«Батпаққараның бетпаққаралары» деп аталатын айыптаудан арылатын күн де келеді. Ол алыс емес – Хамитбек МҰСАБАЕВ

Жерлестер, жақсы жаңалық! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын сүргін құрбандарын зерттеу жөнінде комиссия құрылатынын, 1929 жылы болған «Батпаққара көтерілісіне» де саяси әрі тарихи баға беретінін айтыпты. Бұл туралы фейсбук бетінде ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мәлім етті.

Ал бұл туралы керемет жаңалықты қоғам белсендісі Біржан Мешелов Батпаққара тобында жарияламаса, біз естімей отыра береді екенбіз. Бұл батпаққаралықтар жарыса жариялайтын сүйінші хабар! Өйткені өмірден өз бағасын ала алмай кеткен аталарымыздың рухына деген зор құрмет! Мұндай көтеріліс біраз жерде болды ғой. Бірақ Президент Қасымжомарт Кемелұлының көтерілістің ірі ошағы болған «Батпаққара көтерілісін» тілге тиек еткені бізді қуантып отыр.

Осы орайда Батпаққара көтерілісі туралы өмірінің соңына дейін осы мәселені көтеріп, сол көтеріліске қатысқан аталар мен көтерілісті бастаған Сейітбек Қалиев туралы туралы үзбей жазып келген, осы көтеріліс туралы сөз қозғаған тарихшы ғалымдардың мақаласын да топтастырып, газет бетіне беруден танбаған ақын, журналист, ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Хамитбек Мұсабаев соңғы рет Аманкелді ауданының 90 – жылдығында сөйлеген сөзінде баяндамасын Батпаққара көтерілісі туралы бастап, оған екпін бере сөйлеп: «Алла қаласа, алдағы уақытта «Батпаққараның бетпаққаралары» деп аталатын айыптаудан арылатын күн де келеді. Ол алыс емес.» деп айтқан еді. Хақаң интуицасы мықты, болатын оқиғаны күн бұрын сезетін.

Біз бүгін Хақаңның сол баяндамасынан үзінді беріп отырмыз.

1929 жылдың аяғына таман, дәлірек айтсақ 1929 жылдың 2 қарашасы күні «Батпаққара көтерілісі» болады. Бұл көтеріліс бейбіт түрде өтеді. Көтеріліс негізінен сол кездегі аудандық коммунистік-кеңестік жүйеде орын алған заңсыздықтарға қарсы ұйымдастырылған. Бұл көтеріліске 1000-ның үстінде адам қатысқан. Белгілі заң қызметкері, науырзымдық бауырымыз Бақытжан Нұғмановтың мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінде сақталған құжаттарға негізделіп жазылған кітабында көтеріліске тек қана қазақ ұлты емес, сол кезде Қостанай өңірінде тұратын орыс, украин, беларус, татар, башқұрт ұлттарының өкілдері де қатысқаны баян етілген. Көтеріліс бір шеті Қарабалық, бір шеті Атбасар, бір шеті Қарсақбай, бір шеті Ырғыз аудандарына дейінгі территорияны қамтыған. Осы Бақытжан бауырымыз 2009 жылы маған мемлекеттік қауіпсіздік комитеті архивінен өзі дайындаған, «Батпаққара көтерілісіне қатысқандардың» орыс тілінде жазылған тізімдерін аудандық газетте жариялау туралы ұсыныс жасады. Оның жіберген сол тізімдерін аудандық газеттің 5 нөмірінде орыс тілінде жарияладық. Тәржімалап беруге болатын еді, бірақ онсыз да орыс тілінде бұрмаланған адам есімдері мен фамилияларын қазақшалаймыз деп одан сайын бүлдіріп аламыз ба деп мәтінді сол қалпында орыс тілінде жарияладық.

Заңгер Б.Нұғманов қалыптаған сол тізімдер Науырзым, Әулиекөл, Меңдіғара, Федоров, Қарабалық, Атбасар аудандарының және Қостанай қаласының көлемін қамтиды. Осы тізімді жасап, кітабында жариялағаны үшін тарихшы немесе журналист-жазушы болмаса да үлкен еңбек жасаған Бақытжан бауырымызға бүгін ел атынан алғыс айтсақ, орынды болар еді деп есептеймін! Өйткені, келесі жылы «Батпаққара көтерілісіне» 90 жыл толады. Бұл – осы отырған бәріміздің ата-бабаларымыздың коммунистік-кеңестік түпкілікті отарлауға қарсы жасаған алғашқы көтерілісі болатын. Бет қаратпайтын коммунистік билікке, оның саясатына бұлайша батыл қарсы шығу – аталарымыздың ғажайып ерлігі еді. Алайда, коммунистік отарлаушылар сол ерлікті мазақ пен азапқа, тіпті тозаққа айналдырды. Олардың бұл сорақылығына кейбір жергілікті журналист аталарымыз атсалысты. Солардың бірі – жап-жақсы мақалалар жариялап жүрген Сәбитбек Елеуов деген атамыз болды. Оның «Батпаққараның бетпаққаралары» деп аталған айыптау мақаласы сол кездегі «Еңбекші қазақ» газетінде басылды. Одан соң сол мақаланы Қостанай облыстық «Ауыл», Аманкелді аудандық «Социалистік шаруа» газеттері көшіріп басып, жариялапты. Бұл мақаланың қазіргі кирилл қарпіне түсірілген нұсқасын бізге сол кезде белсенді комсомол жас атанған белгілі тілші, ақын Жиентай Ділдебаев марқұм тапсырған еді. Аталмыш мақала Жиентай ақсақалдың «Өмір жорығы» атты кітабында басылған. «Батпаққараның бетпаққаралары» деп аталатын мақаланың зардабы күні бүгінге дейін жойылмай келеді. Мақаланы оқымаған, бірақ әркімнен әрқалай жағдайда естіген адамдар мәселенің байыбына бармай, біздің ауданымыздың тұтас халқын бетпаққаралар деп айыптаған сәттер әлі күнге кездесіп қалып жүр. Осындай жағдай биылғы жылы халқымыздың тамаша өнер тарланы, Қазақстанның Халық артисі Әнуар Боранбаевтың туғанына 70 жыл толған торқалы тойы үстінде де айтылып қалды. Оған ауданымыздың Жеңіс Махатов, Сағидолла Жәнділдин, секілді ақсақалдар реніш білдірді. Дегенмен, ондай әңгімелерді айтқан азаматтарды кінәлау дұрыс емес деп есептейміз. Өйткені, мәселенің ұшы – өзімізге келіп тіреледі. Ол сын мақаланы жазған Торғайдың немесе Науырзымның, болмаса Ұлытаудың, Атбасардың журналисі емес, өзіміздің Аманкелді ауданының журналисі болғанын ұмытпайық. Алла қаласа, алдағы уақытта «Батпаққараның бетпаққаралары» деп аталатын айыптаудан арылатын күн де келеді. Ол алыс емес.

Аманкелді ауданының 90 жылдығына арналаған конференцияда сөйлеген сөзінен қысқаша алынды

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.