Үрмелі-саз аспаптар оркестрі туралы

60-жылдары Амангелдіде құрылған үрмелі-саз аспаптар оркестрі туралы
Таяуда ғана, өткен 2019 жылы, «Ұлттық домбыра» күнінде Аманкелді ауданында мың адамдық домбырашылар оркестрінің әлемде бірінші рет екі күйді қатарынан орындаған рекордтық көрсеткіші Гиннестің Кітабына кіргендігі туралы сертификаты келген күні 60-жылдары ауданымызда алғаш құрылып, елді таңқалдырған үрмелі-саз аспаптар оркестрі мен оның кезінде танымал болуына елеулі еңбек сіңірген Еркін аға Қожахметов есімізге түсті.

Өткен дәуірдің тұрмыс-тірлігі туралы тарихи жазбаларда айтылғандай, ол кезде, әсіресе, біздің Аманкелді-Торғай өңірінде, соғыс аяқталғаннан кейінгі он бес-жиырма жыл мерзім өткенде, ел еңсесі енді-енді ғана көтеріліп келе жатқан кез. Алайда, қандай да бір жақсы жаңалық болса – жастар жағы іліп алып кететін-ді. Қостанайдан тым шалғай орналасқан ауданымызға жоғарғы білімді жастар легінің алғашқы қарлығаштары келе бастаған жылдар болатын. «Ішкі жақтан келген» Тағайбек деген кісі мектеп оқушылары мен жасөспірімдерден үрмелі-саз оркестрін құруды қолға алды. Жан-жақтан қажетті саз аспаптарын әкеле бастады. Ол кезде осы күнгі «Сүлікті» маңында соғыс ұшақтары ұшып-қонатын далалық алаң – құпия әскери бөлім тұрды. Офицерлер отбасымен аудан орталығында өздеріне арналған үйлерде тұрды. Көбінің жұбайлары аудандағы орыс мектебінде – мұғалім және аудандық ауруханада дәрігерлер болды. Біз әскерилерден де көп дүниені үйрендік. Олар ауданға көп мәселеде көмек көрсететін. Даңғыра мен тарелкадан басқасының бәрі үрлеп ойналатын, бұрын біздің аймақтың адамдары көрмеген музыкалық аспаптар болғандықтан, шынымен-ақ, бізге қатты таңсық болды. Аталған үйірмеге барған талай баланың алғашқы түсінік-мақсаты қызығушылықтан туғанын жасырмаймыз. Өйткені ондай дүниені анда-санда ескі құлыптағы – кинодан…ғана көретінбіз… Музыкалық аспаптардың бәрінің де атаулары қазақша емес, «біртүрлі бір тілдерде» аталады… Әрқайсының өзінің жеке-жеке түр-тұлғалары мен дыбыстық ерекшеліктері бар… Келесі жылы облыс орталығы – Қостанай қаласына барып, облыс бойынша оркестрлер байқау-жарысына қатыстық. Бұл – ол кезде алыс жатқан аудан үшін адамның түсіне кірмейтін табыс-жеңіс, сенсация еді?! Ал ол жылдар – облыстың солтүстік аймақ-аудандарында тың көтеру жылдарының жемісін берген кез, 450 шақырым оңтүстік ауданнан заманауи, атын да, затын да білмейтін қазақ балалары ойнап тұрған үрмелі аспаптар оркестрінің өнерін көргенде орыс ағайындар өз көздеріне өздері сенбей, таң-тамаша болды…?! Жүлдемен оралғанымыз ауданда, мектептеріміз бен замандастарымыз арасында даңқ-мерейімізді онан сайын асырды. Бірақ бізге белгісіз бір себептермен, біржарым жылдан кейін Тағайбек ағай отбасымен Қостанай жағына көшіп кетті де, жаңа істі меңгеруіміз едәуір уақыт тоқырап қалды… Келесі жылы бұл істі аудандық оқу бөлімінің тапсыруымен Алматы консерваториясын бітіріп келген, музыкалық білімі бар жас маман – ән-саз пәнінің оқытушысы Еркін ағай мықтап қолға алды. Ленин мектеп-интернатында сақталып тұрған үрмелі оркестр аспаптарын қабылдап алып, үйірме жұмысының қайта жандануына мұрындық болды. Жаңа аспаптар әкелді. Біз, балалар да, бұл жолы іске құлшына кірістік. Арадағы азды-көпті үзіліс – біздің қызығушылығымызды арттырған екен. Және үрмелі аспаптарға үйрету үйірмесі аудан бойынша тек қана Амангелдінің орталығында болғандығы бізге қатты әсер етті. Әрбір аспапты меңгеріп, ойнауды Ерекең бір ғажабы – нотамен, ерінбей-жалықпай, әрбір мүшесімен жеке-жеке жұмыс істеу арқылы үйретіп шығарды. Есімізде, қай-қайсымызға да төселіп-меңгеру оңайға соқпады. Дегенмен, оқытушы-ұстаздың шыдамы мен ерік-жігері бәрін жеңді. Нәтижесінде, бұрынғыдай емес репертуарларымызды музыкалық сауаттылықпен орындауға қалыптастық. Бізді танитындар: «бұлар духовой оркестрде ойнайды» – деп, таныстыратындары – қандай мақтаныш, бойымызға күш-қуат берді дейсіз?! Ерекеңнің бір айтқаны есімізде: «Әбенов Қазбек ағаның Борашын духовой оркестрде нотамен кларнетте ойнауға әбден баулып шыққан бір күні қобызшы ағаның кездесіп, айтқаны бар еді: мына біздің Бораш кемпірдің баласы болып өскендіктен, бізді мойындамаушы еді.Сен мұны өзіңе бағындырып, бетін музыкаға бұрдың?! Рақмет саған!» – деп. Сөйтсе, қабілет-дарын оның аталарынан бар екен ғой. Тек Ерекеңді оның көзін ашуға Құдай сәтіне сәйкес кездестіріп тұрғанын көрмейсіз бе?! Осы күні Борашқа теңесер жақын жерде сазгер бар ма?!… Ол кезең өңір басшысы Оразалы Қозыбаевтың «Торғай шақырады» деген одақтық үндеу-ұранына орай үкіметіміздің нешетүрлі «өмір өткелдері» мен «сан алуан мінезді» адамдарды, «ДТ» тракторларын жүргізуді білетін және азды-көпті техникадан, тақтай тіліп, құрылыс салудан хабарлары бар небір «жарықбас», әртүрлі ұлт өкілдерін біздің өлкені көркейтіп-дамытуға, көмектесуге тоғытқан кезі болатын. Басында тып-тыныш, үнсіз келген «бауырлас ағайындар» шамалы уақыт өтісімен: «Айнала ұшы қиыры жоқ, ұласқан бір дала…?!» деп, бізді менсінгілері келмей, ауылдарда үстемдік нышандарын көрсете бастағанда, елдің білекті-атпал азаматтары: Жаңабатыр, Кәки, Жаңбыршы, Тұяқ, Ғинаят, Берден, Қалди, Айтқұл, Таңатқан сияқты, т.б. балуан тұлғалы, батыл жүректі жігіттер қалыптасқан тірлік-тәртіптің бұзылуына жол бермей, оларды орындарына қойған болатын. Ал біздің оркестр сол кезеңде олар ойлағандай «жабайы дала» емес, өркениет белгілері бар, еліміз бен халқымыздың еңбекқор, меймандос екендігін паш етті. Дайындығы әбден толысқан біздің оркестр 1963 жылы «Амантоғай» жерінде кең көлемде аталып өткен халық Батыры А.Имановтың 90 жылдығында керемет мәдени қызмет жасады. Алматыдан келген опера әншісі М.Мұсабаев бастаған 10 адам-әртістер оркестрдің орындауларын, марш-туш ойнауларын көргеннен кейін: «Мынау не деген ғажап?! Бұл дегеніңіз – цивилизация ғой!» – деп риза болған-ды. 1964 жылы желтоқсанда ұшақ апатынан қаза тапқан «Родник» совхозының директоры, кешегі комсомол жетекшісі Әбенов Бейсенбек ағайды соңғы сапарына Еркін ағай оркестрмен шығарып салуға шешім қабылдады. Оны орындады да. Әлі де елдің есінде: оркестрдің азалы сарыны мен әуенінен аспан мен жер күңіренді. Аудандық халық ағарту және мәдениет бөлімдерінің аупартком мен ауатком алдындағы беделдері бұрынғыдан да нығайып, көтеріле түсті… Аудан халқы мен еңбекшілері өздерінің алдына қойылған тапсырма-міндеттерді қалтқысыз орындап, қомақты үлестерін қосып жатқанда, мектептегі оқуымызбен қатар, біздің замандастарымыздан үрмелі оркестрде: Жармағамбетов Кенжеғара мен Якупов Валерий (труба), Айтбаев Өтеғали мен Әбенов Бораш (кларнет), Байжігітов Карбоз (баритон), Төлегенов Ағыбай мен Бекжанов Амантай (бас), Ким Николай (тенор), Татаев Ғалихан мен Зейнуллин Жолдыбек (корнет), Хасенов Хайролла (дағыра), Жақаев Мұрат (тарелка) оркестрдің қалыптасуы мен аудандағы мәдени қызмет көрсету жұмыстарына лайықты еңбектерін сіңірді. Кейінгі жылдары олардың құрамы ынталы жастармен толықты. Берекелі-бейбіт күннің, ауданның күн өткен сайынғы айшықты адымдарын 1 мамыр, 7 қараша мейрамдарында, партия, комсомол конференцияларында марш екпін-үнімен халық алдында асқақтата бір көтеріп тастайтынбыз. Ауданның мәдени өмір-тарихында осындай да бір сәттер болып еді… Қазақ айтып жатады ғой: «Қасиетті-киелі дүние, бұйым-болмыстың өзіндік иесі мен киесі болады» – деп. Облыстық халық ағарту бөлімінің шешімімен, кадрлық қажеттілікке орай Ерекең келесі жылы қарышты өркендеп келе жатқан, жас Арқалық қаласына қызметке ауыстырылды да, оркестр ұжымының өмір сүруі, кейінгі жастардың аспаптарды үйреніп-меңгеруі амалсыз тоқтады. Міне, жаттықтырушы, ұстаз-жетекші дегеннің рөлі қандай?! Оған ептеп өкінсек те, өткен жылы 80 деген жасты толтырған Еркін Қожахметұлының сау-сәламат ортамызда жүргеніне қуанамыз. Кезінде әртүрлі аспаптарда ойнауды үйренген жүздеген шәкірттері күні бүгінгі дейін ұстаздарына амандық-сәлем беріп, хабарласып тұрады. Балалайкада мүлтіксіз, өте шебер ойнауды меңгерген Александар Зайнчуковский: «Балалайкада ойнауды 80-жылдары Қазақстанда – Арқалық қаласында – қазақ оқытушы Қожахметов Еркін деген мұғалімнен үйренгенін айтып», ресейліктерді таңғалдырғанын естігенбіз. Қазір ол – Свердловск консерваториясының ректоры, зерек шәкірті Александар Кравченко– Новосібір жоғарғы өнер оқу орынының симфониялық оркестрінің жетекшісі көрінеді. Арқалықта музыка аспаптарында ойнауды өте жақсы меңгерген неміс азаматы Александр Инкштад осы таяуда қызмет істеп жүрген жері Израйльден телефон шалыпты – деп естідік.
Бүгінгі ұрпақтар алдында 60-жылдардағы аманкелділік үрмелі-саз аспаптарының шығу тарихын әңгімелеген шағын естелігіміз арқылы мақсатымыз аудан мәдениеті тарихының бір парасын ортаға оралту мен ерекше ұстаздарымыздың бірі: Еркін Қожахметұлының еңбегін елге тағы бір мәрте паш ету болатын. Сонымен қатар, орайы келіп тұрған зор өтініш: аудан басшылары мен тиісті органдардың есіне осыдан екі-үш жыл бұрын республикалық тілші Нәзира Жәрімбетованың «Егемен Қазақстан» арқылы айтқан елге сіңірген еңбегіне белгі ретінде Ерекеңе Аманкелді ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысын тағы бір мәрте естеріне салып, жүзеге асуына жәрдеміміз тисе екен?! – деген өзіміздің де үміт-қолдауымызды білдіру еді.

Төлегенов Ағыбай Әбдікәрімұлы, Әбілтаев Әбдіқадыр Әбдірайымұлы –
зейнеткерлер, Аманкелді ауданы.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.