Өнер-өмір, өмір-мектеп

«Халық театры» атағын алу – асыл азаматтардың еңбегінің нәтижесі

     Биыл Амангелді ауданы халық театрының «Халық театры» атағын алғанына 60 жыл толып отыр.Амангелді аудандық мәдениет бөлімінің 1959-1964 жылдары меңгерушісі болып қызмет жасаған Уәли Хайруллин ағамыз Амангелді халық театры атағын алған кездегі болған уақиғаларды күнделік жүргізіп отырып 2001 жылы шығарған «Тағылымды шежіре» кітабында жариялаған еді:

«1959 жылдың сәуір айында Амангелді ауданына бірінші басшысы болып, комсомол-партия жұмысында шыңдалған, іскер басшы Оразалы Қозыбаев келді. Келе елдің әл-аухатын көтеріп, мәдениетін, шаруашылығын дамыту жұмыстырын қолға алды. Тамыз айында мені ауданық мәдениет бөліміне басшы етіп тағайындады.

Келген күннен бастап алдыма қойған мақсатым – қайткен күнде ауданның мәдени жұмысын жақсарту болды. Қалайда халық театры атағын алу үшін күресті күшейтуге кірістім. Ол үшін көремөнерпаздықты дамыту қажет. Аудан мекемелеріндегі, колхоздардағы талантты адамдарды ауданның орталығына шақыртып, жұмысқа алдым. Аудан оқу бөлімінен Төленді Әлекин, редакциядан Ділдәбек Қорғанбеков, Иманов колхозынан Қабдуали Ахметов, комсомолдан Кәки Ахановты өзіміздегі штаттарға орналастырдым. Оларды ауыстырып алуға ауданның бірінші басшылары О.Қозыбаев, атқару комитетінің төрағасының орынбасары Бейсенбек Әбенов, комсомол кимитетінің бірінші хатшысы Мансұр Шәкіржанов, хатшысы Орынбасар Тұрашев көп көмек көрсетті. О.Тұрашев театрға мүше болып рольдерде ойнады. 1960 жылы Төкен Елтебаев Алматы консерваториясын бітіріп аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрды. Оның бірінші еңбек кітапшасын ашып бірінші бұйрығын жазу менің үлесіме тиді.

    Осы жылы «Халық театры» атағын алуға күрес бастап «Ақан сері-Ақтоқты» спекткалі шығарылды. Қараша айында оған қоса «Қозы Көрпеш –Баян Сұлу» спектаклі дайындалды. 1960 жылдың 2 қаңтарынан басатап ауданымыздың: Ленин, Жанкелді, Иманов, Абай, Куйбышев, Калинин, Киров колхоздарын аралап жүріп спектаклімізді қойып шықтық. Соңынан аудан орталығына, ауданда сол кезеңде өткен партия комитетінің пленумы мен атқару комитетінің сессия жиналысында да спектакльімізді қойып бердік. 16 ақпан күні Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қауез Тажмақин Амангелдіге арнайы келіп «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесамызды көріп, қатты риза болып «Енді халық театры атағын алу үшін күресіңдер» деп кеңес береді.

2 ақпан күні аудандық атқару комитетінің мәжілісінде Мәдениет бөлімінің мәселесі қаралып, спектакльдерді Жангелдин ауданына апарып қою қажет деп шешілді.

9 ақпаннан бастап «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін қайта дайындау жұмысы басталды.

15-16 ақпан күндері Жангелдин ауданына «Ақансері –Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары мен концертімізді қоюға аудан басшысы О.Қозыбаев ұйымдастырған самолетпен: Мұхамедриза, Мейрамхан, Қазыбек, Кәки, Ділдәбек, Мәрзия, Төленді, Шамел, Шабанкүл, Бақытбек, Сартай, Төкен, Самат, Алтын, Бірәз, Әсипа, Айсұлу, Дәметкен, Сәкен Хұсайынов, Зура Нұржанова, Галина Лобанова, Галина Боранбаева және Тоқбай, Құлахмет ұштық. 16 ақпаннан бастап Торғайдың мәдениет үйінде, кәсіптік-техникалық училищесінде, түйешана және атшанмен колхоздарды аралап спектакль, соңынан концерт қойып, көрші аудан халқын риза етіп, алғыстарын арқалап 25 ақпан күні самолетпен елге оралдық.

    26 ақпан күні басшыларының шақыруымен 24 адам самолетпен Арқалық қаласына ұштық. Олар бірнеше күн «Экспедиция» клубында, «Алюминстрой» клубында, Қайыңды колхозында өнерлерін көрсетіп 12 наурызда Амангелдіге үлкен абыроймен оралды.

Аудандық кітапхана меңгерушісі Әсипа Әмірова мен балалар кітапханасының меңгерушісі Мәрзия Зейнуллинаны, Амангелді орта мектебінің мұғалімдері Шәмел Есжанова, Шабанкүл Тойманованы және тағы басқа қызметкерлерлі аудан басшылары іссапар кезінде жұмыстарынан босаттырып отырды.

Қазақстанның 40 жылдығы мерекесі құрметіне көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауы Қостанай қаласында өтетін болды. Біздің ауданнан осы байқауға Байғабыл колхозынан үш ашық мәшін алып үлкен ұжым 19 маусымда жолға шықты: театрымыздан 40 адам, ұлт аспаптар оркестрі 32 адам және бірсыпыра хорға қатысушылар үлкен әзірлікпен барды. Мұнда ұжымымыздағы өнерпаздар ортақ мақсатқа жету жолында спектакльге, оркестрге, хорға да жұмыла кірісіп отырды.

1955 жылы Қапышев Мейрамхан аудандық театрға режиссер болып тағайындалған. Жас режиссер жаңа өнердің аймағымызда еркін қанат жайып, халқына жеткізуге жаңа жолдар іздеп құлшына кірісті. Алматы қаласындағы өнердің қара шаңырағы атанған Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына барып ұжымымен танысып, қарым-қатынас орнатып, ақыл-кеңес алып, білмегенін үйреніп, тәжірибе жинақтады және Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін шығарар алдында спектакль авторымен кездесіп, автордың келісімімен спектакльді өзі ойлағандай етіп сахнаға дайындады.

Театр ұжымы да қалыптасып қалған еді. Бұл жолғы міндет өте жауапты болғандықтан әртістерді іріктеп қайта дайындауға тура келді. Режиссер Мейрамхан Қапышев сахнаға өзгерістер енгізіп, әртістердің шеберлігін шыңдауға ерекше мән берді.

Хорды, биді, оркестрді басқарып жүрген Төкен Елтебаев репертуарларды жаңғыртып, әрбір номердің әсерлі шығуына қатты назар аударды. Көңілде күдік те жоқ емес, уақыт та таяп қалып, жеке номерлерді жол үстінде әзірлеп сыннан өткізетін болдық.

Қайғыға барып түскеннен кейін, бір сағаттың ішінде драма ұжымының ойыны дайын болды. Клуб ішінде халық ығы-жығы. Әртістер далада тұрып терезе арқылы сахнаға қатынады. Мұның артынан концерт басталды. Әсем әндерімен, ырғақты күйлерімен көрерменді тәнті еткен концерт таңғы сағат төрке дейін созылды.

Келесі күні Наурызым ауданына жетіп мұнда да Ворошилов колхозының клубында пьеса және концерт қойылды. Жұрттың әншілерді қайта-қайта шақырып, ұзақ қол шапалақтап қошаметтеуімен бұл күні де халық өнерпаздарды таңы төртке дейін жібермеді.

Келесі 21-ші шілде күні үш машина болып тиеліп, Семиозер ауданына жеттік. Әртістерді орналастырып кешке ойынымыз бен коцертімізді қойдық. Өткен концерттерден тәжірибе жиып төселіп қалғанбыз. Халық көп жиналып, ризашылығы мен алғысын жаудырып, кешіміз аншлагпен өтті. Бұл бізге қуаныштың бастамасы болып көрінді.

Қостанайда біздің сынға түсетін күніміз 24 шілде де өтетін болды. Уақытымыз дайындық үстінде өтіп жатты. Уақыт жетіп шымылдықты аштық. Халық өте көп. Халық алдында жастарымыз қобалжыңқырап еді, көремендердің ықыласы, нөмірлеріміздің көңілден шығуы жанымызға қуаныш ұялатты. Оркестріміз «Тойбастар», «Қосбасар», «Адай» күйлерін орындағанда қайта-қайта қол шапалақтау мен қошамет жауды. Іле Ахметжанова С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», одан кейін Алтын Абылова, Мәрзия Зейнуллина, Айсұлу Байқадамоваларды тыңдаушылар ерекше ықыласпен қарсы алды. Ақырында біздің оркестр, әншілеріміздің 8 номері, Ғалымжан Рахметовтің «Мереке» күйі қортынды концертке қатысты. Олар сенімімізді ақтап шықты. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қауез Тәжімәкин өнерпаздарымыздың табысын айта келе «Бірінші орын Амангелді ауданына берілді» дегенде жастарымыз қандай қуанды десеңізші. Бірінші сыйлық пианино бізге берілді. Драма ұжымының 9 адамы ерекше аталып өтті. Т.Елтебаев, М.Қапышев сыйлыққа радиоқабылдағыш, А.Абылова жамылғы алды. Зейнуллина, Әлекин, Аханов, Д.Қорғанбеков,Ш.Тойманова, С.Сұлтанбеков, Боранбаева, Нұржанова, Б.Сейілов ұжымымыздан 18 адам грамотамен марапатталды. Драма ұжымымыз «халық театры» атағын алуға ұсынылып, 40 адам Алматыға республикалық байқауға баратын болып белгіленді. Өнерпаздардың табысы аудан жұртшылығын қуанышқа бөледі.

Халық театры атағын алу үшін күресте ерекше роль атқарған режиссер М.Қапышев пен көркемдік жетекші Т.Елтебаев және ұйымдастырушы Д.Қорғанбековтың еңбегі зор болды. Т.Елтебаев оркестрді және концертті өте шеберлікпен дайындап еңбегі жоғары бағаланып оған арнайы алғыс айтылды.

    Төкен ерекше дарынды, кішіпейіл, ісіне білікті, абзал азамат болатын. Ділдәбек Қорғанбеков, Төленді Әлекин, Тоқбай Тұржанов, Алтын Абылова, Самат Сұлтанбеков кәсіпкер әртістерден еш кем ойнамайтын талантты жандар болса, Нәжібек Оспанов «Кестелі орамал», Мәрзия Зейнуллина «Ақмаңдайлым», Дәметкен Ахметжанова «Тау ішінде», Айсұлу Қорғанбекова «Перевоз Дуня держала», Сондай-ақ  Есенбек Жүсіпбекова, Тілек Байшақанова, Қатима Нәбиева т.б. өте тамаша әндер орындап ауданымыздың атын асқақтатты. Осы тарихи уақиғаның қайнаған ортасында ұйымдастырушы әрі куәсі болып жүру маған бұйырған еді».

    1958 жылы Сатыбалды Ишанның клуб ретінде пайдаланылып жүрген медресе-мешітінде Амангелді аудандық комсомол конференциясы өтеді. Осы конференцияға Арқалық геологиялық-зерттеу экспедициясының бастауыш комсомол ұйымы жиналысының ұйғаруымен делегет болып Айсұлу Байқадамова келеді. Конференцияда Ділдәбек Қорғанбековпен танысады. Конференциядан кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбенов Бейсенбек ағаның кеңесімен Амангелдіде қалып, аудандық пионер үйіне қызыметке тұрады. Көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болып, спектакльдер мен концерттерде сахнаға шығып: украин, қырғыз, татар, өзбек тіліндегі әндерді, орыстың «Перевоз Дуня держала», «Называют меня некрасивою», «Ах Самара городок», «Черноглазая», «Любовь моя», «Выйди на балкон», және «Қайдасын сен», «Бір күй бар домбырамда тартылмаған» әндерін тамша дауысымен шебер орындап тыңдармандардың жүректерін жаулайды. Сол жылдары жастардың өнерге деген құштарлығы ерекше еді. Олар уақытпен санаспай, клубта шаршау дегенді ұмытып, жиі-жиі концерт, спектакльдер қояды. Ондай күндері клуб үйінде ине шаншар жер болмайтын.

Қостанайда өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауына өнерпаздар құрмында қатысып, байқау қортындысында Амангелді ауданының бірінші орын алуына зор үлес қосқан, бүгінде жасы 82 қараған, «Қажы-Ана» атанған, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ардақты ана» медальдарымен марапатталған Айсұлу Қорғанбекова апайымыз осы ұмытылмас күндерді «Ділдәбегім-Дүлділім» атты кітабында еске алады:

 « …. 1960 жылдың маусым айында, Қостанайдағы өнер байқауында театрымыз бірінші орын алып «Халық театры» атағына ұсынылып, алпыстан астам өнерпаздар Алматыға аттандық. Алматыға барған соң бізге Алматыдағы Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының актері Серке Қожамқұлов консультант ретінде бекітіліп берілді. Барған бетте «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін дайындауға кірісіп кеттік. Өнерпаздар өздеріне бекітіліп берілген рөлдерді орындап болған соң, репетицияны бақылап отырған Серке Қожамқұлов ағамыз риза болып, ұйымдастырушы, көркемдік жетекші – Ділдәбекке, режиссер-Мейрамханға, өз ризашылығын білдіріп: «Рөлдерді әр орындаушыға дұрыс бөле білген екенсіңдер, осы бағыттан таймаңдар «Халық театры» атағын сендерге бермегенде кімге береді!» деп бізді жігерлендіріп ақ батасын берген еді.

    Алматының жастар театрында талғампаз көрермендердің, сарапшылардың кеңесінен шығып, «Халық театры» деген атақты иеленіп тұңғыш рет Қостанай топырағында, Торғай тарихында халық театрының қазығын қададық. Үлкен еңбектің нәтижесінде Ділдәбек, Мейрамхан, Төкендер асқан шеберлікпен басқарып, өте жоғары дәрежеде ұйымдастырғанының арқасында «Халық театры» атағына қол жеткізіп елге үлкен қуанышпен оралдық.

    Ділдәбек екеуміз елге оралғаннан кейін бас қосып шаңырақ көтеруге, тойдың күнін 1960 жылдың 20 тамызы күні өткізетін болып уәделескен едік. Ақан Нұрманов Шақыру билетіне: Жарасқан жарқын жастық тілекпенен, Шаттыққа нұрға толы жүрекпенен, Келіңіз, тойымызға шақырамыз, Атынан қос жүректің құрметпен! –деп өлең жазып берді. Той белгіленген күні Ділдәбек пен Алекин Төленді ағатайым екеуі келіп,Төлеңді ағатайым: Айсұлу Ділдәбек екеулерің сыйласып, сырласып біраз жүрдіңдер, енді отау тігіп шаңырақ көтеретін кез келді. Ділдәбектің бақыт құсы етіп алақанына қондырайын!,- деп киінуімді өтінді. Ділдәбек екеумізді қолымыздан ұстатып үйден алып шықты. Мені водовоздың есігін ашып ішіне отырғызды. Төленді аға екеуі водовоздың үстіне жайғасты. Үйге келдік, күтіп тұрған адамдар шашу шашып, енем бетімнен сүйіп, май жағып үйге кіргізді. Ділдәбектің туыстары екі мәшін мал беріп, соның арқасында біздің тойымыз ерекше өтіп он күнге созылды. Халқы аялап, алақанына салған аяулы азамат Ділдәбектің жары болдым. Екеумізде ата-анадан жалғыз едік. «Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен өсіп-өнеді» дейді халқымыз. Алланың берген шексіз сыйы– екеуміздің балаларымыз. Олардан –немере, шөбере сүйген, ақ жаулықты бақытты әже болған шағыма жетіп, өткен өмірімді есіме түсіремін. Жарқыраған жарық күндерім мен сыңарынан айырылған аққудай болып қара түнек күндерді де басымнан өткіздім. Алдымда ақылшы болған ағаларға еліктеп үлгі алдым, ата-тегіме ұят келтірмеуге тырыстым.

   1980 жылы, жаз айы болатын, Мейрамхан науқастанып Арқалықтың ауруханасында жатқан. Ділдәбек екеуміз Мейрамханның көңілін сұрап барғанда, Ділдәбек:  «Әй жігітім осылай жата бересің бе? Халық театрына биыл 20 жыл болды ғой! «Ақан сері- Ақтоқтыда» ойнаған ұл-қыздардың басын қосып, 20-жылдықты атап өтейік. Сен жата бермей режиссерлығыңды қолға ал, ал мен аудан басшыларына айтып, рөлдерде ойнаған жігіттер мен қыздарға хабарласып, 20 жылдықты өткізу іс-шараларын қолға алып, өнерпаздарды жинап берейін» деді.

  Төрт қабырғасы түгел дегендей, сол кезде спекткальге қатысқан өнерпаздардың бәрінің басы аман бауырлары бүтін еді. Олар бір жерде емес, өмірдің талабы бойынша әр жерде тұратын. Бірі ауылда, бірі қалада деген сияқты.

    Ділдәбек идеясын жүзеге асыру үшін жергілікті басшылармен хабарласып, атқарар іс-шаралардың басын шешіп, ұл қыздардың бастарын құрап 20 жылдан кейін «Ақан сері-Ақтоқты» спектакліне қатысқан өнерпаздарды халық театры төріне қайта шығарды. Бұл жолы спектакльде ойнаған таланттар, бұрынға 20-25 жас аралығындағы жастар емес еді. Бәрі бір-бір қара шаңырақ иелері, балалы -шағалы 40-50 жастағы ел ағалары еді. 20 жылдан кейін азаматтар мен азаматшалар кездесіп, пьесадағы кейіпкерлердің образына кіріп, сахнаға қайта шығып, мәре-сәре болып, бақыт құшағына кіріп, қуанып көремендерді де қуантып, мерекеге айналдырып тастаған еді.

Бұл жолы рөлдерде ойнағандар: Ақан сері – Жауынбай Шәймерденов, Ақтоқты – Алтын Абылова, Науан –Төленді Әлекин, Жалмұқан – Мейрамхан Қапышев, Қоңқай – Еренғайып Әбдіхалықов, Дәмелі – Мәрзия Зейнуллина, Шәмель Есжанова, Сердәлі – Ділдәбек Қорғанбеков, Мылқау балуан – Кәки Аханов, Сейі т- Мұрат- Балта -Тоқбай Тұржанов, Жылгелді – Қорамса – Орынбасар Тұрашев, Қарасақал – Балтабай Уақитов, Сәдір – Башарин Қажығалиев, Жеңге- Айсұлу Қорғанбекова, Жетім бала – Шәміл Тоймановалар еді. Бірсыпыра өнерпаз Жігіттер мен қыздар массовкада жүрді. Спектакль қойған режиссер Мейрамхан Қапышев болды да оның орынбасары Б.Уақитов, көмекшісі Қ.Тұрсынова, суретші – Әбілбек Ұзақов, музыкасы – Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қ.Әбенов, көркемдік жағын басқарушы – Д.Қорғанбеков болды. Қызығы мен шыжығы мол ғажап, жұмбақ өмір ай! Кім білген, бәрінің сонда соңғы кездесуі болатынын. Ия, сонда бәрі қатарда бар еді. Сол азаматтардың ажалдың тырнағына ілігіп, келместің кемесіне мініп, бақиға жол бастаған да Төкен, Ділдәбек, Мейрамхандар еді. Алланың құдыреті күшті ғой, олар өмірде де бірге жүріп, өнерде де бірге жүріп, бақиға келместің кемесіне де бірінен кейін бірі қалмай мініп кете барды. Сол өнерапаздардан қарап отырсам, бүгінгі күнде қалғаны саны қолымдағы бес саусаққа жетпейді. Бақилық болғандарға Алла иман байлығын берсін. Артында қалған балаларына бақытты ұзақ өмір тілеймін. Көз көргендерге Алла амандық саулық берсін!

Өнер-өмір, өмір-мектеп. Сол өмір мектебі: кино, драма, опера театры, рухани дәріс алу үшін осы орындарға, театрларға еңбектеген баладан бастап, қартайған қартқа дейін барады. Міне біздің елімізде, жалпы Қостанай, Торғай өңірінде жоғарыда аттары аталған елі ардақтаған асыл азаматтар жанын салып жасаған еңбектерінің нәтижесі және кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп мәдени мұра етіп қалдырған мәдени орталық халық театрына бүгін 60 жыл болыпты. Мейрамхан, Ділдәбек, Төкен негізін салып кеткен халық театрын, өнер жолын олардың ұрпақтары дамытып, жетілдіріп туын желбіретіп келеді. Жаратушымыз оларды бақытқа кенелтсін! Тәңіріміз қолдап қазағымыздың мәдениеті, өнері биік деңгейге көтеріліп мәңгіге жалғасып жатсын!»

Альберт МУРСАЛИМОВ,

қоғам қайраткері

Нұр-Сұлтан қаласы.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.