Қалибек ДЕРІПСАЛДИН: Сәбит ағама алғысым шексіз!

Біздің Аманкелді ауданынан небір ақын-жазушы, әнші-жыршы, термеші, домбырашы, қобызшы, композитор, спортшылар көптеп шыққан. Солардың аты-жөнін тізбектемей-ақ, тек біреуіне тоқталғым келіп отыр.
Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, драматург Сәбит Досанов ағамыз.
1990 жылы Аманкелді ауданы басшыларының демеушілігімен өзім құрған «Торғай толқыны» ансамблімен Алматы қаласының Орталық концерт залында менің шығармашылық концертім өтті.
Осы концертімнің өтуіне Алматыда мұрындық болған Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, сол кездегі Республикалық шығармашылық орталығының бас директоры Сәбит Досанов ағамыз еді. Концертке Халық жазушылары Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қазақстанның Халық әртісі, ұстазым Әсет Бейсеуов, Ермағанбетов Молдағали әкемнің қызы республикаға белгілі сауда саласының қызметкері Ләйла Молдағалиқызы, Серікбай Оспанов, Бақыткерей Сқақов, Серік Тұрғынбеков сияқты элиталарды Сәбит ағам өзі жинап, үлкен көмек көрсетті. Концерт үлкен мағынада табысты өтті.
Сөйтіп, Сәбит ағамның арқасында Аманкелді ауданы көркемөнерпаздарының күшімен Қ. Әбенов атындағы мәдениет үйінің «Торғай толқыны» ансамблінің сүйемелдеуімен Орталық концерт залында өткен менің авторлық концертім зор табыспен елге оралды. Концертте Халық жазушысы Ғафу Қайырбеков, ұстазым көрнекті композитор Әсет Бейсеуов шығармашылығыма табыс тілеп, алғыстарын білдірді. «Торғай толқыны» ансамблі Сәбит ағамыз басқаратын Республикалық шығармашылық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Екіншіден, Сәбит ағамыз Тобыл-Торғай топырағының біртуар ұлдарының бірі, Қазақстан жазушылар одағының және журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын-жазушы, менің 10 жыл бірге оқыған сыныптас-парталасым Хамитбек Мұсабаевқа да жасаған ағалық, ұстаздық қамқорлығы ерекше еді.
Міне, биыл 2020 жылы Сәбит ағамыз асқаралы 80 жасқа толып отыр. Қазақстан басшылары Алматыда мерейтойын дүрілдетіп өткізді. Енді міне, өзінің туған жері Батпаққара-Байғабылға келіп, елімен, халқымен қауышуда.
Ендігі тілерім, Сәбит ағамыздың денсаулығы жақсы болып, Құралай Ақжеңгем екеуі толағай табысқа, қуанышқа кенеле берсін.

Қалибек Деріпсалдин ,
Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі,
Қостанай облысы «Аманкелді ауданының құрметті азаматы» және «Қостанай қаласының құрметті азаматы»,
Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.