ЕРСІН ЖҮСІПОВ: САНАЛЫ ӨМІРІМДІ БИ ӨНЕРІН ДАМЫТУҒА АРНАДЫМ

Ерсін Жүсіпов ағамызды Торғай өңірінде білмейтін адам кемде-кем шығар. Олай дейтініміз, ауданда қандайда бір  мәдени іс-шара өтсе, Байғабыл ауылынан Ерсін ағамыз би ұйымдастырып немесе өзі билеп шыға келетін. Ол кезде ер адамның билеуі өте сирек құбылыс болатын. Сол үшін аудандық көркемөнерпаздардың концертіне Ерсін ағамыздың өнерін тамашалауға  баратын едік. Ерсін Жүсіпов осы уақыт ішінде көптеген шәкірттер тәрбиелеп, би өнерін биікке шығарды. Арнайы би мамандығына окымасада,  туа біткен қасиет Жүрсін ағамызды би өнеріне жетелеп алып келді. Ол жетпістен асса да әлі күнге дейін шәкірттер тәрбиелеп келеді. Арнайы би маманы болмасада туа біткен қасиет Жүрсін ағамызды би өнеріне жетеледі. Міне, зымыраған уақыт Ерсін Жүсіповтың мәдениет саласында қызмет еткеніне – 51 жыл!

Ерсін Жүсіпов 1949 жылы, Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. Он жылдық мектепті  бітірген соң,  1966-1969 жылдары Қостанай ауыл шаруашылығы техникумында, 1980 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында оқып,  биология пәнінің мұғалімі мамандығын алды.

Еңбек жолын 1969-1973 жылдары Амангелді аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, би үйірмесінің жетекшісі болып бастаған. 1976-1996 жылдары Байғабыл орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі, 1996-2012 жылдары Арқалық қаласындағы №6 орта мектеп және қалалық мәдениет сарайында би үйірмесінің жетекшісі, 2015-2016 жылдары Арқалық қаласындағы Жас-Ұлан балалар мен жасөспірімдер орталығында хореограф, 2016 жылдан бері Арқалықта «Золотой ключик» бабалар бақшасында, қосымша білім беру орталығында, қалалық мәдениет сарайында хореограф қызметін атқарып келеді. Жұбайы – Гүләйла Абдырахметова екеуі Алтын, Дәулет, Азамат, Алмат, Қанат атты ұл-қыз тәрибелеп өсірді.

Г. СМАЙЫЛОВА

1993 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері», 2005 жылы облыстық меценаттар клубының «Қазына» силығының лауреаты атағы берілді және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен марпатталды. Бірнеше рет республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың мақтау қағаздары мен алғыс хаттарымен марапатталған.Осыншама жылдар бойы Ерсін Жүсіпов би өнері саласын дамытуға үлесін қосып, шәкірттер тәрбиелеп келе жатыр. Ағамыздың өнегелі өмірі жайлы  жазған естелігін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.Гүлбаршын Смайылова  1964 жылы Байғабыл сегіз жылдық мектебінің 8 сыныбында оқып жүргенімде ауылымызға прораб жігіт практикаға келіп би үйретті, барлық балалар кетіп қалғанда мені шақырып алып, түрлі би қимылдарын үйрететін, 2-3 айдан соң практикасы бітіп кетіп қалды. 1965 жылы Амангелді орта мектебінде 9 класта оқып жүріп, класаралық жарыста сықақ оқыдым, екінші тоқсанда қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ержанов Ғалымжан ағай мектепте оқушылардың театр студиясы дегенді ашып, хабарландыру жазып, мына оқушылар жиналуы керек деді, соның ішінде мен де болып шықтым. Амангелді ауданаралық халық театрының режиссері Мейрамхан Қапышев, Айтбай Ханкелдиннің 3 актілі 5 сурет «Керемет» деген ертегі спектаклін дайындап кетті. Мен Кереметте –Долан деген жетім баланың рөлін ойнадым. Қалдар ханның рөлін 11 сынып оқушылары Әнуар Боранбаев, Қамқа ханша рөлінде Ажаркүл Мыржакупова, Дардан рөлінде Мейрамхан Қожақов ойнады. Кейін бұл кісілер бар ғұмырларын өнерге арнады. 13 наурыз күні Амангелді ауданының орталығында алғашқы қойылым болды. Кейін аудан орталығында 3 рет қойдық. Зал тік тұрып көрді. Ауданның барлық совхоздарын аралап, Жанкелдин ауданының орталығында 2 күн, күніне 2 реттен 4 рет өнер көрсеттік. Менің өнерге деген алғашқы силастығымның бастауы осы жылдары басталса керек.

1966-1969 жылдары Қостанай ауыл шаруашылығы техникумында оқыдым. Осы жылдары Облыстық халық шығармашылығы үйінде Василий Петрович Климов деген балетмейстер би үйірмесін ашып, сонда би әліппесімен таныстым. 1967 жылы Алматыда Ұлы Октябрь Революциясының 50 жылдығына республикалық фестиваль болды. Осы фестивальда Амангелді ауданының оркестрі Төкен Елтебаевтің басшылығымен барды. Біз Қостанай қаласының атынан «Солдат всегда солдат» деген хореографиялық композиция апардық. 1969 жылы техникумды бітіріп, сол жылы Амангелді аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Төкен Елтебаев ағамыз мені Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Есполовтың қабылдауына өзі ертіп апарып, мені аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа алғызды. 1969-1973 жылдары «Ақан сері – Ақтоқты», «Махаббат машахаты», «Еңілік-Кебек», секілді аудандық халық театрының спектакльдеріне қатысып, тәжірибе жинақтадым, мәдениет үйінде би үйірмесін аштым. 1971 жылы Торғай облыстық байқауы өтіп біз «Жастар» биі, және «Тарт қолыңды Вьетнамнан» деген би композициясын көрсеттік. Осы 1971 жылы май айында Төкен ағайды, мені, Арқалықтағы «Строитель» мәдениет үйінің би үйірмесінің жетекшісі Бархыт Бушаева үшеумізді Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағай өз қабылдауына шақырды. Сонда айтылған әңгіме, қазан айында «Торғай әуендері» деп аталатын облыстық көркемөнерпаздар үйірмесі Алматы қаласында өтететін фестивальға қатысады, соған Амангелді ауданының би үйірмесін дайындап, Бушаева екеуміз, Торғай жігіттерінің биін қоюмыз керек екен. Қабылдау кезінде Төкен ағай үндеген жоқ.Бушаева ол кезде қазақша білмейтін, Өзбекәлі ағаймен орысша бірәз сөйлесті. Сөз соңында Өзбекәлі ағай маған бұрылып:

–Ал жігітім сіз не айтасыз? – деді. Мен не айтарымды білмей:

–Мен қазақ билерін билеп көргем жоқ, – дедім. Ол кісі:

– «Жастар» биін қалай қойдың деді?

– 1970 жылы Алматыға барғанымда «Гүлдер» ансамблінің концертін көріп, «Бипыл» әніне қойылған «Домбырашылар» биінен кейбір қимылдар алып, Қостанайда билеген венгерский, румынский, гуцульский билерінен қимылдарды қосып, Жастар биін жасадым,- дедім.

Ол кісі жымиып күлді де, орнынан тұрып, шкафтан күйдірілген қыш кірпішті столға әкеліп қойды, бетінде ою – өрнек бар екен.

–Не көріп тұрсың? – деді.

–Кірпіш, – дедім.

–Тағы не көріп тұрсың? – деді.

– Ою, –дедім түк түсінбей.

–Енді ұлдарыңды мына оюдың шетіне тізіп қой да, қыздарыңды оюдың екінші жағына тізіп, бір-біріне қарама-қарсы жүргізіп, ортада кездессін, осы жерде анадан, мынадан ұрлап тырнаған би қимылдарыңмен, өзіңнің қиялыңнан туған кез келген қимылдарды мына апаңа көрсетіп, ақылдасып, үйірмеңдегі 8 ұлың мен 8 қызыңа үйретіп, үш айдан кейін апаң екеулерін «Торғай жігіттерінің» биін алып келесіңдер. Сендерге сәттілік тілеймін! – деп бізді шығарып жіберді.

Төкен ағай 5-10 минут кабинетте қалды. Бархыт Бушаева 3 ай бойы Амангелді де болып, бірге би қойдық. Тамыз, қыркүйек айларында Арқалықта дайындықта болдық. Күнде кешкілік прогон болатын. Соған Өзбекәлі Жәнібеков өзі келіп қатысып отыратын. Октябрь айында Алматы қалсында Республикалық Жастар ұйымының концерт залында біздің есеп концертіміз болды. Біздің «Торғай жігіттерінің биі» Республика сарайында өткен қортынды концертке қатысты.

1973-1975 жылдары армияда 6 ай учебкада болып, қалған бір жарым жыл Киев әскери округының ән-би ансамблінде болдым. Армиядан кейін Амангелді ауданындағы Байғабыл орта мектебінде биология пәнінен сабақ бере жүріп, 3 сыныпта оқыған қызыммен бірге әкелі-балалы болып би билеп Қазақстанның біраз жерлерін шарладық.

1996 жылы Арқалық қласындағы №6 орта мектепте «Ақбота» би ансамблін құрып, 2005 жылы «Халықтық би ансамблі» атағына ие болдық. Халықаралық «Бозторғай», «Ақ көгершін», «Ғұмырдария», «Күн шуақ» секілді байқаулар мен республикалық, облыстық байқауларға қатысып, бірнеше дүркін бас жүлде, 1 орындарды иеленіп жүрдік. Ансамбльдің көптеген мүшелері би коледждерін, институттарын, академияларын аяқтап «Наз би», «Салтанат», «Шалқыма» би театрларында, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, ҚР ІІМ, облыстық филармония, ансамбльдерінде жемісті еңбек еттім. 2012 жылы зейнеткерлікке шығып күні бүгінге дейін өнер саласын қимай еңбек етудемін. Бүкіл саналы өмірімді би өнерін дамытуға арнадым.

Ерсін ЖҮСІПОВ,

«Халық ағарту ісінің үздігі»,

«Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері».

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.