов, Бейбіт Қоңқышұлы Төлепбаев, Нұрлыбек Сәбитбекұлы Әбдібеков сынды қалталы азаматтардың демеушілігімен ата-бабаларымыз жатқан осынау орынды қоршап жатырмыз. Қоршау жұмыстарына ауылымыздың үлкенді-кішілі азаматтары белсене ат салысып, күннің ыстығына қарамастан біраз жұмысты еңсерудеміз – дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Рахымжанұлы Қайралапов.

Бас сұққан келесі нысан – жақында ғана құрылысы бітіп, тек сыртқы қоршау жұмыстары аяқталып бітпеген – Сарыбас Қажы атындағы ауыл мешіті болды. Бүгінде бас қаламызда медреседе оқитын осы ауылдың тұрғыны Данияр Білімұлының Ахметбеков ұйымдастыруымен ауыл халқы болып 6 млн теңге көлемінде қаражат жиналып, наурыз айында жөндеу жұмыстары басталып кеткен болатын. Қашанда игі істе шет қалмайтын үрпектіктер бұл бастамада да қолдау білдіріп, сауабы қияметке дейін артыңнан садақа болып келіп тұратын осынау Алланың үйін жөндеуде бір кісідей атсалысады. Мешітте барлық қолайлы жағдай жасалған. Қасында мәйітханасы мен отынханасы да сайланған. Мешіттің ішкі көрінісінен ауыл тұрғындарының бірлігі мен ұйымшылдығы айтпаса да көрініп тұр. Намаз оқуға барлық жағдай жасалған осынау жаңа мешітте имамның жоқтығы көңілге кірбің ұялатқаны жасырын емес. Ауыл адамдарының асыл дінімізге деген құрметінің үлгісі болар, алдағы уақытта имам келіп, мешітті азан үнімен жандандырса деп  мешіт имамына арнап,  ауылдың ардақты азаматы Минерал Оспанов  мешіт жанында  іргелес тұрған үйді сатып алып та қойыпты. Осынау игі , сауабы мол іске тәнті болып,Сарыбас Қажы атындағы мешітке білімді, оқыған имам келсе екен деп іштей тіледік.

Қаншалықты бірлігі мен ынтамағы жарасқан ауыл екендігіне дәлел болар тағы бір ауқымды іс – бұл жастарға арналған шағын футбол алаңы. Жоғарыда атап өткен «Үлесім саған Үрпегім» атты қорға ел азаматтары болып 8 млн теңге көлемінде қаражаттың басын қосып, аталған футбол алаңын да салды. 2019 жылы пайдалануға берілген нысан бүгінгі күнге дейін ел игілігіне жарап, жарыстармен қатар, балалардың бос уақытында спортпен шұғылданатын бірден бір футбол алаңы болып отыр.

  Бүгінде кәсіп бастап, өз ісімді дөңгелетемін дейтін жаңға мүмкіншіліктер молынан қарастырылған. Соның бірі – «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау ұйымы. Аталған ұйымның себепкерлігімен білім алып, өз кәсіптерін бастаған үрпектік азаматтар мен азаматшалар да жоқ емес. Солардың бірі –  Ержан Ахметбекұлы. Сұлтанбеков «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында білім алып, өз бизнес жоспарын ұсынып, қорғап шыққан Ержанға мемлекет 505 мың теңге көлемінде несие тағайындап, жаңа іске жол ашады. 2019 жылы аталған несиені ұтып алған ол, биылғы жылы өз ісін ашып, бүгінде халыққа сапалы қызмет түрін көрсетуде. Ержанның айналысып отырған кәсібі – автокөліктердің дөңгелектерін жөндеу.

Қайралапов Бейбіт Рахымжанұлы 2018 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында білім алып, 2,5  млн теңге көлемінде несие алады. Бүгінде аталған қаражатқа дәнекерлеу цехының құрылыс жұмыстарын жасап жатқан жайы бар.

Жоғарыда аталған ұйымда оқып, өз бизнес жоспарын ұсынып, бүгінде 550 мың теңге көлемінде несиеге ие болған қос ауыл азаматшалары – Шынар Жаманбалина мен Жанна Кошапова. Шынар алдағы уақытта тігін үйін ашуды жоспарлап отырса, Жанна ханым газоблок кірпішін құятын зауыт ашуды қолға алмақшы.

Бүгінде ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылда тынымсыз 4 дүкен, 54 шаруа қожалығы, 2 ЖШС, «Құлан», «Жансезім» атты қос шағын тойхана, талай талантты жандарды түлеп ұшырған эстетикалық бағыттағы Жаңа ауыл орта мектебі, жаңа аурухана, мәдениет үйі, әкімшілік үйі, кітапхана, Таңатар Ахметов басқарып отырған жиһаз цехы да жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ Әскербекұлы Ербол иелік етіп отырған орталық монша да ел игілігіне қызмет көрсетуде. Жаңа үйлердің де бой көтеріп жатқандығы ауыл ғұмырының ұзақтығы мен тіршілік тамырының тереңге жайылғандығының көрінісі.

Іс сапар барысында әкімшілік, аурухана, мектеп мекемелеріне интернет көзі тартылып жатқандығынан да хабардар болдық.

– Осы тұрғыда аталған белді істердің басында жүретін, ауылдың көркеюі үшін тынбай еңбектеніп, жаңашылдықты жанына серік еткен ауыл әкімі Жақыбаев Ғалымжан Тұрлығұлұлының еңбегін атап өтпеске болмайды. Қорым маңайын қоршау үшін, шағын футбол алаңын салу үшін де арнайы Нұрсұлтан қаласына барып, кәсіпкерлердің басын біріктіріп, ұйымдастырған да өзі болатын. 2010 жылдан бері ауылды басқарып, бүгінде басшылық етіп келе жатқанына 10 жыл болған ауыл әкімі халқына шын жанашыр – дейді Үрпек ауылдық әкімі аппаратының бас маманы Қайыргелді Сәрсенғалиұлы.

Үрпек ауылының біз көрген бүгінгі келбеті осындай. Көзбен көргенді, көңілге түйгенді жаздық. Ауыл азаматтарының туған жерге деген қамқорлығына қайраң қалып, шын тәнті болдық. Жасалған істерге бәрекелді десек, жасалар істерге береке тіледік. Көпке үлгі болар Үрпек ауылының шіғар биігі мен алар асуы көп болсын!

Күнжамал Кенжеахметова, өз тілшіміз

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.