Қап-қара хабар жетті қара түнде


Жан досымыз,ҚР мәдениет қайраткері,Арқалық қаласының Құрметті азаматы әрі тұрғыны, Торғай елінің қадірлі азаматы Жұмағалы Сүлейменұлы Өмірбектің қазасына

               Реквием

Қара түнде кеп жетті қара хабар,
Қара хабар қап-қара қанаты бар.
Арқалықтың аспаны аласарып,
Торғайдың күңіренді даласы бар.

Қара түнде кеп жетті қара хабар,
Жыландай түсі суық қара шұбар.
Мәңгілікке көз жұмған Жұмағали,
Қопарылып құлаған дара шынар.

Аһ ұрдық жай түскендей төбемізден,
Су шыққандай мұхитта кемемізден.
Ауыр қайғы тым батты жанымызға,
Ет кесіп жатқандай бір денемізден.

Бір жұлдыз сөнді Торғай көгіндегі,
Қайысып қабырғасы егілді елі.
Ойда жоқта ажалға кеткен еріп,
Тауыспай ән мен күйін көңілдегі.

Айрылды Торғай таудай тұлғасынан,
Бар өнер табылатын бір басынан.
Ел мен жер, өнер жайлы ой толғасып,
Жалықпайтын кіммен де сырласудан.

Өмірі мен өнері дастан ұзын,
Сері еді серілердің басқан ізін.
Домбыра шанағынан зар төгіліп,
Ән мен жыр, күй әуені басқа бүгін.

Торғайдың біртуары нар дейтінбіз,
Әңгіме, сөзі дәмді бал дейтінбіз.
Зиялыдан кім қалды Арқалықта?-
десе кім: Жұмағали бар дейтінбіз!

Жұмағали –нөсер күй, ән дейтінбіз,
Ортаға көрік берер сән дейтінбіз.
Тоғысқан тұла бойы тұнған өнер,
Жаралған бір ерекше жан дейтінбіз!

Достықтың нұр-сазына бөледі де,
Ән жазған әлденеше өлеңіме:
«Сал домбыра», «Қыздар-ау, қандайсыңдар?»
Шабытпен келген әндер кемеліне.

«Неткен, жаным, сүйікті ең?!» -ән тамаша!
Авторы Ғафу қалған таң-тамаша!
Не ғажап туындылар жатар туып,
Сазгерге біткен жүрек –жан қаласа.

Шатырлап күн күркіреп төбесінен,
Айрылды Торғай сондай төресінен.
Жасампаз әндерімен бірге жасап,
Елдің досы шықпайды ел есінен!!!


Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қаз.Жазушылар Одағының мүшесі,
28 маусым, 2020 ж.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.