МІНДЕТІМІЗ– НАУҚАСТАРДЫ ЕМДЕП ЖАЗУ

Жанар КАКАНОВА, аудандық аурухананың бас дәрігері:

МІНДЕТІМІЗ– НАУҚАСТАРДЫ ЕМДЕП ЖАЗУ

 Қанша сын айтылып жатса да,  халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Талай жылдардан бері аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан аудандық  аурухана – «басы ауырып, балтыры сыздап», жанына дауа іздеп келген жандардың маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны,  қазақы ұғыммен айтсақ, «қара шаңырағы». Соңғы кезде қауіпті індет елімізді түгел жайлап, біраз адам орнынан аурырып тұрды. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде  1674 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды. Оның ішінде 863 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы ретінде тіркелді. Ал 7-12 шілде аралығында Қазақстанда коронавирус індетінен 111 адам көз жұмған. Індетке шалдыққандар біздің ауданда да  тіркелді. Өкпесі қабынып,  пневмониямен түсіп жатқан науқастардың саны артып, қайғылы жағдайлар да орын алды. Соған байланысты аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жанар Рамазанқызы КАКАНОВАМЕН  сұхбат құрып қайтқан едік.

-Жанар Рамазанқызы, ауруханада қанша адам осы індетпен ауырып жатыр?  Орын жетспеушілігі бар ма? Қаншасы емделіп шықты? Қайтыс болғандар саны  нақты қанша адам? 

Денсаулық сақтау Басқармасының Бұйрығымен  2020 жылдың 22 маусымындағы короновирустық инфекцияға (КВИ) күдікті науқастарға 6 провизорлық кереует ашылған болатын. Науқастар санының күрт өсуіне байланысты провизорлық стационарда 1 шілдеден бастап қосымша 30 кереуетке дейін, ал 15 шілдеден бастап 50 кереуетке дейін өсті. Ашылған провизорлық кереуеттер жұқпалы аурулар бөлімшесінде, емхана ғимаратында және кешенді бөлімшеде орналасқан. Әр 12 сағат сайын ауысыммен 2 дәрігер, 2 мейірбике, 2 санитарка жұмыс істейді. Бүгінде стационарда жатқан 53 науқастың  барлығының диагнозы – пневмония. Зерттеуге КВИ сынамалары алынып, қазір анықталу үстінде. Провизорлық стационарда 62 науқастың жағдайы  жақсарып, емделіп шықты. Өкінішке орай,  6 адам қайтыс болды. 

Жыл басынан аурухана бюджетіне қанша қаржы бөлінді? Жағдайы ауыр наукастарға жасанды желдету аппараты мен дәрі дәрмектер жеткілікті ме?

-Жылдың басында дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға 14 877 046 теңге жұмсалған. Дәрі- дәрмек құралдарына тапшылық жоқ, қажетті дәрілік құралдар жеткілікті көлемде. Өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттар саны – 4 дана.

Соңғы уақытта ауруханаға  өкпесі қабынып түскендер саны артты. Қайғылы жағдайлар да орын алды. Осыған орай, аудан халқы және сыртта жүрген жерлестеріміз,  қол ұшын бермек мақсатында қайырылымдылық қорын ашып,   бүгін жариялаған мәліметтері бойынша, ұйымшылдықпен  8 млн 877 мың 992 теңге  қаржы жинады. Осы көмек жайлы, не дер едіңіз? Ұйымдастырушылар Сізге хабарласып, қаржыны қандай мақсаттарға жұмсауды ақылдасқан боларсыздар?

-Ия, дұрыс айтасыз.  Жомарт Түбекбаев, Бақытнұр Әлібай, Толқын Сұлтанова, Біржан Мешелов ұйымдастырып,  жерлестерімізге Үндеу тастап, қор ашып, қомақты қаражат жинады. Оны әлеуметтік желіден де оқып, біліп отырмыз. Осы қайырымдылық  қордан аурухананың шотына – 3 млн 400 мың теңге аударылды. Бұл қаржы демеушілердің келісімімен барлық қажетті медициналық құралдар алуға бағытталды. 10 пульсоксиметр (сатурацияны анықтау үшін) мен дәрі-дәрмек алуға жұмсалады деп жоспарлаудамыз. Тағыда бір жағымды жаңалық – Әлия Назарбаева өзінің қорынан ақша бөліп, 10 дана жасанды желдету аппартын алып бермек. Ал жерлесіміз Мейрам Айдаболов 5 желдету аппаратын алып береді деп күтілуде. Осы хабарларға қуаныштымыз, науқастар үшін қуанамыз! Сауапты іс жасап жатқан жерлестерімізге Алғысымыз шексіз. Ол кісілерге де, қиын кезде қарап қалмай, елдегілерге қамқорлық танытып, ақша қосып жатқан халыққа да  Алланың нұры жаусын демекпін!

Дәігерлер мен медбикелер жетіспеушілігі бар ма? Дәрігерлердің кауіпсіздігі үшін қандай шаралар жасалған.

Дәл  қазір індет жұқтырып,  ауырып қалуларына байланысты дәрігерлер тарапынан жетіспеушілік мәселелері туындауда. Резидент дәрігерлердің демалысқа шығып, қиын кездерде медициналық көмекке қол ұшын беру мақсатында жұмыс істеуге келісімін бергендер бар. Осы жылдың 16 шілдесінен бастап Қарағанды Медициналық Университеті Коммерциялық емес Акционерлік Қоғамының дәрігер – резиденті  Аманат Ардақұлы Муханбеткалиев жұмысқа кірісті. Ал, 23 шілде С. Асфеньдияров атындағы Мемлекеттік медициналық университетінің дәрігер – резиденті  Бағдат Мұратұлы Жақсылықов жұмысқа шығады.

  Медицина қызметкерлерінің инфекциялық қауіпсіздігі үшін Денсаулық сақтау басқармасы арқылы Жеке қорғану құралдары бөлініп берілген. Көп реттік костюмдер саны – 90, бір реттік костюмдер саны – 350, респираторлар саны – 700, маскалар саны – 2500, дезинфекциялық құралдар – 15 000 таблетка (деохлор), залалсыздандыру құралдары- 5 литрліктен 20 канистр, қол жууға арналған құралдар – 1 литрліктен 30 флакон, қолғаптар – 7000 дана. Жалпы соммасы 5 313 724 тенгені құрайды.

– Кейбір кауесеттерге сенсек адамдар «өз ажалынан емес, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен өліп жатыр» деген шындыққа жанаса ма?

-Дәрілік препараттардың жетіспеушілігінен емес, бұл індет созылмалы аурулары бар науқастарда орын алып отыр.   Мысалы, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, бронхо-өкпе жүйесі ауруларымен ауратын адамдар бұл індетті көтере алмай қалып жатыр.  Оның ішінде қарт адамдар, денсаулығында қосалқы аурулары бар адамдар пневмония ауруын ауыр көтереді және адам организмінің иммунитетіне байланысты өлім жағдайлары орын алады. Еміне шипа іздеп келген әрбір науқасты емдеп жазу- біздің міндетіміз. Қолдан келген барлық іс-шараларды жасап жатырмыз.  Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандық – үлкен жауапкершілікті жүктейді.

-Алдағы уақытта наукастардың саны артып, оларды жатқызатын  орын болмай қалу қаупі жоқ па? Жалпы ауруханада не жетіспейді? Бәрі жеткілікті ме?

-Бәрі жеткілікті бола бермейді ғой. Жетпейтін заттармыз да жоқ емес. Өздеріңіз байқаған шығарсыңдар аурухана іші қапырық, ыстық. Науқастарға дем жетпей жатқанда бұл да әсер етеді. Сондықтан кондиционер жетіспейді. Егер демеушілік жасап алып берем деген азаматтар болса, қарсы емеспіз.

-Қазіргі жағдайда да халыққа қандай кеңес бересіз?

-Қазір адамдар «қымыз ішу керек, шұбат ішу керек, хрен тамырын шайнау керек» деп жатыр. Бұлар адамның иммунитетін көтеріп, күш-қуат беруге ғана көмектесетіні ғана болмаса, дәріге жатпайды. Қымыз ішіп, ет жеп,  дәруменге бай жеміс-жидекті көбірек пайдалану  керек. Жақсы тамақтанып, спортпен айналысып жүріп керек. Қысқасы иммунитетті түсіріп алмау керек қой. Ал қатты ауырған жағдайда міндетті түрде  дәрігердің кеңесі мен көмегіне жүгіну керек! 

– Бүгінгі рейд барысында  дәрігерлер өз өмірлерін тәуекелге тігіп, міндеттерін барынша тиянақты атқарып жүргенін өз көзімізбен көрдік. Тәулік бойы  тар қапаста қорғаныш костюмімен жүрудің өзі тынысты тарылтады екен. Оны киіп көріп, жүріп барып түсіндік. Осылай  тікесінен тік жүріп, науқастарға қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлерге амандық тілеймін! Індет азайып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әумин рахмет! Ауырмайық!

Сұхбатты жүргізген  Г.ЖҰМАДІЛДАҚЫЗЫ.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.