ТӨЛЕУТАЙ АПАЙДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Төлеутай Есенжолқызы-кәсіби шеберлікті шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шығып және ісінен айқын көрініп тұратын, өзі үшін емес өзгелер үшін, жас ұрпаққа және әріптестеріне, еліне, ұлтына берер пайдасы мол, біздер үшін орны бөлек тұлға. Білім саласына  еңбегін сіңірген құрметті ұстаз, қадірлі де асыл ана, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отыр. Алла ғұмыр берсе, алпыстың асқарына әркім-ақ шығады.

Алайда, ол биікке асқаралы абыроймен, үстем мерей, жарық жүзбен жететіндер көп емес. Сол аздың бірі де бірегейі өзіңіз деп білеміз. Ұстаз һәм басшы ретінде өз уақытыңызды аямай, өзгенің бақытын аялай жүріп, білім ордасынан мыңдаған түлектер ұшырдыңыз.             Ұзақ жол жүріп келе жатқан адам қиядан қиялап, ойдан ойыстап, тау-дөңестен тауқымет тартып өтіп келе жатып бір бекетке өкше тірегенде артта қаншама із қалды, енді алдымда қанша жол  бар екен  демей ме? Дәл осы сияқты аман-есен тіршілік кешетін адамның белгілі бір уақытта осындай ой сезінетіні бар. Демек, біздің бүгінгі кейіпкерімізде әрбір жүріп өткен жолына қарайлап, есеп беріп, көпке үлгі бола білген тұлға. Ақырын жүріп анық бас.Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас,Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай,  ұстаздық жолда өзіндік дара жолын қалыптастырған жан.. Осы жолда терең білімімен, мәдениеттілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған, ауданымыздағы білім ордаларын басқарып отырған қазақ әйелінің тұлғасы қандай болуы керек  деген сұрақ туындағанда, өзіңіздің есіміңізді атар едік.-Сіздің еңбек жолыңызда осы Амангелді  орта мектебінің алатын орны ерекше деп ойлаймыз. Қазіргі басшылық  жасап отырған ұжымыңыз жайлы айтып өтсеңіз?       

 — Қызмет-кімнің кім екенін танытатын таразы. Бірінің мінезі біріне ұқсай бермейтін, жаратылысы әртүрлі ортамен тіл табысып, басшылық жасау аса жауапкершілікті талап етеді. Еңбек жолымда 29 жыл басшылық жұмыс атқардым. (16 жыл-оқу ісінің меңгерушісі, 13 жыл-мектеп директоры). Осы жылдарда мына қағиданы өзіме ұстаным еттім: өзім басқарған ұжымның жұмысын нәтижеге бағыттау, мектептің алдыңғы қатардан көрінуіне ықпал жасау. Бүгінгі таңда Амангелді орта мектебінде 68 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде: жоғары санатты мұғалімдер саны-16, бірінші санаттағы мұғалімдер саны-14, екінші санаттағы мұғалімдер саны-16, педагог-зерттеуші біліктілігін алған мұғалімдер саны-3, педагог-сарапшы біліктілігін алған мұғалімдер саны-5, педагог-модератор мұғалім саны-2.Жас ұрпақтарға сапалы білім, саналы тәрбие беруден талмай, шәкірттерінің құрметіне, шексіз ықыласына бөленген, 100 жылдық тарихы бар мектептің беделін арттырып, жаңашыл, өз ісінің майталмандары бола білген әріптестерімді мақтан етемін. Ауданымызда қара шаңырақ деп аталатын тарихы терең, тағылымды білім ордасында қызмет жасап, зейнеткерлікке шығуымды Жаратқанның маған берген сыйы деп ойлаймын. -Ұстаз есімі әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. Сіз осы ұстаздық жолды таңдадыңыз.Ұстаздық, мұғалімдік, бұл – ең қиын әрі қызықты мамандық. Осы мамандықты таңдау сыры туралы айтып берсеңіз.   Мен 15 жасымнан бастап арнаулы оқу орнында және жоғары оқу орнында оқыдым. Екі мамандық иесімін. (бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі). 42 жыл білім саласында қызмет жасадым. Білім саласынан басқа жерде  жұмыс жасап, басқа мамандық иесі болғанымды елестете алмаймын. Себебі, мен үшін ұстаздықтан асқан мамандық жоқ.   Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Сондықтан мен үшін ұстаз мамандығы әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. «Ұстаз» деген ардақты, киелі, құрметпен айтылатын сөз, ол әр адамның жастайынан сауатын ашатын, өнеге үйретіп, тәрбие беретін, «Білім» атты кемеге отырғызып, болашаққа жол көрсететін, анаңдай әлпештеп, маңдайыңнан сипайтын  жан. – «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Осы заңның аясында қоғамның мұғалімге деген көзқарасы өзгерді ме?

— Қазақ елінде мұғалімді қадірлеуге байланысты бұрыннан тамаша дәстүр бар. Қызметтегі, биліктегі бүгінгі толқын оны ұмыта қойған жоқ. Дегенмен, соңғы кезде «бес саусақ бірдей емес», рас, мұғалім туралы әртүрлі сыни пікірлер айтылып келді. Түптеп келгенде педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен  шегеленеді. Қасиетті Құранның өзінде де ,біздің мыңжылдық дәстүрімізде де  ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. «Педагог мәртебесі» туралы заңда ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Біз, ұстаздар қауымы, мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Себебі, мұғалім мәртебесі-қоғам мәртебесі. Мұғалім барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. 

-Ұстаз бен мұғалімнің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз? Бүгінгі жас мамандарға айтар кеңесіңіз?

— Мұғалім- ол дипломын қолына алып, енді ғана жұмысқа орналасқан маман. Оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге болуы керек. Мұғалім  шәкіртіне ғылым негіздерін игертуде өзі көп іздену қажет. Менің жас мұғалімдерге үнемі қайталап айтатын мынандай сөздерім бар, ол: « бойыңда кішілік болсын, кісілік өзі іздеп тауып алады». Әрбір сабағыңа кірердің алдында қазір балаларға не беремін деген қобалжу болу керек. Оқушыны жақсы көрген мұғалім ғана, жақсы ұстаз бола алады. Баланың бойындағы ағаттықты кешіретін жүректерің мейірімге толы болсын.          Ал, ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау-әр мұғалімнің борышы. Ол-өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Мектептегі ұстаз баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. 

– Сіздің шәкірттерді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатудағы, жас буынға дұрыс бағыт – бағдар беру жолындағы еңбегіңіз ұшан теңіз деп білеміз. Сіздің осы көп жылдық қызметіңізде есіңізде сақталып қалған, өзіңіз тәрбиелеген  ізбасарларыңыз бар ма? 

— Мұғалім  шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Адамның өзіне өзі өмір бойы қоятын және жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сондай сұрақтардың бірі -мен өзімнің білгенімді кімге үйреттім? Мұғалім жасына, лауазымына қарамай өмір бойы ізденетін адам. Басшылық қызметте өзімнің ізбасарларыма азды-көпті білгенімді үйреттім деп ойлаймын. Қазіргі кезде олар әртүрлі салада қызмет істеп жүр. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?Құрметті  ұстаздар сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға ұстаздар күні мерекесі құтты болсын. Шәкірттеріңіздің құрметі мен махабатына бөленіңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін. Мерекелеріңізбен! Мерейлеріңіз үстем болсын!

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған