БЛОГТАР

«Аманкелді арайы» газетіне — 85 жыл

Бұл менің редакцияға алғаш келген кезімде түскен сурет. 22 жастамын.
Бір күні көшеде келе жатсам, Еренғайып ағай кездесе кетті. Амандық сұрасқан соң : – Сен жұмысқа тұрғың келмей ме, бізде бір орынға адам керек болып жатыр, – деді. Мен аяқ астынан не айтарымды білмей: «Ия, тұрғым келеді» -деп қойып қалдым. «Онда ертең сағат 9-да редакцияға кел» деді.
Не керек ертемен ерте тұрып алып, «собеседованиеге» дайындалдым. Ол кезде бояу дегеннен тек түрлі-түсті қарындаштардың ішіндегі қара қарындаш пен тушь қана бар болатын. Оның өзіңде қап-қара болып кетеді деп, тушь жақсақ- көзді боямай, көзді боясақ қасты боямайтын едік. Көзім үлкен болсада көзімді бояп алатынмын.
Сөйтіп, жүрексіне басып, «Тың шұғыласы-Целинная заря» газеті редакциясына қарай беттедім. Сыртынан көргенім болмаса өмірі ішіне кіріп көрмеппін. Жолай бір құрбым кездесіп: «Қайда тарттың», – деді. «Мені редацияға жұмысқа шақырды» дедім. «Ой, ылғи «Дон Жуандардың» арасына барайын деп жатсың ғой» деді. Мен күлдім. Бірақ ішімнен «расымен қайда келе жатырмын» деген ой мазалап, басымнан шықпай қойды. Сонымен редакцияға келіп жеттім. Екі есік бар екен, қайсына кірерімді білмей, ашық тұрған есікке бас сұқтым. Іші көк түтін, сарт-сарт бірдеме қайнап жатыр. Жас жігіттер мен қыздар қара халат киіп алып, шұқшиып бірдеңелер істеп жүр. Солардың арасында бір қолында газет, (жаңа басылып шыққан болуы керек) бір қолында темекісі бар ақсары келген жігіт : «Бота, кім керек?,- деді.

Көңілім пәс болып келе жатқан маған бұл кісінің жағымды қоңыр үні жақсы әсер етті. Өзімді тез жинап алдым да : «Редактор Еренғайып ағай керек еді,- дедім. Ол маған жымиып: « Бұл типография ғой, келесі есіктен кіресіз?»,-деді.
Келесі есіктен имене ішке кірдім. Оң жақ кабинет ашық тұр екен. Онда ешкімге қарамай, шашы қап-қара , жасыл суретті рубашкасы бар, шашын қайта-қайта сілкіп тастап, қағазға қарап, жұрт кіріп жатыр ма, шығып жатыр ма назар аудармайтын бір ғажап сұлу жігіт отыр. Мен аз кем бөгелдім де… әлгі жігіттің қарамайтынын біліп, алдыңғы есікті аштым. Кірген бетте екі апай отыр екен, сол кісілерден «редакторға келіп едім» деп едім, олар төргі бөлмені нұсқады. Сөйтіп, саманнан салынған, қумалау кеңсе ішінен Еренғайып ағайдың кабинетіне де жеттім-ау әйтеуір. Еренғайып ағай:
– Келдің бе, дұрыс!- деді де мені қарсы қабинетке ертіп апарып «осында отыра тұр, өзім хабарын берем» деді. Мен кірген кабинетте ақсары, ұзын бойлы, ірілеу келген, бір жігіт отыр.
Мен төрдегі столға жайғасып отырдым. Бір кезде жаңағы типографиядағы көрген адамым қолында газеті бар кіріп келді. Шамасы мен отырған стол сол кісінің орны болуы керек. Мені көріп: «отыра беріңіз» деп сыпайылылық танытты. «Отырыңыз» деп орнын босатып, сол кісінің алдындағы орындыққа жайғастым. Ол орнына жайғасты да, газетке шұқшиып, бірдеңелерді сызғылап жатты. Тіпті менің отырғанымды да ұмытып кеткендей. Сары жігіт маған аңда-саңда қарап қояды, ол да үндемейді. Шамасы сөзге жоқ-ау деймін. Алдында түрлі-түсті қарындаштармен бірдеңелерді сызып, нөмірлеп отыр.

Біраз уақыт өтті. Бір кезде Еренғайып ағай келіп, «жүре ғой» деді. Осы жерден құтылғаныма қуанып, тұра жөнелдім. Ол кісі мені кіре берістегі әлгі «сұлу жігіттің» кабинетіне қарама-қарсы кабинетке алып келді. Онда машинка басып бір қыз отыр екен . Осы бөлменің төр жағында орналасқан тағы бір кішкентай кабинетке әкелді. Оның ішінде екі қыз, бір жігіт отыр екен.
– Бұл «Целинная заря» газетінің ұжымы. Аптасына бір рет «Тың шұғыласы» газетінің маңызды деген мақалаларын аударып, шығарып тұрады»- деді. Төрде отырған қызға: « Оля, Гүлбаршын бүгіннен бастап сендерде жұмыс істейді деп мені таныстырып шығып кетті. Оля (Ұмсындық) басымнан аяғыма дейін қарап алып, жанағы машинистка қыздың жанындағы машинкасы бар столға жайғастырды. Олардың аударған орысша мәтінін машинкаға басуым керек екен. Мен өмірі машинка басып көрмеген едім.
Қасымдағы қызда дамыл жоқ, тықылдатып басып жатыр. Бір кезде қолында қағазы бар манағы типография мен кабинетінде жолыққан жігіт кіріп келді. Маған таңырқап, бір қарап алды да: «Зибагүл, дайынсың ба, кеттік, – деді сайрата жөнелді. Ол айтып жатыр, машинистка қыз қалай үлгіріп жатқанын білмеймін, сыртылдатып басып жатыр.
Сөйтіп менің редакциядағы алғашқы жұмыс күнім осылай басталған еді…
Редакцияда 20-дан астам адам қызмет істейді екен. Біразы жас жігіттер мен қыздар..
Олармен тез үйренісіп кеттім. Әлгі шашын сілке беретін сұлу жігіт ҚазГу-дің журналистика факультетін сол жылы бітіріп келген – Жалғасбек Сүлейменов екен. Түрлі-түсті карандаштармен сызу сызып отыратын жігіт, газеттің жауапты хатшысы – Қонақбай Теміржанов, ал мен алғаш кездестірген аппақ жігіт, ол газет редакторының орынбасары – Хамитбек Мұсабаев екендерін білдім. Ақырындап жұмысыма төселе бастадым. Қазақша газетке қарағанда менің жұмысым оңайырақ болды.

Машбюраға дамыл жоқ, жігіттер кезек-кезек мақаларын бастырады да командировкаға кетеді. Шөп шабу, қой төлдету науқандары туралы құлаш-құлаш очерк пен фельетондар, фоторепортаждар беріп жатады. Зибагүл соның бәрін жылдам басып беріп үлгіреді. Ол кезде қазіргі компьютердегіндей бір әріп қате кетсе, өшіре салып, түзеу деген болмайтын. Екі бет мақаланы басып келе жатып, диктовка жасап тұрған журналист қате жіберсе, әлгі мақаланы басынан бастап қайта басатын.
Сол кезде жалындаған жас жігіттер Қонақбай Теміржанов, Хамитбек Мұсабаев, Самат Асқаров, Қалжігіт Смагұлов , Жалғасбек Сүлейменов, Лаззат Қапышова, Сұтанғали Бейсекеев, Ғалымжан Гапбасов,Төлеген Сейдахметов, Мейрам Қанафин, аға буын өкілдері – Жалғасбек Қоянбаев, Тәшім Құсайынов сияқты журналистер қызмет атқарды.. Орысша газетте Оля (Ұмсындық) Жаманова, Сәбит Сүлейменов сияқты білікті мамандар газеттің сапалы аударма газетін шығарды.
Фототілші Мейрам Қанафин ол да журналистермен бірге командировкада жүріп, күшті суреттер түсіріп әкеледі де, қараңғы бөлмеге барып, фотоларды шығарып, кептіріп іліп қояды. Ол өте қауіпті еді. Не деген еңбек десеңізші?
Ол кезде редакция қызметкерлерінің еңбекақысы да жоғары болатын. Тоқсан сайын сыйақы, ай сайын қаламақы беретін. Гонарар алғанда мекемеде үлкен мереке болады. Жігіттер «торт алыңдар, шәй ішіңдер» деп қыздарға ақша береді. Біз оған жұмыстан соң «вечер» жасаймыз. Ұйымдастырушы – Ләззат Қарышева. Дастарханды жайнатып жібереді, жетпегенін үйінен әкелетін еді. Ләззаттың аяулы анасы, иманды болғыр – Қатыкен апай қолы ашық, жақсы адам еді. Талай ыдыстарын жоғалттық. Шошаласынан ет ұрладық. Ләззат айтатын «сен бір сүйек, мен бір сүйек әкелсек болады» деп. Шошалаға кіріп, қолға ілінген бір сүйекті алып кететінбіз.

Мерекедегі бас қосу – ол өзінше бір шағын той. Жігіттер жарысып өлең оқиды. Әсіресе Самат Асқаров арқаланып, өз өлеңдерін оқитын. Біз оны «қазақтың Расул Гамзатовы» дейтінбіз. Ол одан сайын арқаланады. Жарысып, бәріде кезек-кезек өлең оқып, қыздар жағы ән шырқайтын едік. Еренғайып аға «Әселім жанымды», Лаззат «Ойлайсың ба, мені» жиі айтатын еді.
Қонақбай болса «өте сараң ақын» болып саналатын. Өлеңді жақсылап шығарғанымен, оны тығып қойып, жарияламайтын. Аздап сайқымазақтығы бар. . Ылғи маған « көзің сенің қара өрік, ағып кете жаздапты-ай» деп өлең шығарып жүретін. Жоғарыда айтқандай,
мен көзімді қап-қара етіп, бояп алатынмын. Өзімнің көзім қара болғандықтан, көзім қайсы, бояу қайсы екенін жұрт біле алмай жүретін. Сол бояу жаңбыр кезінде езіліп кеткенін Қонақбай көрген ғой, шамасы. Марқұм, аяулым досым менімен көп ойнайтын еді. Мен Ақтөбеге оқуға кеткенде «Аманкелдіде сен жоқсың» деген өлең шығарып қойыпты. Оның жұмысы қиын болатын. Аптасына үш рет шығатын газеттің макетін сызып, бетін түгендеп отыратын. Біз оны «жыртық жамаушы» дейтінбіз. Қолы қалт еткенде машбюроға келіп, бізбен әңгімелесетін. Мен кейде «Қоқа, мен сені қатты жақсы көремін» дейтінмін ойнап. Ол шошып кетіп: «сендей қара келіншек өзімде де бар» дейтін еді… Сондай сенгіш еді…
Кейде көңілденген кезде:
Қарлығаштың қанатымен әрлеген,
Сенікіндей қасты ешкімнен көрмеп ем,
Арқасына тастай салған өрмеген,
Сенікіндей шашты ешкімнен көрмеп ем… – деп өлең оқып беретін.
Әйтеуір редакцияға біреу келсе неге екенін білмеймін, маған арнап өлең шығаратын. Бірде Торғайдан Еренғайып ағаның досы – Таңатқан Сәтпаев деген кісі келді. Ол кісі маған табанда «Сенің көзің» деген өлең шығарды. Кейіннен сол өлеңді кітабына басты.
Редакцияның тарихында мықты редакторлар – марқұм Еренғайып, Бөгетбай ақсақалдарды бұл күнде сағынышпен еске аламыз. Олар қаншама білікті, білімді дарынды жастар тәрбиелеп ұшырды. Ол кісіден тәлім алған жастар өте тату болды…
Ереңғайып ағай аудандағы өте белсенді адам еді. Бірде театрда актер болып жүреді, бірде айтысып отыратын. Бүркіт Бекетовты, Әлпия Орманшинаны, Жадыра Құтжановалардың ұстазы болды. Бүркіт Бекетовты жоғары білімі болмаса да ауылдан алдырып, редакцияға жұмысқа алды. Өзінің қорынан ақша аударып, айтыстарға жіберетін…Редакция жастары сол кісінің үйінде жүретін. Ауданға Сырбай, Ғафу келсе сол кісінің «қадірлі қонағы» болатын. Үйіне біреу сәлем беріп кіріп барса, «Сәлемші болсаң төрге оз, ағаң үйі – кең жайлау!» деп аңқылдап қарсы алатын.
Редакцияда алғаш жұмысымды бастап, алғаш рет көрген Хақаң екеуміз казіргі таңда қызметте де, үйде де біргеміз. Ол – менің балаларымның сүйікті әкесі, ұстазым, досым, қамқоршым. Сол кезде Хақаң 27 жаста екен. Таңқалатыным көлдей-көлдей мақалаларды әкеп, төгіп тастайтын. Еренғайып ағаның орнын жоқтатпайтын. Өзінің мамандығын өте жақсы көретін. Және беріліп істейтін. Бір минутын босқа жібермей үнемі еңбектеніп отыратын. Сөйтіп жүріп Файзолла атамыздың еңбектерін жарыққа шығаруға көп үлесін қосты. Сол атаның алғашқы өлеңдерін мен басқан едім… 30 жасында көлдей-көлдей поэмалар шығарды. Мен барлық шығармаларының куәсі болдым. Бірінші маған оқып беретін.
Біз көп сөйлеспедік. Бір-бірімізді көзбен ғана ұғыстық десек те болады. Жұрт сияқты маған өлең шығарып оқымады. Қылышынан қан тамған кеңес заманыңда Хақаң сол алашордашылдар туралы жазды. Оны алдымен Жалғасбек оқиды. Сосын барып, маған бастыратын.
Мен көп жайды түсіне бермейтінмін. Тек Тасмешінде дүниеге келген анам аштық жайлы әңгімелерді ғана айтатын. Ал, қудалау, алашордашылар туралы мен ең алғаш Хақаңнан естідім…
Бірде Хақаң «өлеңдерім мен поэмаларымның ішіндегі барлық әйел кейіпкерлерді сені көз алдыма елестетіп отырып жаздым», деді. Соған қарағанда Хақаңның шабытын шарықтатып, қаламының мұқалмауына көп үлес қосқанмын-ау деп ойлаймын…
Тәуелсіздік алған жылдары редакция жабылып қалды. Көп журналистер басқа қызметтерге кетті. Хақаң Арқалықтағы типографияға барып жұмыс істеп, арасында «Тың шұғыласының» атауын «Ақ жол» деп өзгертіп шығарып тұрды. Арқалықтағы типография да жабылып, Хақаң жұмыссыз жүрді. Басқа қызметтерге бармады. Сол газетке демеуші іздеп, айына бір рет болсын шығарып тұрды. Мен мәдениет саласында қызмет атқардым. Бір күні Хақаң «маған жалғыз қиын, сен жұмысынан шығып, маған газет шығаруыма көмектес» деп қолқа салды. Содан Хақаңа көмектесу үшін 20 жыл істеген мәдениет саласынан кетіп, редакцияға қайта оралдым… Ол кезде бұрынғы редакция дүкенге айналған. Газет ешкімге де керек емес еді… Редакция біздің үйіміз болды. Хақаң диктовка жасайды, мен басамын… Сосын сол басқан мақаланы Қостанайға автобустан беріп жібереді. «Қостанайполиграфия» « қарызға» деп шығарып беретін. Сөйтіп жүргенде аудан әкімшілігі газетке көңіл бөлді. Бюджеттен ақша қарады. Интернет қосып берді. Кейін барлық газеттер жекеге өткенде, бізде жекешелендірдік. Жаңа заманға сай газет жасауды үйрендік. Тыным таппадық. Тынбай ізденудің, кәсіби шеберлігімізді жетілдірудің арқасында газетті аудандық редакцияның өз ішінде жасап, басуға ғана облысқа жіберетін дәрежеге жеттік. Біз екеуміз ғана емес, балаларымыз да осы кәсіпке машықтанды. Әсіресе Гүлдана, Ақнұр деген қыздарымыз көздерін редакция жұмысымен ашты. Олар да газет шығару жұмысын жақсы меңгеріп алды. Ақнұр – Қостанай облысындағы орыстілді Алтынсарин, Қарасу аудандық газеттерінде бас редактор болса, Гүлдана да газет жұмысының отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Оның жазу қабілетінің ашылуына редакцияда істеген кездері көп ықпал етті. Журналистика – біздің өмірімізге айналып кеті. Қазір де жалақымыз мардымсыз. Бірақ оған онша мән берген жоқпыз. Бар тірлігіміз газетшілік болғанына өкінбейміз. Өз мамандығын сүйген қаламгерлер оны басқа кәсіпке ешқашан да айырбастамайды. Біздің Хақаңның 47 жыл өмірі редакцияда өтіпті. Аз уақыт емес… Кезінде оны түрлі басшылық қызметтерге шақырды. Бірақ ол соның бәрінен саналы түрде бас тартты. «Маған мансап емес, мамандығым қымбат» деді. Оны өзінің ерекше жақсы көретін інілерінің бірі Жалғасбек Сүлейменов «Хақаң журналистиканың өз адамы, тумысынан газетші» деп бағалаған. Осы бағаға менің де алып-қосарым жоқ. Газет – ол үшін ең мәртебелі шаруа.
Бүгін үйдегі ескіальбомды ақтарып отырып, жастық шағымызды еске алдым…Біраз жыл артта қалыпты… Өмірден озған әріптестерді еске алып, жанарым суланды. Газетпен бірге жасап, бірге есейген екенбіз. Редакцияда жап-жас болып, үлбіреген жүзімізге қарап, жастық шақ неге тұра бермеді екен дейсің. Бірақ, қартаймау мүмкін болса, мына үлкен өмірді кім жасар еді?…

Гүлбаршын СМАЙЫЛОВА

Суреттер редакция архивінен алынды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.