ЖАСЫЛ ЕЛ БАҒДАРМАСЫНА ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ АУДАН ЖАСТАРЫ ЫНТАЛЫ

«Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Атаулы бағдарлама ауданымызда 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзек-тілігін жоғалтқан емес. Жыл сайын жазғы маусымда 20-30 студент жастардан құрылған топ екі лекпен жұмыс жасайды. Жұмыс жасауға деген ынталы жастардың көптігі болар, мамыр айымен қатар, шілде айында жасақталатын жаңа топтың да қатары ендігі толық. Ал, «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының бірінші легі мамыр айының 20-сынан бастап өз жұмыстарын бастап та кетті. 16 мен 28 жас аралығындағы жастардан құралған жасақ тек қана жұмыс жасап қоймай, сонымен қатар өздеріне жақын дос тауып, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы іспен айналысуға мүмкіншіліктер алады.

Көптілеуов Бекболат Сақтапбергенұлының жетекшілігімен құрылған жастар тобы бүгінде ауданымыздағы Әкімшілік, Шұғылы, Наурыз алаңы, «Ана мен бала» және тағы да басқа бірқатар ауданішілік және сыртқы көркейту жұмыстарымен айналысып, көгалдандыру шараларын жүргізу жоспарлануда.

Жасыл елде қызмет атқаратын жастарға салықтар мен әлеуметтік аударымдарды қосы есептегенде 35 мың теңге көлемінде жалақы да тағайындалған.

Айта кетелік, биыл елімізде құрылған атаулы бағдарламаға 15 жыл толып отыр. Мейрамға орай «Шұғыла» жастар демалыс орталығы «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағымен алдағы уақытта мерекелік іс-шара өткізу көзделуде.

Күнжамал КЕНЖЕАХМЕТОВА,

өз тілшіміз.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.