Тарих

МАЙДАНГЕРЛЕР – ҚАҺАРМАН ҚАЙРАН ЕРЛЕР,
ЕСІМДЕРІҢ ҒАСЫРДАН-  ҒАСЫРҒА ӨРЛЕР

Біз жыл өткен сайын Ұлы Жеңіс күнінен алыстап барамыз. Бірақ алыстаған сайын ол күннің абыройы асқақтап, даңқы дəуірлеп, ерлер есімі ел есінен берік орын алуда. 
Қазақтың қазіргі жасы үлкен, майдангер жазушыларының бірі – Əбдіжəміл Нұрпейісов ақсақал «Сізбен біз қатардағы қарапайым солдат болғанымызды мақтан етеміз» деп жазған еді осыдан 50 жыл бұрын. 91 жасқа иек артқан майдангер əлі де нық сапта. 92 жастағы майдангер-ақсақал Мұзафар Əлімбаев та сол баяғысынша абыздық сөзін айтып, жырларын жазуда. Жерлесіміз, соғыс солдаты Сырбай Мəуленов болса:
 Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым көп болғасын.
Келгенімде шыдамадым,
Соның  көбі жоқ болғасын. – деп жырлады.
 Елге аман-есен оралған майдангерлер соғыстан кейінгі барлық ауыртпалықты да көтере білді.
Олардың көбі дерлік белшеден бейнет кешті. Туа сала кеңестік аштық пен тəркілеудің, 37-38 жылдардағы жазалаудың жəне соғыс пен одан кейінгі қиын жылдардың азабын арқалады. Еліміздің Тəуелсіздікке жетуіне олардың да қосқан үлестері зор.
 Атап айтқанда: Мұсағали Сейітов – шаруашылықта, Марк Исакович Вандер – аудандық газет редакциясында газет редакторының орысша нұсқасы бойынша орынбасары, Рəшит Галеев – ұзақ жылдар аудандағы ірі мекемелерде бас бухгалтер, ал Сейіл Ахметов – түрлі басшы қызметтерде болды. Бұл кісінің артында «Үкімет маған үш адам атуға право берді» деген сөзі қалды.
 Сол сияқты, Кенжебек Байсалбаев – шаруашылық саласында, Райымбек Тұяқбаев, Бөстекбай Наурызбаев, Өмірбек Балов ақсақалдар да бейбіт дəуірде адал еңбек жасады. Бұл кісілер əлеуметшіл жандар еді. Бөстекбай Наурызбаевты бүкіл ау- дан халқы «Ақ жүрек» деп атағаны белгілі. Ал Шалабай Жұмабеков – ауыл шаруашылығы саласында, кейін аудандағы өрт сөндіру мекемесінің алғашқы бастығы болды. Біраз уақыт денсаулық саласында қызмет жасады. Елеусіз Медетов – белгілі бас бухгалтердің бірі. Бекқазы Нұржанов, Қасен Ғалиев ақсақалдар да колхоз, совхоздарда əртүрлі жа- уапты қызметтер атқарды. Қасен ақсақал қазіргі Ақсай ауылдық округіне қарасты Мойылды колхозының басқармасы болды. Кейін де бірқатар жауапты қызметтер атқарды. 
Сәмет Тәтіғұлов – аудандық малдәрігерлік станциясында көп жыл жемісті еңбек етті.
Бұл кісілердің қай-қайсысы болмасын өздері қызмет жасаған жерлерде елдің алғысын алып, құрметіне бөленді. Майдандағы ерліктерін тылдағы бейбіт еңбекпен ұштастырды. Аудан халқы бұл кісілердің ерен еңбектерін əрдайым құрмет тұтады. Жастық шақтарын сұрапыл соғыстың оқ бүркіп, от лаулатқан қиын сəттерінде өткізіп, Отан қорғау жолында ерліктің тамаша үлгілерін көрсетті. Олар Советтер Одағының Батыры атағын алмағанына кінəлі емес. Батырларға тəн ерліктің небір тамаша үлгісін көрсете білді. Бүгінде бұл кісілердің бəрінің де артында ұрпақтары бар. Олар өз əке-аталарын əрдайым мақтаныш етеді.

 Мына суреттерде сұрапыл соғыстың сойқаны мен соққысына қарсы тұрып, ерліктің ерен үлгілерін көрсеткен батыр ата-ағалардың бір тобы.

Өз тілшіміз