Ол киелі Батпаққара топырағынан түлеп ұшып, жасындай жарқылдаған шоқ жұлдыз. Ол тағдырлы еді, бірақ тағдырға еш мойынсұнбастан өзін ақындық, сазгерлік, әншілік қырымен танытты. Бәлкім тағдыр соны көпсінді ме, нағыз бұлқынып тұрған шағында, небәрі 35 жасында алды да кетті. Соңында бұлақтай мөлдір өлеңдері, әуезді әндері қалды. Егер тірі болғанда ол бүгін де қазақтың маңдайалды сазгерлерінің бірі болып қиқулатып жүрер ме еді…Қайран, Ерлан НҰРМАНҒАЛИЕВ!

Ғұмырын өлеңмен өріп, сөз патшасын жанына серік еткен Ерлан Қадырұлы Нұрманғалиев 1971 жылдың 2 қарашасында Аманкелді ауданы, Қабырға ауылында дүниеге келді. Әкесі Қадыр Әжіғалиұлы мен анасы Меруерт Дүйсенбайқызы көп бала тәрбиелеп өсірген ата-ана еді. Ерлан сол он баланың үшіншісі болатын. Алайда Ерланды екі жасында атасы мен әжесі бауырына басады. Қазыналы қарттардың бауырында өскен ол мектеп жасынан бастап өлең шығара бастады. Оның өлеңдері сол кездің өзінде сезімге толы, сырлы болатын. Мектеп қабырғасында жүріп 1987 жылы Қарлығаш Жақыпбекқызы құрған «Өрімтал»ансамблінде өнер көрсетті.

Ол дәстүрлі әндерді, термені нақышына келтіре орындап, сусаған құлақтың құрышын қандыратын еді. Қазақы қасиеті қашанда бойынан табылатын бала Ерлан қасиетті домбыраны жан досындай көруші еді.

Табиғатынан көп ойланатын, ішкі толғанысымен көп арпалысатын жан болды. Содан болар, бойына біткен ерекше қасиеті жазбаша сөз өнері еді, соны жан серігі етті. Бірақ ол поэзияға түпілікті берілмеді. Ол туралы айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айбек Қалиев «Ерлан поэзиямен арнайы түрде айналыспаған және оның өлеңдерінің көбі өзінің әндеріне арналып жазылған. Бірақ біз осы аз ғана өлеңдерінің өзінен, «теңіздің дәмін тамшысынан» білуге болатындай, оның ақындық қарымын таныдық. Ерлан музыкада да, позияда да лирик. Ерлан әндеріңдегі көңіл пернесін дәл басқан әсем әуен мен сырлы сезімге толы сұлу сөз бір-бірімен астасып, бір-біріне сәулесін түсіре отырып тыңдарманның жүрегіне бірден жол табады» деп баға береді. Ия, оның өлеңдері туған ауылы Қабырғаға, балалық шаққа, махаббат тақырыбына арналып жазылды.

Ерлан Нұрманғалиев 1994-1998 жылдары Арқалық қаласындағы гуманитарлық училищені аспаптық мамандығы бойынша тәмәмдап, сол жылдан бастап осы өнер ұжымында ұстаз болып қызмет істеді. Оның сазгерлікке ден қойып, лирикалық өлеңдер мен әуезді әндер шығаруы осы жылдарда шарықтай түсті. 2000-2003 жылдары «Шертер» ансамблінде домбырашы, әнші болып өнер көрсетті. 2004 жылы Арқалық қаласындағы музыкалық колледжде «Сағыныш» атты әнші-домбырашылар триосын, «Атамұра» домбырашылар ансамблін құрған. Ерланның осы жылдарда шығарған әндері халықтың жүрегінен жол тауып, кең танылып, жастардың шырқап салатын сүйікті әндеріне айналды. Бүгінде Ерланның өз сөзіне жазылған әндері облыстық қана емес, республикалық сахналарда орындалып жүр. «Асыл жарым», «Жүрегімнің алауы» «Жұмбақ махаббат», «Іңкәр сезім», «Есіме аламын», «Киелі Торғайым», сынды көптеген әндерін Мирас пен Құралай, Мәдина Садуақасова, Төреғали Төреәлі, Нұрболат Арзамасұлы, Медет Шайкелов, Шахаризат Сейдахмет орындап жүр. Ерлан Нұрманғалиевтың «Асылы жарым» атты әні Мирас пен Құралайдың бой тұмар әніне айналып, бұл әнге бейнебаян да түсірді. Ол көпшіліктің көңілінен шығып еді. Сонымен қатар Ерлан Нұрманғалиевтің 20-дан астам әндері мен «Шашу» атты күйі бар.

Аз ғана ғұмырында «Торғай әуендері» фетивалінің, облыстық «Менің туған елім» атты композиторлар конкурсының лауреаты болды.

Ақын, сазгер, бабалар рухын сезінген, оны әнге салып әлдилеген, жастарды шынайы махаббатқа жетелеген Ерлан Қадырұлы 2006 жылдың 8 қаңтарында Арқалық қаласында дүниеден өтті. Аз да болса мағыналы ғұмыр кешіп, артында өшпейтін лирикалық әндер мен жырлар қалдырды.

Ерлан Нұрманғалиев 1995 жылы отбасын құрды, артында әке жолын жалғаған ұрпағы бар. Жары Айнұр Қонысбайқызы әскери қызметкер. Тұңғышы Думан Нұр-Сұлтан қаласында №59 гимназияда мұғалім болса, Ғибраты Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы. Бүгінде Ғибрат әкесінің «Киелі Торғайым» атты әнін орындап жүр.

Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаеваның құрастыруымен 2016 жылы «Ақ қайың» атты Ерланның өлеңдері мен ой толғамдары топтастырылған кітап шығарылды.

8 қаңтар Ерлан Нұрманғалиевтің өмірден өткен күні. Артында қалған ұрпағы, бауырлары рухыңа арнап құран бағыштап, еске алатыны айдан анық. Ал біз еске алып, «АА» газетінің «Жеті муза» айдарымен арнайы бет беріп отырмыз. Жасындай жарқ еткен талантты жерлесімізді жиі еске алып, әндері мен өлеңдерін насихаттау арқылы, қысқа ғұмырының жарық сәулесін өшірмей, есте сақтайық дегім келеді.

Ақнұр МҰСАБАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласы.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.