ӨНЕР ҮШІН ЖАРАЛҒАНМЫН

Мейрамхан Қапышев атындағы халық театрына – 60 жыл

Мен саналы өмірімнің 30 жылын Амангелді ауданының халық театрына арнаппын. 1963 жылы ауданымыздың мәдениет саласын басқарып жүрген Хайруллин Уәли ағамыз: «Қызым, сен өнер үшін жаралған жан екенсің, сенің болашағың өнерде. Сондықтан Мәдениет бөліміне ауысып өнеріңді халыққа арнағаныңды  жөн санап отырмыз!» деп  мені театрдың режиссері Қапышев Мейрамхан ағаның қолына тапсырған еді. Мен сол кездегі өнерге жан-тәнімен берілген талантты жандардың ұжымына мүше болып бірге жұмыс істеген уақытымды  бақытты жылдарға санаймын. Амангелді халық театрының тарихын еске алсақ бірнеше кезеңнен өткенін көреміз.

Алшқы Амангелді-Торғай ауданаралық халық театрын 1936 жылы Нұрхан Ахметбеков құрған екен.  Орынбасары Байғоныс Мұхамеджанов мүшелері: Қараман Әбіқаев, Ахметқан Әбіқаев, Қазыбек Әбенов, Әсима Зейнуллина, Сүлеймен Ағыбаев, Қаруеш Ғұбайдуллин, Назым мен Ормаш Есмұхамедовтар, Қамидолла Нәшкенов, Назархан Жекежанова, Мағия Жұмабаева, Рафхат Кәрімов, Кенжеғали Жұмабаев, Есмағзам Асхатов, Сүйінәлі Әбілов, Қазыбек Әбенов  кейінірек Аймағамбетов Көшекбай, Ізтай Айтмұхамбетов, Құтжан Қанжығалин, Деріпсалды Жұмабаев талантты өнерпаздар келді. Осы адамдар негізін қалаған театр Қостанай облысында аса беделді ұжым болған. Театр машинаның жоқтығынан ат, түйе, өгіз арбамен, кейде жаяу жүріп ел аралап өнер көрсетті. 1939 жылы театр Амангелді аудандық театры атанды.

1955 жылы Қапышев Мейрамхан аудандық театрға режиссер болып тағайындалады.  Ол кісі театр өнерін аймағымызда кең қанат жайып  дамытуға құлшына кірісті. Сол жылдары мәдениет саласын басқарған У.Хайруллин өнерлі талантты жастарды  жинап театр мен оркестр саласының дамуына көп көңіл бөлді. 1960 жылы Төкен Елтебаев Алматы консерваториясын бітіріп аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрды. Мәдениет саласына, Дәлдәбек Қорғанбековты шақырды. Олардың алдарына «Халық театры» атағын алу мақсатын қойды.Бұл іске ауданның бірінші басшысы Оразалы Қозыбаев пен комсомол ұйымының бірінші хатшысы Мансұр Шәкіржанов көп көмек көрсетеді.

          Т.Елтебаев, М.Қапышев,Д.Қорғанбеков аудан жастарын ұйымдастырып оркестр құрып, театр жұмысын жандандырып, сахнаға «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты» спектакльдерін шығарып, ауылдарға, көрші аудандар мен  Арқалық қаласында өнер көрсетеді. 

         1960 жылы Қостанай қаласында  маусым айында өтетін фестивальға мәдениет басқармасының басшысы Уәли Хайруллин мен режиссер Мейрамхан Қапышев әртістерін  апарып театрлар байқауына қатысып бас жүлдені жеңіп алып Алматыға жолдама алады.  Қатысқан әртістер: Ділдәбек Қорғанбеков, Кәкимолда Аханов, Балтабай Уахитов, Төленді Әлекин, Жауынбай Шәймерденов, Бірәз Байбосынов, Алтын Абылова, Мәрзия Зейнуллина, Шәмел Есжанова, Шабанкүл Тойманова, Тоқбай Тұржанов, Самат Сұлтанбеков, Сәндібек Жанділдин тағы басқада аты аузыма түспеген әртістер еді. 

   Алматыда М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында байқауға түсіп «Халық театры» деген жоғары атақты жеңіп алды. Бұл ауданымыздың мәдени өміріндегі айтулы уақиға болған еді.  

    1980 жылы Халық театры атағын алып берген әртістер 20 жылдан кейін қайта жиналып «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін Жауынбай Шәймерденов,  Алтын Абылова, Шара Мүсілова, Төленді Әлекин, Мейрамхан Қапышев, Мәлік Нұғыманов, Еренғайып Әбдіхалықов, Қантай Тұрсынова, Шәмель Есжанова, Ділдәбек Қорғанбеков, Тұрым Мұқанов, Кәки Аханов, Жарас Бөлекбаев, Қасым Рахметов, Мираш Кемелов, Тоқбай Тұржанов, Бақыт Тұрсынов, Төлеген Сейдеғалиев, Орынбасар Тұрашев, Балтабай Уахитов, Башарин Қажығалиев, Айсұлу Қорғанбекова, Шабанкүл Тоймановалар, қойған режиссер Мейрамхан Қапышев, көмекші режиссер Б.Уахитов, суретші Әбілбек Ұзақов, музыкасын көркемдеген Қ.Әбенов халыққа тамашалатып зор алғысын алған еді. 

    Театр осы ағалардың салған жолымен атағына сай халқымызға бүгінгі күнге дейін абыроймен қызмет жасап келеді. Театрдың өркендеп жақсы жұмыс істеуі мәдениет саласын басқарып отырған басшы мен режиссерге тікелей байланысты.  1963 жылдан бергі уақытта театр әртісі болып 30 шақты рольдерде ойнап,  режиссердің көмекшісі, режиссер болып 30-дан астам ойындар қойып,   отыз жыл өнер саласындағы өмірдің қайнаған ортасында жүріп көз алдымнан өткіздім. Көптеген өнер майталмандарымен бірге қызметтес болдым. Амангелді ауданның қоғамдық өмірінен де тыс қалмай, мәдениет бөлімінің бастауыш партия ұйымының 23 жыл хатшысы, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, Амангелді ауылдық кеңесінің алты жыл депутаты, жеті жыл Аудандық соттың халық кеңесшісі қызметтерін қоса атқарып, аудан өмірімен бірге біте қайнастым. 

  Ауданымыздың өнерін өркендетуге: Айтбай Мұздаханов,  Қалибек Деріпсалдин, Сапар Ахметжанов, Бақытбек Сейілов, Шара Мүсілова,Жұлдызай Олжағұлова, Қуаныш Өмірзақов, Айтан Сейдахметов, Жақсылық Қазыханов, Ораз Сыздықов сынды жүзден астам талантты азаматтар мен азаматшалар үлес қосты. Аудан мәдениетін және өнер майталмандары туралы  республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға жазып, насихаттап,  аудан мәдениетінің  танылуына көп үлес қосқан   ақын, жазушы Хамитбек Мұсабаевтың еңбегі ерекше еді…   

           Ауданымыздың мәдениет саласындағы  қайраткерлеріміздің жүріп өткен жолын, қаһарман істерін қадірлеп, өнерімізді дамытуға, ұрпағымыздың ұлттық рухын көтеріп,   отаншылдық сезімге,  ерлік дәстүрге баулыған аға-апаларымыздың, әріптестеріміздің есімін елдің жадында ұмытылмастай жаңғырту қажет-ақ. Осы орайда өнер саласындағы еңбек сіңірген азаматтарды тарихта қалтыру мақсатында, Жұмағали Өмірбеков, Кәки Аханов,  Қайыржан Мақанов, Уахитов Балтабай, Ғапбасов Жәнібек, Сапар Ахметжанов, Сабыржан Хайруллин, Мұрат Дихамбаев, Гүлбаршын Смайлова, Ләззат Қапышева, Сейдин Сағынғали, Нурлыбек Тажин, Жұлдызай Олжағұлова, Альберт Мурсалимов, Лиза Мизамбаева,  Гүлмира Ғұбайдуллина бірігіп жасап жатқан жұмыстарының баянына  жетуіне сәттілік тілеймін.  

 Қантай ТҰРСЫНОВА,

М.Қапышев атындағы халық театрының бұрынғы режисері,

мәдениет саласының ардагері.          

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.