Ұлттық кодымызды танытуда: ұлттық спорт ойындарының ықпалы зор екені рас

(немесе жазылған жайға пікір қосу)

Аудандық «Аманкелді арайы» газетінің таяудағы нөміріндегі Альберт Мүрсәлімов пен Айтмұханбет Сейдахметовтің «Ұлттық спорт – ұлтымыздың болашақ бренді» деген мақаласы айтылған мәселелерге үн қосып, өзіміздің туған ауданымызда ұлттық спорт түрлерін одан да әрі дамытудың түйіткілдеріне ой-пікір қосуға жетелегендей…
Ертеден-ақ келе жатқан үрдіс емес пе: қандай да бір игілікті, оңтайлы шаруа ең басында оны жақсылап тұрып, жан-жақты ойластырудан басталатыны белгілі. Ойды ой қозғайды. Біртіндеп бірінен кейін бірі туындайды. Сосын оларды қорытып, басын қосып, нақты жоспарын жасау – істің басы болмақ. Саралап-салмақтап, оларды жүзеге асыратын жауапты, сол істен хабары бар адамдарға тапсыру және оны орындаудың әдіс-амалдарын көрсетіп, нақты мерзімін белгілеу – бұл қалыптасқан ереже. Ең басты қойылар талап: сіздің сол тың ой-жоспарыңыз, қалың көпшіліктің мұң-мұқтажына сай, заман-кезең сұранысын өтейтіндей бастама болса – қуана беріңіз! Демек, ұсынысыңыз бен іс-амалыңыз, қалың көпшілікті айтпағанның өзінде, тіпті, әлдеқалай жекелеген бірер адамдардың арасында, салған жерден: «ей, бір қияли идея-план ғой немесе шығар?…» деген баға алмауы шарт.
Өздеріңіз де байқап отырғандай, күллі жер-жаһан біздің көз алдымызда өзгеруде. ..Сол елдермен қатар біздің де өзгеруіміз үшін өз-өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы – жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіруіміздің міндеті тұр. Ал, жаңғырған қоғам тарихының тереңнен бас¬тау алатын рухани коды болатынына, өкінішке орай, барша халқымыз әлі де толық мән бермей келеді. Сондықтан жаңғырудың ең басты шарты – кез келген әлем халықтарының қазақты басқа ұлттан бірден ажыратып-танитын ұлттық кодымызды сақтау екенін әлі де халқымызға жалықпай, жан-жақты түсіндіре беру – көзі қарақты азаматтар, біздің төл міндетіміз болуға тиіс! Осы айтқандарымызға бірден-бір мысал болар – қос автор: А.Мүрсәлімов пен А.Сейдахметов ауданымызда ат спорты мен басқа да ұлттық спорт түрлерінің кешегі-бүгінгі қол жеткен табыстарына едеуір оң баға бере келіп, алдағы міндеттерге тоқталыпты. Бұдан былайғы ұсыныстары да құптарлық. Оларды бізге ешкім де сырттан келіп істеп бермейді! Яғни, өзіміз – бәріміз болып «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол, бір ауыздан сөз шығарып» жүзеге асыруымыз керек! Істегісі келмеген адамға проблема, кедергі, қаржылық қолбайлау, т.т.с. жетіп-артылады?!
Біз екеуміздің, қазір туған жер кіндігінен алысырақта болғандығымыздан, әңгімеміз барысында елдегі кейбір сәттерді тап басып-айта алмауымыз мүмкін?! Алайда, сол ауданның 70-2000 жылдар аралығында көптеген қол жеткізген табыстары мен кезінде қандай дәстүрлі мүмкіндіктері мен резервтері барлығынан, Аманкелді аймағы халқының жақсы іс-бастаманы іліп-алып, жерге түсірмей, жолда қалдырмай, қолдаушылық көрсететін мінез-құлқының өміршеңдігіне кінәратсыз сенеміз, әрі терең бағалаймыз! Соған сүйеніп, қозғалған іс-шаруалар бойынша бірер ой-пікір, ұсынысымызды айтсақ дейміз:Ауданда Ұлттық спорт ойындарының жалпы республикамызда кең тараған түрлері: «Қазақ күресі», тоғызқұмалақ, асық ату, ат спорттары: көкпар, аударыспақ, бәйге, қыз қуу сияқты көне заманнан осы кезге дейін халықпен бірге жасасып келе жатқан, қызықтауға келгенде: жанкүйерлердің «ішкен асын жерге қоятын» түрлері бойынша ауданымызда дербес, қоғамдық негізде «Ұлттық спорт ойындары бойынша білгірлердің кеңесші-атқару алқасын» құру – оңды шешім болар еді?! Оның құрамында: тізімге енгізілген Ұлттық спорт түрлерінің әрқайсысы бойынша – бір-бір білікті, қажыр-қайратты, сауатты өкілдерінің болуы шарт. Соған сай аудан тұрғындарына есімдері белгілі-сайыпқыран, көпке танымал, өздері де осы спортты қолдарынан өткізген, іс-тәжірибелері бар ауылдастарымыз, мысалы: Жанділдин Сағидолла, Бейсенғалиев Ғалымжан, Әбдіхалықов Нұрлыбек, Көкішев Тайбур, Махатов Жеңіс, Нұрғожин Балға сияқты ұлттық спорт түрлеріне жаны мен тәні жақын азаматтарды енгізсе – қолға алған жауапты істің алға басып, ойдағыдай өркендеуіне жаңа серпін берері сөзсіз.

  • Әрбір жаңа жұмыс жылының басында ағымдағы жылдың мәдени-көпшілік Іс-шараларын жасап-бекіткенде қандай жиын-тойда, даталы-дәстүрлі және жалпыхалықтық мерекелерде ұлттық спорт жарыстарының қай түрінен байқау-бәйге, күш пен бақ сынасу болатынын нақты белгілеу керек. Сонда халық күнілгері біліп-хабардар болып жүреді. Мүмкіндік болса – бірде-бір жиын-тойдың ұлттық спорт ойындарынсыз өтпеуіне қол жеткізу қажет. Сонда олардың ел дағдысына айналып, өміршең-берік қалыптасуына жол ашылады.
    Қазіргі ауданның әкімі Ә.Б.Асановтың аудан басқарудағы әдіс-тәсіліне, осы күнге дейінгі қызметіндегі халықпен, ел азаматтарымен бірлесе-қоянқолтық жұмыс істеуінің нәтижесіндегі жетістіктеріне ел риза болып отырады. Ондай хабарды БАҚ-нан да біліп отырмыз. Жауапты қызметке келгеннен бері үлкендердің – батасын, халықтың алғысын арқалап жүр! – деп естиміз. Әруақ-Құдай қолдады деген осы болар?! Жоғарғы басшылық, келесі бір үлкен қызметке алып кеткенше – аудан көлеміндегі ойға алған жоспар-жобаларын толықтай жүзеге асырып кетуіне тілектеспіз! Халықтың өтініш-тілегі мен ұсыныстары жерде қалмаса игі! Соған сай соңыңда айтып отыруға лайық белгі-із қалатынына ауыл-аймақ сенімді! Бәсекелес-нарықтық заманда басқалардың ісінде не шаруамыз бар, Батыр атамыз атындағы ауданның осылай өсіп-өркендеп, дамуы бүгінгі кезеңде өзіне бек жарасады! Өйткені, сонау екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, есін жиған ауданымыздың еңбеккерлері, 60-жылдардан бастап-ақ өзінің алдына тек осындай ұстанымды серік етіп келеді!
    Біз 15 Еңбек Ері шыққан Елдің ұрпақтары емеспіз бе?! Кез келген тың, пайдалы, өмір-заман көшіне лайық бастама-жоспарды жүзеге асырмай – тыным таппайтын аймақ азаматтарының – елді ұйымдастырып, көшті одан әрі үйлесімді жалғастыратындары анық! Соған сай өмір үлгілері мен тұрмыс-тіршілік іс-амалдарын игере алатындықтарын айтқанда – жақынның да жаттың да тілектестік пайымына нық сенімдіміз!

Әбдіқадыр Әбдірайымұлы,

Әбжан Серікбай,
аудан түлектері-зейнеткерлер.

Recommended For You

About the Author: Syntas

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған