Жергілікті кәсіпкер Құмкешуде қымызхана ашты

«Жал құйрығы қанат, төрт тұяғы болат, мінсең көлік, сүті сусын, еті ем»,- деп жылқы малының артықшылығын білген бабаларымыздың бүгінгі бал қымызы мақаламызға арқау болмақ.

Қымыздың құндылығын білмейтін, әрі оны сүйсініп ішпейтін қара қазақ кемде-кем. Сөзімнің дәлелі бүгінгі күнде қымызға деген сұраныстың жоғарылығы мен жылдан жылға қымызды кәсіп еткен азаматтарымыздың кең етек жаюы.

Сондай ұлттық құндылығымызды кәсіпке айналдырып, бүгінде Торғай-Амангелді тұрғындарын бал қымызымен қуантып отырған Құмкешу ауылының тұрғыны – Сейілханов Нұржан Бақытұлы.

Былтырғы жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында үкіметтен 3 600 000  теңге көлемінде несие алып, жылқы кәсібін қолға алған ол, бүгінде қымызхана ашып, кәсібін кеңейтіп отырған жайы бар. Арқалық-Торғай тас жолының бойында орналасқан Нұржанның қымызханасы шөлдеген жолаушының шөлін басып қана қоймай, бұқпа, бауырсақ, кәуап сынды ыстық тамақтармен де келген қонақтарды ерекше ілтипатпен қарсы алады.

Кешкі мал-жайды жайғастырып болған ауыл тұрғындары да, отбасыларымен қымызханаға келіп, дәм татып кетеді. Бұл әрине ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш.

Қымызхана иесі Нұржан  келген қонақтардың  күніне 70-100 литр шамасында қымыз ішетінін айтады. Бұның өзі жоғарыдағы сөзіме айқын дәлел болып отырғаны сөзсіз.

Құмкешу ауылы тұрғындарының қолынан шыққан осынау ішсең дертіңе шипа, бойыңа қуат берер бал қымыз, барша өңір тұрғындарының таңдайынан кетпей, келер қонақтардың  қарасы көбейе берсін деген тілектеміз.

Күнжамал СЕРІКҚЫЗЫ

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.