ТЕАТР – ХАЛЫҚ ӨНЕРІН ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТЕТІН КИЕЛІ ОРЫН

1958 жылы Сатыбалды Ишанның клуб ретінде пайдаланылып жүрген медресе-мешітінде Амангелді аудандық комсомол конференциясы өтеді. Осы конференцияға Арқалық геологиялық-зерттеу экспедициясының бастауыш комсомол ұйымы жиналысының ұйғаруымен делегат болып Айсұлу Байқадамова келеді. Конференцияда Ділдәбек Қорғанбековпен танысады. Конференциядан кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбенов Бейсенбек ағаның кеңесімен Амангелдіде қалып, аудандық пионер үйіне қызметке тұрады.

Көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болып, спектакльдер мен концерттерде сахнаға шығып: украин, қырғыз, татар, өзбек тіліндегі әндерді, орыстың «Перевоз Дуня держала», «Называют меня некрасивою», «Ах Самара городок», «Черноглазая», «Любовь моя», «Выйди на балкон», және «Қайдасын сен», «Бір күй бар домбырамда тартылмаған» әндерін тамша дауысымен шебер орындап тыңдармандардың жүректерін жаулайды. Сол жылдары жастардың өнерге деген құштарлығы ерекше еді. Олар уақытпен санаспай, клубта шаршау дегенді ұмытып, жиі-жиі концерт, спектакльдер қояды. Айсұлу Қорғанбекова ауданымыздың өнерінің өркендеуіне көп үлес қосты.Осы кісілердің ерен еңбегінің арқасында ауданымыз «Халық театры» атағын қорғады.
Казіргі таңда Айсұлу апамыз «Қажы-Ана» атанған, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ардақты ана» медальдарымен марапатталған. Жасы 82 қараса да әлі де тың, рухы мықты. Айсұлу Қорғанбекова апайымыздың театр жайлы естелігін оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

1960 жылдың маусым айында, Қостанайдағы өнер байқауында театрымыз бірінші орын алып «Халық театры» атағына ұсынылып, алпыстан астам өнерпаздар Алматыға аттандық. Алматыға барған соң бізге Алматыдағы Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының актері Серке Қожамқұлов консультант ретінде бекітіліп берілді. Барған бетте «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін дайындауға кірісіп кеттік. Өнерпаздар өздеріне бекітіліп берілген рөлдерді орындап болған соң, репетицияны бақылап отырған Серке Қожамқұлов ағамыз риза болып, ұйымдастырушы, көркемдік жетекші – Ділдәбекке, режиссер – Мейрамханға, өз ризашылығын білдіріп: «Рөлдерді әр орындаушыға дұрыс бөле білген екенсіңдер, осы бағыттан таймаңдар «Халық театры» атағын сендерге бермегенде кімге береді!» деп бізді жігерлендіріп ақ батасын берген еді.
Алматының жастар театрында талғампаз көрермендердің, сарапшылардың кеңесінен шығып, «Халық театры» деген атақты иеленіп тұңғыш рет Қостанай топырағында, Торғай тарихында халық театрының қазығын қададық. Үлкен еңбектің нәтижесінде Ділдәбек, Мейрамхан, Төкендер асқан шеберлікпен басқарып, өте жоғары дәрежеде ұйымдастырғанының арқасында «Халық театры» атағына қол жеткізіп елге үлкен қуанышпен оралдық.
Ділдәбек екеуміз елге оралғаннан кейін бас қосып шаңырақ көтеруге, тойдың күнін 1960 жылдың 20 тамызы күні өткізетін болып уәделескен едік. Ақан Нұрманов Шақыру билетіне: Жарасқан жарқын жастық тілекпенен, Шаттыққа нұрға толы жүрекпенен, Келіңіз, тойымызға шақырамыз, Атынан қос жүректің құрметпен! –деп өлең жазып берді. Той белгіленген күні Ділдәбек пен Алекин Төленді ағатайым екеуі келіп,Төлеңді ағатайым: Айсұлу Ділдәбек екеулерің сыйласып, сырласып біраз жүрдіңдер, енді отау тігіп шаңырақ көтеретін кез келді. Ділдәбектің бақыт құсы етіп алақанына қондырайын!,- деп киінуімді өтінді. Ділдәбек екеумізді қолымыздан ұстатып үйден алып шықты. Мені водовоздың есігін ашып ішіне отырғызды. Төленді аға екеуі водовоздың үстіне жайғасты. Үйге келдік, күтіп тұрған адамдар шашу шашып, енем бетімнен сүйіп, май жағып үйге кіргізді. Ділдәбектің туыстары екі мәшін мал беріп, соның арқасында біздің тойымыз ерекше өтіп он күнге созылды. Халқы аялап, алақанына салған аяулы азамат Ділдәбектің жары болдым. Екеумізде ата-анадан жалғыз едік. «Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен өсіп-өнеді» дейді халқымыз. Алланың берген шексіз сыйы– екеуміздің балаларымыз. Олардан –немере, шөбере сүйген, ақ жаулықты бақытты әже болған шағыма жетіп, өткен өмірімді есіме түсіремін. Жарқыраған жарық күндерім мен сыңарынан айырылған аққудай болып қара түнек күндерді де басымнан өткіздім. Алдымда ақылшы болған ағаларға еліктеп үлгі алдым, ата-тегіме ұят келтірмеуге тырыстым.
1980 жылы, жаз айы болатын, Мейрамхан науқастанып Арқалықтың ауруханасында жатқан. Ділдәбек екеуміз Мейрамханның көңілін сұрап барғанда, Ділдәбек: «Әй жігітім осылай жата бересің бе? Халық театрына биыл 20 жыл болды ғой! «Ақан сері- Ақтоқтыда» ойнаған ұл-қыздардың басын қосып, 20-жылдықты атап өтейік. Сен жата бермей режиссерлығыңды қолға ал, ал мен аудан басшыларына айтып, рөлдерде ойнаған жігіттер мен қыздарға хабарласып, 20 жылдықты өткізу іс-шараларын қолға алып, өнерпаздарды жинап берейін» деді.


Төрт қабырғасы түгел дегендей, сол кезде спекткальге қатысқан өнерпаздардың бәрінің басы аман бауырлары бүтін еді. Олар бір жерде емес, өмірдің талабы бойынша әр жерде тұратын. Бірі ауылда, бірі қалада деген сияқты.
Ділдәбек идеясын жүзеге асыру үшін жергілікті басшылармен хабарласып, атқарар іс-шаралардың басын шешіп, ұл қыздардың бастарын құрап 20 жылдан кейін «Ақан сері-Ақтоқты» спектакліне қатысқан өнерпаздарды халық театры төріне қайта шығарды. Бұл жолы спектакльде ойнаған таланттар, бұрынға 20-25 жас аралығындағы жастар емес еді. Бәрі бір-бір қара шаңырақ иелері, балалы -шағалы 40-50 жастағы ел ағалары еді. 20 жылдан кейін азаматтар мен азаматшалар кездесіп, пьесадағы кейіпкерлердің образына кіріп, сахнаға қайта шығып, мәре-сәре болып, бақыт құшағына кіріп, қуанып көремендерді де қуантып, мерекеге айналдырып тастаған еді.
Бұл жолы рөлдерде ойнағандар: Ақан сері – Жауынбай Шәймерденов, Ақтоқты – Алтын Абылова, Науан –Төленді Әлекин, Жалмұқан – Мейрамхан Қапышев, Қоңқай – Еренғайып Әбдіхалықов, Дәмелі – Мәрзия Зейнуллина, Шәмель Есжанова, Сердәлі – Ділдәбек Қорғанбеков, Мылқау балуан – Кәки Аханов, Сейі т- Мұрат- Балта -Тоқбай Тұржанов, Жылгелді – Қорамса – Орынбасар Тұрашев, Қарасақал – Балтабай Уақитов, Сәдір – Башарин Қажығалиев, Жеңге- Айсұлу Қорғанбекова, Жетім бала – Шәміл Тоймановалар еді. Бірсыпыра өнерпаз Жігіттер мен қыздар массовкада жүрді. Спектакль қойған режиссер Мейрамхан Қапышев болды да оның орынбасары Б.Уақитов, көмекшісі Қ.Тұрсынова, суретші – Әбілбек Ұзақов, музыкасы – Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қ.Әбенов, көркемдік жағын басқарушы – Д.Қорғанбеков болды. Қызығы мен шыжығы мол ғажап, жұмбақ өмір ай! Кім білген, бәрінің сонда соңғы кездесуі болатынын. Ия, сонда бәрі қатарда бар еді. Сол азаматтардың ажалдың тырнағына ілігіп, келместің кемесіне мініп, бақиға жол бастаған да Төкен, Ділдәбек, Мейрамхандар еді. Алланың құдыреті күшті ғой, олар өмірде де бірге жүріп, өнерде де бірге жүріп, бақиға келместің кемесіне де бірінен кейін бірі қалмай мініп кете барды. Сол өнерапаздардан қарап отырсам, бүгінгі күнде қалғаны саны қолымдағы бес саусаққа жетпейді. Бақилық болғандарға Алла иман байлығын берсін. Артында қалған балаларына бақытты ұзақ өмір тілеймін. Көз көргендерге Алла амандық саулық берсін!
Өнер-өмір, өмір-мектеп. Сол өмір мектебі: кино, драма, опера театры, рухани дәріс алу үшін осы орындарға, театрларға еңбектеген баладан бастап, қартайған қартқа дейін барады. Міне біздің елімізде, жалпы Қостанай, Торғай өңірінде жоғарыда аттары аталған елі ардақтаған асыл азаматтар жанын салып жасаған еңбектерінің нәтижесі және кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп мәдени мұра етіп қалдырған мәдени орталық халық театрына бүгін 60 жыл болыпты. Мейрамхан, Ділдәбек, Төкен негізін салып кеткен халық театрын, өнер жолын олардың ұрпақтары дамытып, жетілдіріп туын желбіретіп келеді. Жаратушымыз оларды бақытқа кенелтсін! Тәңіріміз қолдап қазағымыздың мәдениеті, өнері биік деңгейге көтеріліп мәңгіге жалғасып жатсын!

Айсұлу қажы ҚОРҒАНБЕКОВА.
Астана қаласы.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.