Суретші Боз Кенжеахметов қазақи үлгідегі креативті құрылыс жобаларын ұсынады

Кез келген ұлттың өзіндік сәулет өнері болады. Қандай ұлт болмасын, сәулет өнерін қалыптастырарда  құрылысты жобалап, оған ұлттық көркемдік бейне беруге тырысады. Қазіргі  Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарын  жапон сәулетшісі Кишо Курокава жасады. Астана символы – Бәйтерек Норман Фостердің қолтаңбасы. «Бейбітшілік пен келісім сарайы» мен «Хан шатыр» ғимараттарының бірегей сәулеттік жобалары итальяндық Манфреди Николеттидің туындылары. Бұл ғимараттар  азиялық стильде салынды.  Күрт өскен бас қаламыздың құрылысын кім салмады? Әр кірпішінде мыңдаған құрылысшының қолының ізі жатыр. Ал енді ұлттың ұлы қасиетін айғақтайтын  ғимараттар бізде көп емес.  «Ханшатыр» ойын сауық орталығы «Гиннес рекордтар кітабына» енгенімен, ұлтттық нақыштағы құрылыс нысандары жоқтың қасы. Сонымен қатар,  көзге қораш көрінетін ескерткіштер те кездесіп жатады. Мысалы, астындағы атты үлкен етіп, үстіндегі аттың белін қайыстыратын алып денелі батырды кішірейтіп қойғанын көріп күйінгенім бар…  Осы сияқты ескерткіштерді көрген сайын, «өмірімізге сұлулық сыйлайтын суретшілер осыны көрмей қайда жүр?»  деген ойға қаласың. Бірақ бізде суретшілер жоқ емес, баршылық. Тек оларға қолдау аз. Әйтпесе қазақ суретшісі картинасын қазақша салып, қазаққа жаны ашитыны  анық қой.

Жақында Семейдің Абай ауданындағы  жерге салынған домбыраға байланысты дау туындады. Осыдан кейін-ақ, өнерге деген біздің талғамымыздың тым төмендеп кеткенін білуге болады.

Ауданымыздан шыққан талантты суретшілер мен мүсіншілер баршылық.

Соның бірі –  Боз Кенжеахметов. Мен бұл кісінің туындыларымен де, өзімен де кездейсоқ  фейсбук  бетінде  таныстым.

Таныса отырып, ол кісінің жай ғана суретші емес, композиция,  сәулетті көрініс,  графика сынды сурет өнерінің қыр-сырын меңгерген сауатты да, өзіндік орны бар суретші екенін бағамдадым.

Боз ағамыздан «өзіңіз туралы айтып беріңіз» дегенде, «Мен Аманкелді ауданының, Байғабыл ауылынанмын. Арқалық пен Астанада ғана қызмет еттім. Туған ауданыма түк пайдам тиген жоқ. Егер біреулер күбі киоск істетемін деп жатса, жобамды ұсынамын» деп жауап берді.

Суретшілер қауымы әншілер мен әртістер сияқты емес, тыныштықты қалап тұратын,  көп сөйлегенді, жариялылықты жақтыра бермейтін, жасандылық пен бос мақтанды жаны сүймейтін   бұйығы жатқан өнер иелері ғой. Боз ағамыздың қысқа қайырғанынан-ақ, жүрек түкпіріндегі сырын тек сурет әлеміне сыйғыза білетін  суретшіге ғана  тән қасиет деп айтар едім. 

Суретші бұдан тоғыз жыл бұрын, 2011 жылы  Арқа төсіндегі астанамызға өз үлесін қоспақ болып, ұзақ жылғы тәжіриебиесінің нәтижесінде  3 қабатты  «Алтын бесік» кешенін жобалайды. «Алтын бесік» кешені жобасына суретшілер қауымы, басқа да адамдар  сүйсініп, жоғары баға береді. Алайда Боз Жеңісбекұлы  жобаны іске асыру үшін қаншама құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған. Қаржы жағы  қолбайлау болып, инвестор табылмаған. 

Суретшінің  «Алтын бесік» кешені суретіне қарап, өте керемет тың идеядан туындаған жоба екенін көресіздер. Мысалы «Мега», «Азия парк» сынды  ойын сауық орталықтары Есілдің сол жағалауында ойып тұрып орын алған.  «Осылардың орнына  «Алтын бесік» кешенін салғанда қатып кетер ме еді, шіркін?!» деп ойлайсың. Еуропалық стилді қазақы стильге ауыстырып, елорданың төрінде алтын бесік тербеліп тұрса, ғажап көрініс емес пе?  Көпшіліктің көңілінен шыққан ағамыздың өзіндік қолтанбасы бар бұл жобалары  бір күні жүзеге асатынына өз басым  сенемін.

Ия, Боз Кенжеахметов  сурет салып қана қоймайды, жарнама, көркем безендіру, плакат өнерін дамыту ісімен айналысады. Жарнамадағы жазулардың сауатты әрі  қазақша жазылуына да  айрықша мән береді. Мысалы, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы жарнамадағы қателерді жою үшін, оны жасаушылар арасында «Үздік жарнама» байқауын өткізген. Осы байқаудың қорытындысы бойынша  Боз Кенжеахметұлы бірінші орынды иеленген екен.  

Суретші өзі айтқандай «туған жеріне түк пайдасы тимесе де», сурет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, «өнерде шекара болмайтынын» дәлелдеп, ұлттық мүддеге қызмет етіп жүрген талантты суретші.   Сонымен қатар, ағамыз қоғамда болып жатқан өзгерістерге  бей-жай қарап өмір сүре алмайтынын білдіріп, «Бес қызғалдақ, бес жұлдыз», «Жемқорлық»  сынды мәні бар суреттер  салып, халыққа ой тастап отырады. Төменде ағамыздың  құрылыс жобалары мен суреттерін беріп отырмыз.

А. МҰСАБАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласы

СУРЕТТЕРДЕ: БОЗ КЕНЖЕАХМЕТОВ НЕМЕРЕСІМЕН  және «Алтын бесік кешені мен  Күбі сауда нұктесі жобасы және сәнді киіз  үй понорамасы 

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.