Амангелді ауданы әкімі Ә.Б.Асановтың «Ұстаздар күні» мерекесімен құттықтауы

Қайырлы күн, ұлағатты ұстаздар!

Баршаңызды күз мезгілінің алтын шуағымен бірге келетін кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Қай кезеңде болмасын , ұстаздарға деген сый -құрмет жоғары болған. Қай қоғамда да білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған ұрпақ болған емес.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздан тәрбие алған » деген даналық сөздерден ұстаздар арқалап келе жатқан жүктің салмағын бағамдауға болады.
Бүгінде еліміз бойынша жас ұрпақтың болашағына оң бағыт, нұрлы жол сілтеп, білім мен тәрбиені қатар сіңіріп келе жатқан 400 мыңға жуық мұғалім болса, соның 585 мұғалімі Амангелді ауданының білім беру саласында қызмет етуде.
Мемлекет тарапынан жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, білім мен ғылым саласына бөлінетін қаржының көлемі ұлғайып, мектеп ұстаздарының біліктілігін көтеруде жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, ұстаздар біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар біздің ауданымызда да жоспарлы түрде жүзеге асуда.
Ел Президентінің ұстаздарымызға жасап жатқан қолдауы да ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген өнегелі өсиет сөзінің бүгінде өз мәнін жоймай келе жатқандығын аңғартады.
Осы мақсатта «Ұстаз мәртебесі туралы» заңның қабылдануы, мұғалім мәртебесін көтеру жолында атқарылып жатқан жобалардың жүзеге асырылуы – жасалып жатқан қолдаулардың бірегейі.
«Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаздар қауымы да ұлы қызмет жолында әр шәкірттің санасын біліммен нұрландырып , танымдарын кеңейтіп, жеңістердің биік белестерінен көрінуге ықпал етіп келеді.
Білімдар, талантты оқушылардың республикалық, халықаралық түрлі байқаулар мен олимпиада жүлдегері атануы – мұғалім қызметінің жемісі.
Құрметті ұстаздар!
Сіздер сырттай қарапайым болғанмен, тарихтағы ең ұлы істердің бірегейін ұрпақ болашағы үшін атқарып келесіздер. Тағылымды өнер, ізгілікті ізденіс, тынымсыз еңбек, шәкіртке деген шексіз қамқорлық – Сіздердің бойларыңыздан табылар қасиеттердің бір парасы ғана.
Бүгінгі Ұстаздар күні баршаңызды тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтай отыра, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Жеті түрлі ілім ілетін ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңіз еселі, шығармашылық жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Назарларыңызға рахмет!

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған