ҒАЗИЗА АПА

Торғай топырағы қашанда таланттарға кенде болған емес. Небір арқалы ақындар, Алаштан ән оздырған әншілер, күмбірлете күй төккен дәулескер күйшілер де өткен бұл өңірден.
Сондай тума таланттардың арасында әнші, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова апайымыздың орны бөлек.
Болмысы тәкәппарлық пен нәзіктіктен тұратын Ғазиза апам, сонымен қатар аса сезімтал, жұмсақ міңезімен сұхбат беруге бірден келісті.
Біріміз Көкшетауда, біріміз Нұр-Сұлтанда отырып, телефонмен жүргізген сұхбатымыз төмендегідей болды.

-Ғазиза апай, Сіз қазір алпыс бестен асып жетпіске қарай қадам бастыңыз. Осы жасқа келсеңіз де сыңғырлаған үніңізге қоса, тіл-көзіміз – тасқа, әдемілігіңіз де бір басыңызға жетерлік. Кімге тартқансыз? Ата-анаңыз, отбасыңыз, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз. Өнер сізге кімнен, қай жақтан дарыған? Ата-анаңыз әнші-домбырашы кісілер болып па еді?

Мен енді ауылдың баласы болып есейдім ғой. Біздің кезімізде қазіргідей интернет, ұялы телефон деген атымен болған жоқ. Тек радио ғана әр үйде, әр бағанда күні бойы қосылып тұратын. Сол қара радионы тыңдап, айтылған әндердің мақамын қаз-қалпында қағып алып, орындап жүрдік.
Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Рахия Қойшыбаева, Рабиға Есімжанова сынды сол кездегі дүлдүл әнші апаларымыздың даусын радиодан естіп өстік. Неше түрлі қазақтың әндерін сол радиодан тыңдап, құлаққа сіңіріп, жаттап алатынбыз. Халық әндерін радиодан орындайтын аға-апаларымыздың барлығынан да тәлім алдым, сол кісілер менің өнердегі ұстазым болды. Кейін келе Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Зейнеп Қойшыбаева апаларымызбен, қазақтың дарынды композиторлары Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, ақын әрі сазгер Кәкімжан Салықов ағамызбен, Көкшенің азаматы, сәулет өнерінің негізін қалаған Шота Уәлихановпен және қазақтаың мандайалды әнші-композиторларымен өмірде де сыйлас, дәмдес болдым. Сол кісілердің өнеріне қанық болып, әңгімесін тыңдай жүріп, олардағы жақсы қасиеттерді бойыма дарытуға тырыстым. Әйтпесе өзің білесің ғой, менің арнайы музыкалық я болмаса әртістік білімім болған жоқ. Ең алдымен дархан Торғайымның әуені мені әлдилеп өсірсе, екіншіден сол ұлы тұлғалардың тәлім тәрбиесімен жетілдім, өнерімді шыңдадым.
Роза Бағланова апамыз өмір бойы бетінде бір әжім жоқ, жап-жас болып көп адамды таң қалдырып өтті. Ол кісіге «сұлулығыңызды қалай сақтайсыз?» деген сұрақ көп қойылатын. Сонда апамыз «Адам өзінің ішкі жан дүниесін таза сақтау керек, жан дүниең, жүрегің таза болуы керек» деп сыңғырлаған үнімен жауап беретін. Міне уақыт өте келе сол сөзге көзім жетіп отыр. Мен де сол кісінің ойына тоқтаймын. Жас кезде сырт сұлулығымызға аса көп мән бермедік. Жас кезімнен күтініп жүрдім деп айта алмаймын. Өйткені жастық шақтың өзі әдемі ғой. Біздің бар арманымыз – әдемі, күшті косметика болса, соны қай жерден болса да, қанша тұрса да бар беделімізді салып, тауып алу болатын. Сол тауып алған бояу бетімізге жағып жатыр ма, дұрыс келе ме, онда жұмысымыз жоқ, сол кездегі Индияның, Польшаның, косметикаларын арнайы тапсырыспен алдыратынбыз. Бетін келе Роза апамның айтқаны есіме түсе береді. Жан дүниенді таза сақтасаң, бет әлпетің де өзінің әдемілігің беріп тұрады деген рас екен. Шынымен де адам баласы қуанып жүрсе, жүзі бал-бұл жанып әдемі болып көрінеді емес пе?! Ал енді өмірінде уайым-қайғы кездессе, адамның қабағы төмен түсіп, жүзінен енжарлықтың табы сезіліп тұрады. Ішкі жан дүниенді, жан жүрегіңді таза сақтау керек. Алла Тағала бізді тап-таза, күнадан пәк етіп жаратты ғой. Өмір бойы сол тазалықты сақтап жүре алсақ, ол мықтылық қой. Жас ұлғайған сайын беттің күтіміне де көңіл бөлеміз. Қолдан келгенше жақсы болып жүргенді қалаймыз. Қазір бет күтіміне арналған процедуралар өте көп, оны қарап, пайдалысын тұтынып жатамыз.
Сахна – киелі жер. Оған қалай болса, солай шыға салуға болмайды. Қай жағыңнан да өзіңнен кейінгі жастарға үлгі-өнеге болуың керек деп ойлаймын. Соның ішінде сахнада жүрген өнер адамы барлық жағынан әдемі болуы міндетті!
«Ал енді кімге тартқансыз, өнер сізге кімнен, қай жақтан дарыған?» деген сауалыңызға келсек, әкем де анам өте әдемі жандар болатын. Әкем өзім секілді кішкентай ғана, «қара қылды қақ жарған», айтар ойы нық, турашыл, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. Сонымен қатар, тарих пен шежірені бір адамдай білетін. Аманкелді батыр, Батпаққарадағы Алтыбас Байділдә, Екідіңдегі Жәуке, Торғайдағы Нұрхан, Ахметханның жырларын сол әкемнің айтуымен тыңдап, жаттап өстік. Ал анам Сақытжан Аманкелді батырдың тұқымынан. Әкесі Молдабек Аманкелдінің атқосшысы, сарбазы болған. Сол кісіге қызмет еткен батыр адам еді. Анам нағашы атамның күні-түні Алладан тілеп алған баласы болатын. Бойы ұзын, ашаң, екі бетінен нұр тамып тұратын, әйел затынынң әдемісі еді. Әр адамның анасы өзіне сұлу ғой. Бірақ менің анам да сондай тектілік, аристократтық тәрбие болды. Енді бар ғұмырын ауылда, үйдің шаруасына, отбасына, бала-шағасына арнап өтті. Сондай әке мен анадан тудым. Қара қылды қақ жарып бетке айтатын міңезім болса, ол әкемнен дарыған, ал енді кейбір кезде биязы болып, сахнада әйел затына сай нәзік болып тұратын қасиет анамнан дарыған.
Әкем туралы айтып кеттім ғой, әкем домбырамен ән салған кезде Батыс мектебінің, Мұхиттың әндерін керемет орындайтын. Мұхиттың «Үлкен Айдайы» мен «Кіші Айдайын» нақышына келтіре шырқайтын еді. Маған соларды оқып та қажеті жоқ еді, осының бәрін әкемнің ауызынан естіп, жаттап өстім. Кезінде оны облыстық филормонияға шақырған көрінеді, бірақ бара алмаған. Біреудің жалғыз баласы, мұғалім болып еңбек еткен, өзі де әртіс болуды қаламайтын. Маған да әртіс болуға кеңес берген жоқ. Әнші болғым келетінімді айтып өтініп жүрдім. Бірақ әкем «Қыз балаға әртіс болып жүру келіспейді. Қыз балаға мұғалім, дәрігер, фармацевт болған жарасымды. Мен қатты айтпай-ақ қояйын, сен мұғалім боласың» деп, өзі оқыған Меңдіқарадағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге түсірді. Бұл училищені сол кездегі Торғайдың көп интеллигенциясы бітірген. Мысалы Ғазез Әмірханов, Қоңыртай Тәукенов, Уәли Хайруллин және менің әкем осы училищенің түлектері еді. Училищені бітіргеннен кейін әкем Ақтөбеде сырттай оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алған. Сол өнер әкемнен де, нағашы жұртымнан да дарыған болса керек. Анамның анасы Дәметкен деген әжеміз болған. Хақаң марқұм танитын еді. Аманкелді батыр қайтып, ел болып қайғырғанда Дәметкен әжем Аманкелді батырға арнап жоқтау айтқан кісі. Даусы ерекше еді. Ол кісінің даусын таспаға жазып алып едім, кейін жоғалттым. Менің бауырларым да өнерден құр алақан емес. Інілерім де, сіңілерім де ән айтады. Бірақ, менен басқасы өнер жолына түскен жоқ. Тек мен ғана мұғалім болып бастап, өнер жолына түстім.

-Торғайдан Арқа төсіне қоңыс аударуыңызға не себеп болды?

Торғай облысы жабылып, өнер адамдары күнкөрістің қамымымен жан-жаққа тарап кетті. Мен облыстық филармонияға жұмысқа тұрмақ ниетпен Қостанайға келдім. Сол кезде облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев болса, мәдениет басқармасының басшысы Римма Ғабдолқызы еді. Алайда филармонияға тұрудың реті келмей, мен сонда да осы қаладан кетпей Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта екі жылдай жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде Ақмола облысынан Светлана Жақиянова, Нурикамал Сейтжанова сынды апаларымның қолдауымен, әрі кезінде Торғайда жүргенде өнерімді қолдау білдірген Сергей Кулагиннің шақыруымен Көкшетау жеріне қоныс аудардым. Сергей Витальевич Ақмола облысының әкімі еді, мені біреулерден сұрап, іздеп тауып алды. Өзі қоңырау шалып жағдайымды білді. Менің шындықты айтуыма тура келді. «Филармонияда емес, мектепте қызмет етемін» деп жауап бердім. Сөйтіп 1998 жылы Көкше жеріне қоныс аудардым. Мұнда келгенде облыстық филармония енді құрылып жатқан болатын. Сөйтіп мен қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әншісі болып шыға келдім. Екі үш айдан соң пәтерлі болдым.

-Ғазиза апай, Сіз Елордаға да гастролдік сапармен жиі келесіз. Қазір өнерпаздардың біразы елордаға ат басын бұрып жатыр ғой. Болашақта сіздің де осы қалаға қоныс аударуыңыз мүмкін бе?

Ия, біразы қазір астанамызға ат басын бұрып жатыр. Бірақ мен Торғайдың кен даласына үйренген, кеңшілікті, сабырлылықты, өнерде де байсалдылықты, мамыржай тыныштықты жаным қалайды. Көкше жері маған үлкен бір маңғаздығымен, ерекше сұлулығымен, таза, саф ауасымен таулы-тасты жердің өзіне тән ұлы қасиетімен қатты ұнайды. Әрі мұнда үлкен өнер ұжымында қызмет етіп жатырмын. Кенжебек Күмісбеков атындағы ұлт-аспаптар оркестрі бар, сонда әншімін. Осындағы жергілікті азаматтардың бастамасымен бірігіп, филорманиямызға кезінде аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырай атамыздың атын беруге хат жазған едік. Сол бастамамыз он нәтижесін беріп, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы деген атауды иемденгенімізге екі жыл болды. Бұл да біздің қол жеткен жетістігіміз.
Менің кезімде Торғайда үлкен оркестр болған жоқ. Енді ғана қалыптасып келе жатқанда Торғай жабылып қалды. Әйтпесе талантты замандасымыз Бораш Қазбеков симфониялық оркестрді ұйымдастырып жүрді. Бізде кәдімгі кәсіби денгейдегі ұлт-аспаптар оркестрі болған жоқ. «Шертер» ансамблі жиырма үш жыл жылдай жұмыс істеді де, ол тарап кетті. Одан кейін «Торғай әуендері» фольклорлық ансамблі болды, ол да тарап кетті. Ал менің бойымдағы бар талантымды ашып, өнерімнің дәуірлеп, кәсіби тұрғыда шындалуы осы Көкше жеріне келгенде айқындалды.
Бір қуанатыным – Көкше жерінде ұлт-аспаптар оркестрі бар, симфониялық оркестр бар, «Айнакөл» деген фольклорлық ансамлі бар. Менің әнім, менің шығармашылығым осы топтармен тығыз байланысты. Сондықтан менің өнерім, қаншама жылдар бойы жиналған шығармашылық қоймам, фонатекам, архивім осы – филорманияда! Біржағынан соны тастап кете алмаймын. Ал Көкшетау мен Астананың арасы жақын ғой. Қолымнан келгенше шақырған концерттерге барып, қатысып тұрамын. Бірақ енді әр нәрсе өз уақытында ғой, Ақнұр! Қазір бізден кейінгі өрімдей, жалынды жастар өсіп келе жатыр. Дәстүрлі ән өнерін, Қазақстан Ұлттық Композиторларының дәстүрлі өнерін дамытатын жастар шығып келе жатыр. Соған қуанамыз. Соларға ақыл-кеңес беріп, қолдан келгенше кейінгі өнер иелеріне бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибемізді алмасып кету ғой біздікі. Елордаға көшу ойда бар. Бірақ өнер жолымен емес. Зейнеткерлікке шыққаныма да 8-9 жыл болып қалды, сонда филорманияда қызмет етіп жатырмын. Шығармашылық ұжымым қатты ұнайды. Әзірге кету ойымда жоқ. Сыйлы қонақ болып барып, қадырлы қонақ болып қайтқан жақсы ғой қашанда.

-Сіз жоғарыда мұғалімдік училищені бітірдім дедіңіз. Арнайы музыкалық білім алмағандығыңыз әншілік өміріңізге қалай әсер етті?

Торғайда жүргенімде мен өнерді ұлт аспаптар оркестрімен бастадым. Баянмен домбырамен және оркестрмен өлең айту түк қиындық тудырған жоқ. Эстрадалық әндерді де заманның талабына сай репертуарыма қостым. Оны халық біледі. Ол да қиындық келген жоқ. Бұның бәрі Алладан берілген қасиет. Бала кезден қалыптасқан фундамент мықты болса, кез-келген жағынан алып кетесің. Бірақ, бәрібір оқымағаннан кейін бір әттеген-ай адамның көңілінде тұрады. Білім болса, баяғыда үлкен биікті бағындыруға болушы еді. Бірақ бәріне тәубә, қанағат. Шүкір, осыған! Білімі барлардың мендей абыройға жетіп, үлкен биікке көтеріле алмағандарын да білемін. Консерваторияның табақтай дипломы болғанымен халықтың бірі біледі, бірі білмейді. Соған қарағанда тоқмейілсігенім емес, сондайларды көргенімде, Аллаға сансыз шүкірлік айтамын. Симфониялық оркестрмен де, үрмелі (духовой) оркестрмен де ән айтқызды маған, қиын емес! Бірақ білім алу керек еді. Алайда маған ақыл кеңес берген ағаларым болды. Бірде Төкен Елтебев ағамыз «Ғазиза, сенің даусыңда ұлттық калорит бар. Білім алсаң, даусыңның халықтық қаймағын бұзып жіберді. Бір есептен сенің оқымағанын дұрыс та болған шығар» деген еді. Оның үстіне отбасын құрдық, балалы-шағалы болдық. Туған-туысқандарды ойлап жүргенде оқуды да ойламай кеттік қой. Бірақ қазір қаншама тәжірибе бар, қаншама өзіңнің өнерде қалыптастырған дара жолың бар, осы арқылы жастардың кетіп бара жатқан бағыты дұрыс па, бұрыс па біліп отырасың. Енді ол өнердің арқасында жинаған тәжірибе деп ойлаймын.

Әлі күнге дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде гастрольдік сапарлармен жүресіз. Туған елдің тойларына да келіп кетіп, халқыңызды қуантып жүресіз. Осының бәріне күш қуатты қайдан аласыз?

Өнер адамы болғаннан кейін әніңмен қатар, сәніңе де мән бересің. Қазір айтады ғой «товарный вид» деп, әрбір өнер иесі дара бренд қой. Сән жағынан да, сахналық шеберлік жағынан да үнеміз ізденіп, өзімді дамытып жүремін. Сыртқы келбетіңді де, айтар ойыңды да нықтап қалыптастырып, бір арнаға жинайсың. Кітаптарды көп оқимын. Сондықтан болар барлық жағынан яғни жан дүнием де, тіл байлығым да, үлкен білімділікпен ұштасып жатса, ол осы кітапты көп оқығандығымнан. Қазақтың басына қаншама қиын жағдайлар өтті. Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» мен «Көшпенділер» кітабын 7-8 сыныптарда әкемнен тығып, оқып жүрдім. Яғни мәдениеттілік, сөз қадырын түсіне білу бала кезімнен бойыма қалыптасты. Сол романдарды оқу арқылы халқымыздың бастап кешкен қиындығын мен қасіретін сезініп өстім.
Ал енді күш –қуатты халқымнан аламын, әдемі табиғаттан аламын. Күш қуатты әдемі әннен әдемі өнерден аламын. Жалпы күш қуатты музыкадан аламын. Танертең репетицияға жұмысқа келіп, ана залда музыка ойнап жатса, мына залда ансамбл ойнап жатса, жүрегім өзінен өзі музыкаға ілесіп бара жатады. Сыртынан тыңдаймын, ішіне кіріп отырып тыңдаймын.
Сондай-ақ, әрине, өзің білесің, күш қуатты беретін бір Аллатағала ғой. Кітап оқу, халықпен жүздесу, өнер ортасында жүру, халыққа өз ойыңды білдіріп, халықтың жылы алақаны мен ыстық ықыласын сезіну – қосымша қуаттар.

Оқырмандар сіздің жеке өміріңізден де хабардар болғысы келеді. Не айтасыз?

– Жағдайым жаман емес. Үйім де, сүйікті жұмысым да бар. Жан-жағым, туған-туыс – бәрі аман-есен, құдайға шүкір. Екі қыз өсірдім. Үлкен қызым Жаңагүл жиырма жасында көп ауырып, қайтыс болды. Осы Көкше жеріне жерленді. Екінші қызым Алматыда тұрады. Есімі- Рауан. Алланың берген екі-үш бала шағасы бар. Өзінің туған жеріне, Көкше жеріне бала-шағасымен бой жазып, анасына қонақ болып келіп тұрады. Жалпы менің өмірім туған-туысқандарыммен тығыз байланысты. Әкем де өтті өмірден, анам да өтті. Енді бауырларымның балалары мені «әже» дейді. Енді қайтсін, үлкейіп отырған біздің әулетте ешкім қалған жоқ. Мені әже демегенде кімді әже десін?! Оған інілерім «әже деме, апа болады ғой» деп күледі. Сосын қайта айналып келіп сол балалар мені «әже» дейді. Сол бауырларымның, туысқандарымның бақыты – менің бақытым. Ең бастысы мен өнерде бақыттымын. Барлық жағынан адам бақытты болуы мүмкін емес. «Бір кем дүние» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтады ғой. Сондай «бір кем дүние» әр адамда бар. Бұл өмірде төрт құбыласы тең адам болмайды. Әр адамның басында бір қайғысы болады ғой. Менің отбасылық жағдайым осылай.

Бос уақытыңыз болса, немен айналысасыз?

Бос уақыт алтыннан да қымбат. Қазір карантин кезінде көбіне үйдеміз. Сол уақытта біраз атқарсам деген шаруаларды ретімен іске асырып жатырмын. Соның бірі – құжаттар. Өзім туралы жазған ақын- жазушылардың қаншама еңбектері бар, соны сапаластыру, ыңғайластыру да уақытты талап етеді. «Бізге беріңізші, кітап жазайық» деп сұрап жүргендер жетерлік. Бірақ «мен туралы кітап жаза ғой» деп ешкімге қолқа салғаным жоқ. Осы материалдарды жинақтау – үлкен бір жұмыс. Күнделікті жұмыста, өнер сапарларына шығып жүргендіктен қол да тие бермейді. Соларды бір қалыпқа келтіріп жатырмын

Ғазиза апай, жалпы Сіздің репертуарыңызда қанша ән бар? Орындап жүрген әндеріңіздің қайсысы жаныңызға жақын?

Бір жылы филорманияла «кімде қанша ән бар екен?» деп, отырып алып есептедік. Сонда менің репертуарымда алты жүз ән бар екен. Бұл шығармашылық адамына, бір ғұмырға аз дүние емес деп ойлаймын. Торғай жерінде ұлт аспаптар оркестрінде «Әселім жаным», «Айқаракөз» деген әнді бастап айттым. Сол кездегі орындауымды сағынамын, қазір ол кездегідей орындау жоқ қой. Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау», «Ғазизагүл» әндері, Ілия Жақановтың, Шәмші Қалдаяқов әндері жаныма жақын. 1992 жылы Шәмші Қалдаяқов әндерін орындауда ең бірінші рет Шымкентте өткен конкурста Гран-При иегері болдым. ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ермұрат Үсенов деген талантты композитор бар. Бұрын музыкалық шығармалар ғана жазатын, кейінен сөзге ән жазды, әнге аранжировка жасайды. Сол Ермұрат екеуміз доспыз, дос болғаннан кейін әрине шығармашылығын дами береді. Меценант Сапар ағамыз атақты қобызшы Тілеп Аспантайұлын жарыққа шығарды ғой. Сонда Ерғожа Тілепбердиев деген ақын «Тілеп баба қобызы» деген өлең шығарып, оған Ермұрат ән жазып, мен орындадым. Осы ән менің үлкен шабытпен орындайтын әнім. Ән деген көп қой. Бір-бірімен салыстыруға келмейді. Мен көбінесе Роза Бағланова апамызға еліктеп, «Ақмаңдайлым», «Еркежаным», «Арыс жағасынданы» айтып жүрдім. Осы сүйікті әндерім болатын. Одан кейін КСРО-ның Халық әртісі Еркеғали Рахмадиев деген дарынды композитор ағамыз өтті дүниеден. Торғайға келіп, кереметтей риза болып кетті. Сол риза көңілмен Серік Тұрғынбекке «Серік мен сенің Торғайыңа барып келдім. Торғай деген бір керемет ел екен. Менде ән туып тұр, сен өлең жаз! Оны Ғазизаш орындайды» деп қолқа салып, өзінің Алматыда өткен кешінде осы ән алғаш орындалған еді. Ағам менің өнерімді бағалап, «Ғазиза Жұмекенова – әншінің ақиық асылы, жезтаңдайы, гәкку үндісі» деп баға берген еді. Ол ән радиодан түскен жоқ Қонысбай Әбілов сол кездері Торғайдың телевизиясының басқарды. Сонда музыкалық сәлем жолдайтындар «Біздің Торғай осындайды» тындайды. Сол Торғайдың телевиязиясы осы әнмен ашылып, осы әнмен кешке жабылатын.
Сосын талантты сазгер, үлкен дарын иесі, қазақтың мақтанышы, марқұм Хақаң екеуміздің досымыз Қалибектің Дерпсалдиннің әндері табиғатыма жақын. Әндердің бір андай бірі мындай демейсің, бәрі де жақсы. Өзімшіл деме, өзімнің орындауымдағы әндерді өте жақсы көремін. Өйткені ол менің еңбегім, маңдай терім ғой.

-Сіздің дін жолына түскеніңізді де естіп жатырмыз…

Менің дін жолында жүргеніме біраз болды ғой. 1997 жылы алғаш рет Алланың жолына қадам бастым. «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген Абай атамыздың сөзі бар. Иман арқылы өзімді сақтаймын. Иман арқылы жүрегім тазарды. Әр нәрсеге сабырмен қарайтын болдым. Екі рет Мекке сапарында болып келдім. Қасиетті Мекке топырағына кез-келгеннің табаны тие бермейді. Алланың мені Мекке Мединаға қонақ етіп шақырғанына сансыз мадақ айтамын. Аллаға шүкір, тәуба!

Ғазиза апай, сұхбатымыздың соңына да келіп қалған сияқтымыз. Әр тақырыпты бір қозғап отырғанда, көкейде жүрген, айтсам деген ойларыңыз қалып қалмады ма?

Ия, «Мыңын айт та, бірін айт» деген, менің өнеріме қолдаушы болған, айрықша орын алған – Патшайым Фариза апам туралы да айта кетейін. Менің өнерім де, өмірім де – Фариза апамызбен сабақтас болды ғой. Жыр падишасы Торғайда, Астанада өткен концерттеріме қонақ болып келді. Ешқашан да концерттеріме кешігіп келген де емес. Уақытында келіп, қатысып отырды.
Фариза апамызбен таныстығымыз – 1980 жылы біздің Торғайда өткен қазақ ақын-жазушыларының он күндігінде басталды. Ол он күндікке барлық қазақтың маңдайалды ақын-жазушылары қатысты ғой. Сонда ең бірінші таныстық. Көшеде кітаптары сатылды, кітабын алып, автографын алдық. Содан ол кісінің аэропортқа дейін шығарып салып, қасында жүрдім. Кеткенше әндерімді тыңдап, «Сезім деген қандай біздің Ғазизашта?!» деп риза көңілмен қоштасты. Кейін М.Мақатаевтың «Фариза қыз», «Қыз ғұмыр», «Жақсы көру» деген әндерін орындадым, өлеңдерін оқыдым. Мен ғана емес, ол кісі Торғайды да қатты жақсы көрді. Торғайда, Аманкелдіде, Сынтаста болды. Менің Астана өткен концертімде ол кісі сөз сөйлеп: «Маяковскийдің мынандай сөзі бар. Мы говорим Ленин подразумеваем — партия, мы говорим партия, подразумеваем — Ленин. Мен сол сөзді былай деп айтқан болар едім. Ғазиза десе – Торғай дейміз, Торғай десе – Ғазиза дейміз» деген еді. Фариза апам маған арнап өлең де жазды. Жаңагүлім өмірден өткенде сол кісілердің барлығы келіп көңіл айтты ғой. Өнердегі аға-апаларым Алматыдан, Астанадан келіп, басымнан сүйеп, қайраттандырып кетті. Мен Алла Тағаланың берген өміріне ризамын. Жақсымен, жайсаңдармен табақтас қылды. Дос қылды, сырлас қылды. Жақсылармен бірге жүріп, олардан өнеге, тәрбие алуды бұйыртты. Сансыз шүкір! Бойыма өнер дарытып мені халыққа сүйікті еткен Алла Тағалаға, сосын өнерімді бағалаған халқыма ризамын!

Ғазиза апа! Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Жақында әкемнің өлеңдерін қарап отырып, Сізге арнаған өлеңін тауып алдым, ол өзіңізде бар екен. Сіздің бар болмысыңыз, табиғатыңызды ашқан тамаша өлең екен. Оны газетке қайталап беріп отырмыз. Әкем екеулерініңіз бір жылы, қазан айында дүниеге келіпсіздер! Сол өлең шумақтарының бірінде әкем:

Сенің даусың бұлбұлдың әуезіндей,
Сенің даусың – қыранның міңезіндей.
Сенің даусың – туған жер Торғайыңның,
Торғайымның үнінің дәл өзіндей.

Арусың сен Торғайдай елге лайық,
Алдағыны бүгіннен аңғарайық!!
Беу Ғазиза, Ғазиза, Ғазиза қыз,
Сексенге де осылай бір барайық!!- деген екен. Әрине, көкем мезгілсіз, тым ерте, жүрекке жара салып өмірден өтіп кетті. Әкемнің тілегі қабыл болып, Сіз сексенге дейін филармонияның сахнасынан түспей, ұзақ өмір сүріп, халқыңызбен ұзақ бірге жасай беріңіз!

-Ақнұр, саған да рахмет! «Аманкелді арайын» әлеуметтік желіден оқып отырамыз ғой. Елдегі жылт еткен жақсы жаңалықтарды оқып, марқайып қаламыз. Ел ағаларының, ел азаматтарының жарқын істеріне қуанамыз. Қайда жүрсек те, біздің жүрегіміз елмен бірге! Хамитбек досымның салып кеткен сара жолы жалғасын тауып жатқанына қуанып, ел азаматтары туралы жазып жатқанына ризашылығымды білдіремін. Өздерің де аман болыңдар! Хақаң халқымен мәңгі жасай бермек! Еліміз, Торғай халқы аман болсын! Мынау індеттен аман-сау құтылып, тек жақсылықта қауышайық!

Рахмет, ән апа, жан апа! Әмин!

Ақнұр МҰСАБАЕВА

СУРЕТТЕ: Ғазиза ЖҰМЕКЕНОВАНЫҢ сахнада ән шырқап тұрған сәттері және Фариза апамыздың концерттерінің бірінде сөз сөйлеп тұрған сәтінен көрініс

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.